Талқылау қорытындыланды

Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов Елбасының Үндеуін жалпыхалықтық талқылаудан кейінгі қорытындылауға арналған республикалық бірыңғай күн аясындағы жиынға қатысып, «Алтын шаңырақ» облыстық байқауының қатысушыларын марапаттады.

 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ағымдағы жылдың 26 қаңтарында жариялаған конституциялық реформалар енгізу туралы Үндеуі жалпыхалықтық талқылаудың нәтижесінде қолдау тауып, бірқатар конституциялық заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізілген еді. Талқылау барысында жұртшылық тарапынан 6 мыңнан астам ұсыныс түсті. Облыс әкімінің орынбасары біздің облыста Үндеуді талқылап, насихаттау жұмыстарының белсенді жүргізілгендігін атап өтті.

Талқылауға арналған жиынға қатысқан Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының хатшысы Марал Жақыпова, қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанындағы ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы Ардақ Қапышев, медиатор, отставкадағы судья Ғайша Сыздықова конституциялық өзгертулерге қатысты өздерінің көзқарастары мен ойларын ортаға салып, мұның барлығы үшінші жаңғырту жолындағы қадамдар екендігін нақты мысалдарымен айтты.
Жиынның соңында Ақмола ассамблеясының журналистер арасында ұйымдастырған «Алтын шаңырақ» облыстық байқауының қорытындылары шығарылды. Достық пен келісімді, бейбітшілік пен ұлтаралық сыйластықты насихаттайтын үздік материалдар, мақалалар жазып, фотосуреттер жариялаған тілшілердің жұмыстарын қорытындылауға арналған бұл байқау жыл сайын өткізіліп келеді. Үздік деп танылғандар қатарында облыстық «Арқа ажары» газетінің шолушысы, журналист Ырысгүл Темірханованың болғаны біз үшін үлкен мерей. Марапатталушылар қатарында «Казахстанская правда» газетінің Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі Шыңғыс Тәшенов, облыстық «Акмолинская правда» газетінің тілшісі Александра Мякота, фототілшілері Ермұрат Досымов пен Әйбек Данияров, қалалық «Көкшетау» газетінің тілшісі Гәкку Бәйішева, фототілшісі Вячеслав Губанов, «Степной маяк» газетінің тілшісі Марина Пушкарева, «Мобильная» газетінің бас редакторы Фатима Россолова, «Атбасар» аудандық газетінің тілшісі Темірбек Қасымжанов бар. Оларға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының грамоталары мен бағалы сыйлықтар табыс етті.    
«Менің отбасым – менің елімнің бір бөлшегі» атты жақында ғана жарық көрген альманахтың мақалаларын жазуға белсенді атсалысқан журналистер Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының хатшысы Марал Жақыпованың атынан Алғыс хаттармен марапатталды. Материалдарды сапалы және көркем дайындап берген «Акмолинская правда» газетінің тілшілері Нина Митчинова, Александра Мякота, Аэлита Таева және жоғарыда атап өткен орыс тілді газеттердің тілшілеріне ұйымдастырушылар алғыстарын білдірді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар