Тау-тасын арқары, даласын маралы жайлаған

«Бұйратау»  табиғи саябағында  археологиялық мұралар да сақталған

Батысында Каспий теңізіне тіреліп, шығыста Тарбағатайға дейін созылған қазақтың кең сахарасында бетпақ дала да, топырағы құнарлы алқап та, жасыл желекті орман да кездесетіндігі белгілі. Осы ұшы-қиыры жоқ кең далада әсем табиғатымен, мұнартқан көгілдір тауларымен кімді болса да тамсандыра алатын ерекше аймақтар да аз емес.
Біздің Ақмола облысы аумағындағы мемлекеттің айрықша бақылауына алынған «Көкшетау», «Бурабай» ұлттық саябақтары мен Қорғалжын мемлекеттік қорығының хайуанаттар мен құстар әлемі, тостағандай төңкерілген көлдері көздің жауын алады. Ерейментау ауданындағы (бір бөлігі Қарағанды облысы аумағына жалғасып жатыр) «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы да осылардың қатарынан орын алады.

 

Қайталанбас әсем ландшафы, ғажайып экожүйесі, сирек кездесетін өсімдіктері мен хайуанаттары бүгіндері мемлекет қамқорлығына алынған «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы 2011 жылы құрылған. Барлығы 88,9 мың гектар жерді алып жатқан саябақ негізінен Ақмола облысының Ерейментау ауданы мен Қарағанды облысының Осакаровка ауданы аумағында орналасқан.
Жалпы, табиғи қалпында сақталған Ерейментау таулары солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай шамамен жүз шақырымға ұласып жатыр. Кезінде «…Көзіме бір көрінші Ерейментау…» деп Иманжүсіп әнге қосқан   ені 20-25 шақырымдай болатын бұл таулардың ең биік Ақдым шоқысына шыққан адам (900 метрден астам) жасыл желекке көмкерілген тау алқаптарын тамашалай алады. «Бұйратау» деген атау да күн бата бастағанда немесе күн шыққан сәтте тау жоталарының ирелеңдей созылып жататын    көрінісіне орай пайда болған деуге негіз бар. Бұл маңда сондай-ақ, жел мен судың әсерінен, ауа райының құбылмалы мінезінен пайда болған көптеген тас мүсіндер де таңқалдырады.
 Саябақ аумағында жиырма шақты шағын өзендер мен бұлақтар ағады. Маңайларын қамыс көмкерген Құмай, Қарасу, Қуаныш, Жартас, Ақмырза, Қарашат, Қарабай, Кегей, Жарсор, Байгүл және басқа да терең емес, шағын көлдер табиғат аясында демалуға өте қолайлы орындар. Ал, Сілеті мен Үленті өзені болса аққайран, шабақ, оңғақ, шортан, алабұға, тісшеге, нәлім, тұяқ және басқа балық түрлеріне бай болғандықтан, бұл ара балық аулаушылардан босамайды.
 Әрине, «Бұйратау» саябағының мақтанышы – тау арқарлары. Бүгінде өте сирек кездесетін бұл жануарларды сақтау мен көбейту саябақ мамандары мен қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі. Ауыр мүйізді, әрқашан бастарын тік ұстап, өздерін маңғаз сезінетін тау арқарлары ерекше қамқорлықтың арқасында бүгінде өздерін осы маңның иесі сезінетіндей жағдайға келді. Сондай-ақ, бұл саябақта маралдың да бірнеше түрі өсірілетіндігін ерекше атап өту керек. Ал, ХІХ ғасырдың аяғында осы өлкені мекен еткен бұғылар бейберекет аңшылықтың салдарынан және басқа да себептерге орай, мүлдем жойылып кеткен еді. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін 2002 жылы Алтайдан 38 бұғы әкелінсе, олардың саны бүгінде едәуір көбейді. Ал, Белодымовкадағы («Бұйратау» құрылғанша жеке табиғи қорық болған) марал өсіретін шаруашылық Орта Азиядағы ең ірі марал шаруашылығы саналады. Бұл жануарлар бүгінде 400 гектар алқапта емін-еркін жайылады. Енді осыған жабайы доңыз, түлкі, борсық, қоян сынды барлығы 45 түрлі аң мекендейтінін қоссақ, саябақтағы жануарлар әлемінің қаншалықты бай екендігін пайымдауға болады.
Бұл саябақтың өсімдіктер әлемі де өте бай. Мұндағы қайың мен терегі, қарағайы аралас орман алқабы әдемілігі көздің жауын алатын түрлі бәйшешек гүлдермен көмкерілген кең жазық даламен астасып жатыр. Осы алқаптардағы үш жүзге жуық өсімдіктің он жетісі сирек кездесетін шөптер екендігі де бұл өңірдің тағы бір ерекшелігін байқатып тұрса керек. Олардың төртеуі Қызыл кітапқа енгізілген. Сондай-ақ, бұл жерде жеміс-жидектермен қатар емдік шөптер де көптеп кездеседі. Мәселен, Кипарис тәріздес аршаның емдік қасиетін бұл өңірдің тұрғындары біледі. Тіпті, аңшылар оның жапырақтарын құс етінен сорпа пісіргенде пайдаланады екен.
Ал, саябақтағы құстарға келетін болсақ, оның орнитофаунасында құстың 227 түрі бар екен. Олардың да 13-і Қызыл кітапқа енгізілген. Кең байтақ жазық дала мен биік тауларда бүркіт пен қаршыға қалықтаса, тырналар мен аққулар да өз үйлесімін тапқан. Өзен-көлдер үйрек пен қаздың, қасқалдақтың қиқуына толы. Қысқаша айтқанда, құс базары да осында, «қансонарда бүркітші аңға шығатын» жер де осында.
Айтпақшы, «Бұйратау» саябағының тағы бір ерекшелігі оның археологиялық мұрасы. Мұндағы сонау қола дәуірден орта ғасырға дейінгі тас ескерткіштер, түрлі қорғандар мен тылсым замандағы елді мекендердің жұрты сақталған. Бұлардың бәрінің қойнауында ашылмаған талай сыр жатыр. Осыларды терең зерттеу арқылы қатпар-қатпар тарихтан, ата-бабаларымыздың көне замандағы тыныс-тірліктерінен көптеген мәліметтер алуға болады. Мұның бәрі әрине, археологтар мен тарихшылардың еншісіндегі шаруалар. Ендігі мәселе, желдің өтінен, жауын-шашынның әсерінен жермен-жексен болуға шақ қалған бұл ескерткіштерді ерекше қамқорлыққа алу. Бұл орайда, біраз іс қолға алынған сыңайлы. Мәселен, археологиялық-этнографиялық кешен негізінде ашық аспан астындағы ландшафт мұражайын жасау жоспарда бар екен. Тек, қаржы тапшылығын сылтау қылып бұл жұмыстарды тым кешеуілдетіп алмасақ болды.
Ал, әзірге осы бір әсем табиғатымызды демалушылар мен шетелдерден келетін экологиялық туризмге ден қойған қонақтарға дұрыс көрсете алуды қолға алу қажет-ақ.
– «Бұйратау»  мемлекеттік ұлттық саябағының Ерейментау филиалына басшы болып тағайындалғаныма екі жылдан жаңа асты, – дейді саябақ басшысы Талғат Сабырұлы Рахматуллин. – Қазірдің өзінде туристерге арналған бірнеше маршрут дайындадық. Сондай-ақ, оқушылардың жаз айларында демалулары үшін арнайы демалыс орнын ашу да жоспарда бар. Бұл орайда, әсіресе «Қарағайлы», «Жаушоқы» және «Белодымовка» бағыттары туристердің қызығушылықтарын тудырады деп сенеміз.
Әрине, мұның бәрі дұрыс. Дегенмен, әзірге облысымызда негізінен «Бурабай» мен «Қорғалжын» мемлекеттік қорығы ғана алдымен ауызға ілінетіндігін айта кетуіміз керек. «Бұйратау» кейіннен ашылғандықтан ба, әлде басқа да себептері бар ма, әйтеуір оған деген ерекше қамқорлық әзірге онша байқалмайды. Осы саябақтың бас жоспарының өзі де өткен жылы ғана бекітілген. Сондай-ақ, жол, арнайы көлік мәселесі де толық шешімін таппаған білікті мамандар жетіспейтіндігі тағы бар. Ал, бар мамандарды тұрғын үймен, басқа да жағдайлармен қамтамасыз ету де назардан тыс қалмауға тиіс. Республикамыздағы ең үздік жеті парк қатарынан орын алатын «Бұйратауға» баса назар аударған жөн деуге негіз бар.
Міне, осындай кейбір шешімі толық табыла қоймаған мәселелерге қарамастан «Бұйратау» саябағында, оның ішінде Ерейментау филиалында көптеген игі істер, соны бастамалар қолға алынды. Бұл орайда экология саласында, оның ішінде орман шаруашылығында жиырма жылдан астам еңбек еткен тәжірибелі маман, білікті басшы Талғат Рахматуллин мен оның орынбасары Талғат Орынбасаров бастаған ұжым жұмыстарын жандандырып, «Бұйратауды» ел мақтанышы деңгейіне көтеруге мол үлес қосады деп сенеміз.
 
   Талғат ҚАСЕН.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар