Татар театры Көкшеде өнер көрсетті

«Ақмола облысының татарлары мен башқұрлары» қоғамдық бірлестігінің арнайы шақыруымен келген Буинск татар сатира театрының ұжымы көкшетаулық театрсүйер қауымды өз өнерлерімен тәнті етіп, бүгінгі күннің ащы шындығын зілді әзілдерімен сахналап, жұртшылықты толғандырды.

Облыстық орыс драма театрының сахнасында өнер көрсеткен ұжымның ұсынған қойылымдары Татарстан Республикасының театрларында сахналанып жүрген қазіргі заманның бет-бейнесін айшықтайтын туындылар. Татар тілінде қойылған «Кияүләр» музыкалық комедиясы, балаларға арналған «Доктор Айболит» қуыршақтар театры және жасөспірімдерге ұсынылған «За розовым туманом» қойылымдарының бірі қалың көрермендерді бірде қызыққа қарық қылса, енді бірде қалың ойдың жетегіне елітіп әкетті.
Адамзат тарихында әр ғасырдың өзінің қайғысы мен замана кеселдері орын алады. Әр дәуірдің азаматтары өзі өмір сүрген сол қоғамның қайғы-қасіретін, ұлтының болашағына балта шабатын кеселдерді сахна төрінде сомдап, көрерменін жақсылыққа, игілікке шақыратыны сөзсіз. Қазіргі ХХІ ғасырда дүниежүзінде замана кеселіне айналып отырған нашақорлық, жас аналардың іштен шыққан балаларын тастап кетуі, жетімдердің тағдыр талайы – біздің заманның өршіп бара жатқан айықпас дерттері. Осындағы «За розовым туманом» қойылымы – тағдыр талқысына түсіп, мына жалғанның ауыртпалықтарын көріп жүрген жетімдердің қиын жағдайлары суреттелген қойылым.
Облыста өнер көрсеткен Буинск мемлекеттік драма театры 2007 жылы Татарстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, көркемдік жетекшісі әрі директоры Раиль Садриевтің бастамасымен қолға алынып, содан бері жемісті еңбек етіп келеді. Бүгінде шығармашылық ұжымның репертуарында балалар мен ересектерге арналған 70-тен астам қойылым бар.
Бүгінгі таңда аталмыш театрда Азат Зарипов, Фирзар Муртазин, Ильсур Муртазин, Амина Шарафутдинова секілді Татарстан Республикасының танымал әртістері еңбектенуде. Жас әртістер ішінде Гульзада Камартдинова, Булат Гараев, Ильфир Султанов, Наиля Имангулова, Гульназ Гизатуллина, Ильяс Киньягулов, Рима Хамидуллина, Ирек Гайнетдинов, Аниса Сагеевалар өнерлерімен тамсандырды.
Татар театры ұжымының қойылымдары аяқталған соң, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марал Жақыпова, «Ақмола облысының татарлары мен башқұрлары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рафаил Сулькарнаев театрдың режиссері мен әртістеріне өздерінің ақ алғыстарын білдіріп, естелік сыйлықтар табыс етті.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *