Тар қапаста туған бала

Бүгінгі Целиноград ауданының орталығы  – Ақмол ауылының орнында бір кезде қуғын-сүргінге ұшырап, «Отанын сатқан» деп айыпталғандардың әйелдеріне арналған лагерь болғандығы белгілі. Қазір мұнда жазықсыз жапа шеккендерге арналған үлкен мемориалдық кешен орналасқан. Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен ойдан шығарылған айыппен аталмыш лагерьге әкелінген әйелдердің көрген азаптарын айтып жеткізудің өзі қиын.

Көршісіне күдікпен қарап, ұнамаған адамның үстінен «домалақ арыз» жазу әдетке айналған сол бір заманда талай адамның тағдыры талқандалып, елім деген талай ерлер түрмеге тоғытылғандығы тарихтан белгілі. Рас, бүгінде оның бәрі тарих қойнауында қалды. Алайда, жазықсыз жапа шеккендерді ұмытпай, оларға тағзым ету бүгінгі ұрпақтың борышы болса керек.
Әрине, содан бері көп уақыт өткендіктен лагерьдің азабынан өткендердің барлығы дерлік о дүниелік болып кетті. Дегенмен, оларды еске алатын ұрпақтары бар. Солардың бірі – осы Ақмола лагерінде дүниеге келген Александр Серікбайұлы Тайғарынов. Секеңнің анасы Ефросия Яковлевна сонау Донбаста «халық жауының әйелі» ретінде «үштіктің» тырнағына ілініп, Ақмола лагерінде бес жыл отырған  екен. Партия қызметкері болған күйеуін де ойдан шығарылған жаламен түрмеге жапқан соң олардың үш баласын балалар үйіне тапсырған. Халық арасында «АЛЖИР» атауымен белгілі болған осы лагерьде Ефросия Яковлевна бес жыл азап шеккен. Дегенмен, рухы мықты болғандықтан болашаққа сеніммен қарап, адам төзгісіз қиындықтарға шыдаған ол мерзімі бітіп бостандыққа шықты. Азапты жылдары ара-тұра күзетші солдаттарға байқатпай көмек қолдарын созған жергілікті тұрғындарды қимады ма, әлде сонау Украинаға қайтып баруға жүрегі дауаламады ма, әйтеуір Ефросия Яковлевна да барар жер, басар тауы қалмаған басқа да кейбір сотталғандармен бірге  осы жерде тұрақтап қалған екен. Бір назар аударарлығы олардың бәрі сол жабылып қалған лагерь барактарында тұрған. Осы арада тұрмыс құрып, кейіннен, атап айтқанда 1945 жылы сол барактардың бірінде ұлы Александр дүниеге келді. Оның балалық шағы да сол лагерьден қалған барактардың айналасында өтті.
– Әлі есімде, саман кірпіштен салынған ұзын барактар екі қатар болып тұратын, – дейді Александар Серікбайұлы. – Сол барактардың айналасында ойнап жүруші едім. Анамның айтуынша бас еркінен айырылған азапты жылдарда әр баракта 350-360 адам тұратындықтан оның ішінде ауа жетіспейді екен. Ондағы иістің адам шыдатпайтындығы соншалық, лагерьді күзетушілердің өздері сотталғандарды кешке санау үшін баракка кіруге жеркеніп, тұтқындардың біріне тапсырады екен. Әрине, анам маған онда көрген азаптарының бәрін айта бермейтін. Бірақ, өзімен бірге болған әйелдермен отырып әңгімелескендерінен-ақ талай жайға қанықтым. Лагерь жабылған соң  тұтқындардың біразы осы жерде тұрақтап, сол барактарды мекен қылған. Менің анам да осы ауылда қалған. Кейіннен мен дүниеге келдім, анамның да өмірге деген құштарлығы артқан болар, ел қатарлы өмір сүре бастадық. Мұнда Ресейден күшпен көшірілгендер, тың және тыңайған жерлерді игеруге келгендер тұрақтап қалды.
Бүгінде Алжирді еске түсіретін барактардың бәрі бұзылған. Сол кезде монша болған ғимаратта қазір электр стансасы орналасса, тұтқындарды санап, тексеретін ғимарат жеке меншік үйге айналған. Сондай-ақ, сол тұтқындар отырғызған ағаштар бүгінде шағын тоғайға айналған.  Ал, ең бастысы – қуғын-сүргінге ұшырағандарға арналып арнайы салынған «Алжир» мұражайы сол бір қаһарлы жылдардан сыр шертіп тұр. Бүгінде Алжирде дүниеге келген Александр Серікбайұлы Ақмол ауылындағы жастарға үлгі болар абзал ақсақалдардың бірі.
– Өткен ғасырдың 30-40 жылдары орын алған көптеген сұмдықтардың шет жағасын көрдік қой, – дейді Секең. –Ендігі арманым, бүгінгі жастар мен болашақ ұрпақтың ондай жантүршігерлік жайларды көрмеуі. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші жазықсыз жапа шеккендерді, еліміздің өркендеуі жолында жандарын қиған ерлерді әрдайым еске алып, тағзым ету бәріміздің борышымыз. Бұл орайда, әсіресе, сол лагерьдің орнында қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске сақтау үшін үлкен мемориалды кешен салынғандығы өткен тарихты саралай отырып, одан сабақ алу керек екендігін айғақтайды. Ал, ең бастысы,  бұл жазықсыз жапа шеккендерге тағзым, олардың рухтарына бас ию.
 
Талғат БАҚТЫБЕКҰЛЫ.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар