Тарих қойнауына кетіп бара жатқан өткен жыл туралы не айтар едіңіз? Жаңа жылдан қандай жақсылық күтесіз?

Әнуарбек ШУЛГАУОВ,
Бурабай курорты стансасы рельспен дәнекерлеу кәсіпорнының  директоры
1. Қас қағым сәтте-ақ  2016 жыл өте шықты. Біздің зауыт үшін бұл жыл табысты әрі бірқатар жаңалықтарға толы сәтті жыл болды. Бірнеше жылдан бері Бурабай рельс дәнекерлеу кәсіпорны ұзын рельстерді дәнекерлеу жұмыстарымен айналысып келеді. Зауыт жұмысшылары 25, 70, 100, 120 метрлік жаңа рельстерді реттеп, орналастыру, ескі рельстерді жөндеп, қайта қалпына келтіру, салалау, рельс дәнекерлейтін өздігінен жүретін машиналардың жолдарын қалпына келтіру секілді жұмыстарды жүзеге асырады. «Темір де тозады» демекші, рельстердің кейбір тозығы жеткен тұстары, әсіресе, ұштарын балқытып қаптастыру, қосылатын жерлерін дәнекерлеу, пойыз бағытын ауыс-тыратын рельстердің айқастырмаларын балқытып қаптастыру жұмыстарын да істейді. Негізгі жұмыстармен қоса зауыт темір жолдың жоғары қабатының құрылыстары үшін материалдар әзірлейді, атап айтқанда, рамалы, пішінді, ауысатын аралық рельстерді және рельстерді қосатын тетіктерді дайындап шығарады.  2016 жылы Ақтөбе қаласындағы рельс балқыту зауытынан жаңа рельстер әкелініп, шойын жолдың бірталай кем-кетігін жойып, жаңарттық.  Биыл ескі рельстерді жөндеу жұмыстары бойынша да бірқатар жұмыс атқарылды. 18,453 шақырым рельс өрімдері жөнделді. Сол сияқты теңестіретін рельстер бойынша біраз нәтижелерге қол жеткізілді. Темір жол өрімдері блок-учаскелерге дейін ұзарту және теңестіру құралдарынсыз біртіндеп ауыстыру бойынша дәнекерленді.  Жоспар 101 пайыз артығымен орындалды.   
2.  Өткен жылға өкпе жоқ, алдағы жылдан күтеріміз мол. Келе жатқан 2017 жылда Ақтөбе рельс балқыту зауытынан 120 метрлік рельстерді тасымалдау үшін арнайы көпқабатты  платформалар сатып алуды негізгі жоспарға белгілеп отырмыз. Сонымен бірге, 210 шақырымдай жолға жаңа рельстерді орналастырып, дәнекерлеу мен 50 шақырым ескі рельстерді жөндеу міндеті алға қойылып отыр. Жыл жемісті болсын!

 

 

 

Амангелді ОРАЗАЛИН,
Сандықтау ауданындағы «Байдалы» ЖШС-інің директоры, еңбек ардагері
1. Несібесін жерден іздеген диқан үшін ең басты табыс – ала жаздай істеген жұмысы далаға кетпей, сепкен дәнінен мол өнім алып, қамбасын астыққа толтыру екендігі белгілі. Осы орайда, биылғы жылы еңбегіміз өтелді деп айтуға толық негіз бар. Биыл көктемде 18200 гектар алқапқа егін ексек, оның 13500 гектары дәнді  дақылдар,  4600 гектар жерге майлы дақылдар егілді. Биыл жаздағы мол жауын егін шығымдылығына жақсы әсер етті. Дәнді дақылдардың гектар түсімі 17  центнерден айналса, гектарына 12 центнерден майлы дақыл жинадық. Жүзден астам адамды еңбекпен қамтып отырған серіктестік егіншілікпен қоса мал шаруашылығымен де айналысады. 500 бас жылқы, 600-дей қой бар. Веселый ауылында наубайханамыз жұмыс істейді. Тәулігіне 400 бөлке нан пісіретін наубайхана  ауыл тұрғындарын арзан нанмен толықтай қамтамасыз етіп отыр. Дүкен, дәмхана және мал соятын орынды да серіктестік өз қаржысына ұстап отыр. Ауылдағы мектеп, дәрігерлік амбулатория, клуб сияқты әлеуметтік-мәдени нысандарды ұстауға да демеушілік көмек көрсетіп тұрамыз. Бір сөзбен айтқанда, серіктестік қазіргі күні ауылдың асыраушысы болып отырған жайы бар.
2.  Қазақ «Ескі жылда есірке, жаңа жылда жарылқа» дейді. Жаңа жылдан күтер үмітіміз аз емес. Ең алдымен, келесі жылы егіс алқабын біраз көбейтсек деген жоспарымыз бар. Сөйтіп, алдағы жылы  19500 гектар алқапқа егін екпекпіз. Оның 15500 гектары дәнді дақылдар болады. Бидайға қоса, арпа, сұлы да бар. Майлы дақылдар алқабын аздап қысқартпақпыз. 4000 гектар алқапқа майлы дақыл себеміз деп жоспарлап отырмыз. Ауа райының жағдайына тәуелді болып қалмас үшін агротехникалық шараларды қатаң сақтап, егін егудің озық технологиясын пайдалану қажеттігі түсінікті. Біз түгелдей ылғал үнемдегіш технологияға көштік. Сүдігер көтеру, пар жырту, қысқы қар тоқтату, көктемгі егіс алдындағы ылғал жабу сияқты жұмыстардың бәріне жете көңіл бөлінеді. Машина-трактор паркімізді жаңартуға да шама-шарқымызша әрдайым көңіл бөліп отырамыз. Алдағы жылда мал басын көбейтіп, оның тұқымын асылдандыру ісіне де көңіл бөлсек дейміз. Айта берсе, ойға алған жоспарымыз көп. Оның бәрін жүзеге асыру үшін аянбай тер төгіп, еңбек ету  қажет болатыны түсінікті. Ал, бізде өмірін еңбекпен өрген тәжірибелі мамандар аз емес. Біздің ең басты байлығымыз да – солар.

 

 

 

Ержан БИЕКЕНОВ,
 «Хамзе» шаруа қожалығының директоры, аудандық мәслихаттың депутаты
1. Мен үшін 2016 жыл сәтті жыл болды деп ойлаймын. Ауданымызда Елбасының бастамасымен қолға алынған түрлі бағдарламалар нәтижелі жүзеге асырылуда.
2016 жылы «Сириус» маркалы 12 жаңа комбайн алдым. Нәтижесінде биылғы күзде бидай мен арпаны ысырапсыз, қысқа мерзімде жинадық.  Гектар түсімі тиісінше 9 және 12 центнерден айналды.  Германияның Ганновер қаласында өткен «Euro Tier» халықаралық көрмеге Ақмола облысының аграршыларынан құрылған делегация құрамында мен де қатыстым. Бізді  симментал тұқымды сүтті сиырдың жыл он екі ай бойы қолда күтілуі ерекше қызықтырды. Жылына 10-12 мың литр сүт алады. Малды бос ұстайды.
Осы жолы неміс фермерлерімен симментал тұқымды сүтті мал сатып алуға келісіп қайттым. Биыл Новомарковка ауылының аумағында алдын ала арнаулы сүт кешенін салып қойдым.
2. Жаңа жылда «Аграрлық несие корпорациясына» 6 жылда өтеу мерзімімен 200 миллион теңге несие алуға өтініш берсем деймін.  Бизнес-жоспарымның қаржыландырылу ыңғайына қарай шетелдік асыл тұқымды малды алдыра бастаймын. Бір мезгілде 16 сиыр сауылатын «Елочка» сауын залынан бастап, бүкіл жабдығын сатып алуда жоспарымда бар. Жаңа фермада бастапқы кезеңде 10 шақты адам жұмыс істейтін болады.
Демек, 2017 жылдан күтерім мол. Жаңа жыл халқымызға бақыт, жақсылық әкелсін.
Ерейментау ауданы.

 

 

 

Б а х ы т г ү л Т Ө Л Е Г Е Н О ВА ,
Еркіншілік орт а мектебінің мұғалімі  1. Өткен мешін жылы бір оқушымыз Айдын Шөкен мектепті үздік аттестатпен тəмамдап, ерекше қуантты. Сонымен қатар, Рухия Бақытбек есімді шəкіртіміз республикалық «Журналист-2016» сайысында мақала жазудан үздіктер қатарынан көрініп, жүлделі үшінші орын алды. Таяуда Рухия облыс орталығында өткен «Туған табиғаттың поэзиясы немесе жас натуралистің естеліктері» облыстық сырттай байқауында да шығарма жазу сайысынан жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Шəкірттерімнің жеңісі мені əрқашан көкке көтереді. Жаңа жыл сайын  білім алушы жастардың жеңісі ортаймай, еселене түссе екен деген тілекте жүремін. Өзім қазақ тілі мен əдебиеті пəнінің мұғалімі ретінде оқушыларымның бойына елжандылық, отансүйгіштік сияқты адамгершілік қасиеттерді сіңіруге тырысудамын. Оларды жігерлі болуға тəрбиелейтін рухты өлең- жырларды жаттатқызып, əрбір бала жүрегінде өзінің тілге, ұлтқа деген құрметін арттыруды мақсат тұтып, сапалы білім, саналы тəрбие беруге барымды салып, осы салада отыз жыл еңбек етіп келемін. 2. Жаңа жыл – қашанда əр адамның жүрегіне жаңа үміттер мен аппақ армандар ұялататын сүйікті мерекеміздің бірі. Келер жыл Қазақ елі үшін берекелі, мерекелі жыл болғай. Əрбір қазақстандықтың денсаулығы күйлі-қуатты, бақыты баянды болсын. Алдағы жыл баршамызды тек оң өзгерістерімен, ұмытылмас сəттерімен, қызықты кездесулерімен қуантсын. Ортақ шаңырағымыздың келешегі жарқын болуын тілеймін.

 

 

 

Дулат ҚОСПАНОВ,
Қазақстан Республикасы көркемөнер Академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі
1.  Өткен жыл еліміз үшін, жеке өз басым үшін де толағай табыстарға толы жыл болды десем артық айтқандық емес. Кең көлемде аталып өтілген ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі аясында жылдың басында Ә.Қастеев атындағы Қазақстан мемлекеттік өнер музейінде ауқымды жоба қолға алынды. Тарихи тақырыпқа арналған кескіндемелік және мүсіндік шығармаларды сомдау үшін «Бабалар аңсаған Тәуелсіздік» атты ұлттық конкурс жарияланған болатын. Аталмыш байқауға мен де үлкен ізденіс, аса жауапкершілікпен дайындалдым. Суретімнің еліміздің тарихи дамуының кезеңдеріне көркемдік мән-мағына бергенін қалап, осыны басты мақсат тұттым. Осындай ыждаһатты еңбектің нәтижесінде «Жорық алдында…» атты туындымда Абылай хан мен Бұхар жырау, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, батыр Баян бейнеленген. Рецензиясын тарихшы, ғалым Қадыржан Әбуов жазды. Бұл туындым  республикалық  каталогқа еніп, таяуда Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында  Астанадағы  Ұлттық музейде өткен көрмеде көрініс тапты. Одан әрі бұл көрме Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде жалғасын табады деп жоспарлануда. Осының барлығы өткен жылдың жемісі деп білемін.
2. Жыл санап облыстың экономикасы өрлеп, әлеуеті артып отырғанына куәміз. Халықтың тұрмыс деңгейі көтерілді. Көпшіліктің соған орай рухани көзқарасы, мәдениеті, өнерді бағалай білетін қасиеті артқандығын байқаймыз. Бүгінде Ақмола облысындағы мәдени жетістіктер өзге өңірлерге үлгі боларлықтай. Жаңа 2017 жылы бұл жетістіктер еселене түсіп, ынтымағы мен ырысы жарасқан егеменді еліміз жасай берсін. «Арқа ажары» газеті арқылы барлық жерлестерімді  Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтап, әрбір адамның қолға алған ісі, ойлаған арман тілектері жүзеге асқан, асқақ абырой мен бақытты ғұмыр тілеймін.     

 

 

 

 

Руслан БАЙМУРЗИН, «Астана-Опера» мемлекеттік опера және балет театрының дирижері, Ақмола облыстық филармониясының дирижері
1. Еліміз тағы да бір жылды артқа тастап, енді бірер күннен кейін жаңа  2017 жылды қарсы алу сәтінде тұр. Өткен жыл бәріміз үшін жағымды жаңалықтарымен, әр саладағы нәтижелі көрсеткіштерімен  есте қалды десек артық айтқандық емес. Әсіресе, ел тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай әрбір елжанды азамат ел игілігі үшін барынша аянбай еңбек етті. Солардың қатарында мен де бармын. Өтіп бара жатқан 2016 жыл ақмолалық өнер адамдары үшін жаңалыққа толы берекелі жыл болды. Көптеген концерттер, мәні зор мәдени шаралар өтті, шетелге шығып, өз өнерімізді көрсету мүмкіндігіне де ие болдық. Өзім еңбек ететін Ақмола облыстық филармониясының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында  бірқатар айтулы шаралар өткізілді. «Көкшетау – тал бесігім» атты классикалық және халықтық музыка фестивалі мен филармонияның мерейтойына ұжым болып жан-жақты дайындалдық. Еңбегіміз зая кетпей, ел көңілінен шықты. Бұдан басқа бірнеше  тың жобаларды жүзеге асырдық. Өзімнің отбасымда да жақсы жаңалықтар көп болды. Екінші ұлым дүниеге келіп, қуанышымды еселей түсті.
2. Жаңа  2017  тауық  жылынан жаңа өзгерістер мен оң нәтижелер күтемін. Еліміз одан сайын өркендеп, алға баса берсін. Ең бастысы, әр отбасында тыныштық пен ынтымақ болып, бақ- берекеден жазбасын. Келер жылы мамыр айында облыс орталығында өзімнің шығармашылық кешімді өткізсем деп жоспарлап отырмын.  Әрбір адам өзінің еліне еңбегін сіңіргісі келеді ғой. Мен де туған еліме өз өнерімді паш етіп, өнерсүйер қауымға сұлу саз бен әуелеткен әуезден шашу тартсам деймін. Жаңа жыл бәрімізге құтты болсын!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар