Тегін медициналық көмек алуға құқылы

2018 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың еліміздің азаматтарымен тең дәрежеде медициналық көмек алуға құқығы бар.

Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне енгізілген өзгертулерге сәйкес, еліміздің аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін республика азаматтарымен тең дәрежеде алуға құқылы. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 281 бұйрығымен бекітілген Азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту қағидаларына да өзгерістер мен толықтылулар енгізілгенін де айта кеткеніміз жөн. Осы қағидаларды оралмандарға, республика аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесіндегі медициналық көмек алуға құқығы бар азаматтарға қолдану көзделген.
Сөйтіп, Қазақстан Республикасында тұруға ықтияр хаты бар шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар МСАК ұйымдарына кедергісіз тіркелуге және медициналық қызметтерді алуға мүмкіндігі бар. Еске сала кетсек, МСАК ұйымдарына бекіту тұрақты немесе уақытша тұрғылықты, жұмыс істейтін, оқитын жері бойынша бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде дәрігерді, медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы негізінде жүзеге асырылады.
Егер заңдарда және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда басқаша жағдайлар қарастырылмаса, Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың айналасындағыларға қауіп төндіретін қатты аурулары болған кезде уәкілетті орган айқындайтын тізбеге сәйкес ТМККК алуларына құқықтары бар, яғни, жедел және шұғыл медициналық көмек бұл тұлғаларға тегін көрсетіледі.
Нұрлан АҚЫЛБЕКОВ,
«Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры» КЕАҚ Ақмола облысы бойынша филиалының директоры.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *