Татьяна Немцан: «ЭКСПО»-да бақ сынаймыз»

Жаңа жыл қарсаңында қоршаған орта мен табиғи ресурстарға айрықша қамқорлық  танытып, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту мақсатында жасыл технологияларды қолданудың тиімділігін насихаттап келе жатқан «Ақбота» қоғамдық қорының директоры Татьяна Немцанмен біздің тілшіміз тілдескен болатын.

– Татьяна Николаевна, соныдан соқпақ салып жаңашыл істі бастауыңызға және осы бір ілкімді шаруаға ұжымыңызды жұмылдыруға не себеп болды?
– Жаңа заманның сұранысына толық жауап беретін мектеп ұжымының менеджменті шынтуайтында бизнес менеджментінен ешбір айырмасы жоқ. Оның түпкі негіздері бір деп айтуға болады. Әрине, білім ордасының жетекшісі ең алдымен алдына қойған мақсат-мұратын, оған жету жолдарын жаза баспай айқын белгілеп алу керек. Көп ретте, осы бір фактор дұрыс бағаланбайды да, бастаған іс нәтижесіз қалып жатады. Бәлкім, ілгері жылжу барысында жаңадан пайда болған тың ойлардың, үздік идеялардың негізінде алғашқы бағыт байытыла түсуі мүмкін. Біздің алғашқы мақсатымыз білім берудің тиімді әдістерін жетілдіру болатын. 2003 жылдан бері педагогикалық ұжымның бар күш-қуаты білім ошағының барлық инновациялық процестерді жетілдіруге жұмсалды. Жалпы сөз арасында ұжымдаса еңбек ету үлкен қажыр-қайратты талап ететіндігін екпін түсіріп айта кетуге тиіспін. Жалаң ұранмен жадағай ұмтылыс табысқа жеткізе бермейді. Біз өз жұмысымызды кезең-кезеңімен жүзеге асырдық. Бұл жерде де сәл таратып айта кету керек шығар. Алдымен, ісімізге қуат берген тәжірибесі мол білікті мұғалімдер. Екіншіден, бойларында жылт еткен жаңалыққа деген құмарлығы басым, жігер оты жалындап тұрған жастар. Міне, осы екі бірін-бірі толықтыратын, бірін-бірі байытатын арнаның ағысын бір жылғаға салып едік, ісіміз алға баса бастады. Сондай-ақ, ортақ мақсатқа жету жолында адамдарды қанаттандырып отыру, қызықтыру үлкен маңызға ие.
– Тиімді технологияны жүзеге асыру қашанда ауыр. Олай болатындығы бұрынғы ескі сүрлеуден пышақ кес-кендей біржола арылудың өзі оңайға соқпайды. Ескіден арыла алмай тұрып, жаңаға иек арту мүмкін емес. Осы орайда, тығырықтан шығу үшін қандай шаруа істедіңіздер?
– Әуелі әлеуметтік көшбасшылардың озық ойлы пікірлерін топтастырып, әбден електеп өткізіп, іске кірістік. Қазір жоба бойынша қыруар жұмыстар жүргізілуде. Оның ең бастысы «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне тыңғылықты дайындық жасау.
Айталық бүгінгі күні суды, жарықты, табиғи ресурстарды барынша тиімді пайдалану өте маңызды мәселеге айналып отыр. Жалғыз біз ғана емес, төрткүл дүние осы бір өзекті тақырыптарды електен өткізіп, тығырықтан шығар жол іздеуде. Міне сондықтан да, біз су мен жарықты үнемдеу үшін жаңа технологиялар жасап, шығара бастадық. Бұл технологиялар «жасыл технологиялар» деп аталады.  Қарапайым тілмен айтқанда экологиялық тазалықты сақтау үшін жасалынған өнім. Ілкімді істің нәтижесі де бірден көріне бастаған. Арнасай ауылында орналасқан әлеуметтік нысандарда суға, жарыққа, жылуға кететін шығындар азайды. Нақтылап айтатын болсақ, осындай құрал-жабдықтар орналасқан «Жасыл технология» халық академиясының» мекемелерінде жарыққа жұмсалатын шығын 75 пайызға, жылу мен суға жұмсалатын қаржы тиісінше 30 және 50 пайызға азайды.
– «Жасыл технология» халық академиясы» білімді тарату орталығында қанша технология бар?
– Өзіміздегі орта мектепте суға, жарыққа, жылуға шығындарды азайту үшін пайдаланып жатқан құрал-жабдықтардың арқасында 1,5 миллион теңге қаржы үнемделіп отыр. Академияның мекемелерінде түтінсіз жанатын пиролиз пеші жұмыс істейді. Ол көмірдің жануын 30 пайызға үнемдейді. Қазір біз «Богатырь» разрезінен әкелінетін көмірдің жануын 56 пайызға, Майқұдық көмірін 25 пайызға үнемдеп отырмыз. Бұл пеш өте тиімді. Соны көру үшін еліміздің жер-жерінен қызығушылық танытатындар ат ізін суытпай келіп жатыр. Сосын жарықдиодты шамдарымыз бар. Олар жарықты 75 пайызға үнемдейді. Мысалы, бізде 4 үлкен шам бар делік, солар қаншама энергияны үнемдеп отыр?! Басқа жерлерде кәдімгі 12 үлкен шам болса, олар сағатына 1 200 Вт пайдаланады екен. Ал, біз 4 жарықдиодты шаммен 120 Вт-ты пайдаланып келеміз. Сонда бір сағатта 520 Вт-қа аз төлейді екенбіз.
– Шалғайдағы шағын ауылда тұрып, жалпақ жұртқа тиімді осынша жаңа технологияларды ойлап шығару, қолданысқа енгізу марапатқа әбден лайық. Жаңа жыл қарсаңында отандастарыңызға қандай тілек айтар едіңіз?
– Өткен жыл табыссыз болған жоқ. Егер шындап ойласа, бар зейінін, ықыласын қойса, кез-келген білім ошағының шығармашылық қуаты, білімі мен білігі осындай істерге жетеді. Сондықтан, мен алдағы жаңа жылда еліміздің барша білім ошақтарында білім нәрімен сусындап жатқан жас ұрпақ елге пайдасы тиетін жаңалықтармен айналысып, жаңа технологияларды жасаса екен деймін. Бұл жалғыз білім ошағының ғана емес, тәуелсіздігіне аттай 25 жыл толып отырған еліміздің табысы болар еді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген
Ұлмекен ШАМЕНОВА.
Аршалы ауданы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *