Тілсіз жаудың қасіреті көп

«Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің  жедел құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Дәулет Шамиғановтың басшылығымен  Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы өзен-көлдерде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және алдын алу шаралары өтті. Баспасөз туры Бурабай, Щучье және Кіші Шабақты көлдерін қамтыды. 

2017 жылдың маусымынан бастап облыстың су айдындарында 23 адам суға кеткен.  Олардың ішінде 9-ы кәмелетке толмаған жас балалар.  Биылғы жылдың маусым айында ғана 6 адамның ажалы судан болды. Олардың ішінде 4-еуі жасөспірім. Шілде айында 10 адам суға батқан, 2-еуі кәмелетке толмаған балалар. Қаза тапқандардың ең  кішісі он жаста. Тамыз айында 8 адам жазым болды. Олардың ішінде ең кішкентайы 3 жастағы ер бала. 2016 жылы 24 адам суға кетсе, олардың арасында 2-еуі кәмелетке толмаған балалар. Байқап отырғанымыздай, былтырғы жылмен салыстырғанда балалардың жазатайым жағдайда қайтыс болуы көп.
Құтқарушылардың айтуынша, адамдардың суға батуының негізгі себебі, суға түсуге  арналмаған орындарда шомылуы. Ата-аналардың балаларын қараусыз қалдыруы, ересектердің мас күйінде шомылуы және адамдар аз жерде суға түсу де маңызды факторлардың бірі болып отыр. Бұл туралы толығырақ «Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің  жедел құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Дәулет Шамиғанов баяндап берді:
− Біз негізінен жағажайлардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз. Бурабай көлінде 8 құтқарушы, Щучье көлінде 9 құтқарушы бар. Бүгінгі күні өзендер мен көлдерде дем алушыларымыз өте көп. Бірақ, кейбір азаматтарымыз суға шомылуға арналмаған жерлерде де шомылады. Ол жерлерде құтқарушылар жоқ. Сондықтан, біз судағы қауіпсіздікті сақтау мақсатымен  халық арасында үгіт-насихат жүргізіп жатырмыз.
Балалардың жазатайым жағдайда қайтыс болуы көбінесе ата-аналарының қараусыз қалдыруынан немесе абайсыздықтан болып жатады. Мәселен, таяуда тағы бір қайғылы оқиға орын алды. Атбасар ауданынан келген отбасы Зеренді өзенінде дем алмақ болады. Өзеннің жағалауына шатыр құрып, сол жерде қонады. Таңертең ата-аналары оянған кезде баланы өзеннің жағалауынан өлі күйінде  тапқан.
Щучье құтқару бөлімшесінің басшысы Владимир Маланин:
 − Біздің  құтқаруға арналған құрал-жабдықтарымыздың ішінде, катер, қайық, аквалангтар, костюмдер бар. Соңғы 3 жылдың ішінде біздің аймақта суға  ешкім кеткен жоқ. Біз Щучье өзенінің оңтүстік-батыс жағында орналасқанбыз. Қасымызда «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы мен «Марина» яхт-клубы бар. Биыл біз 38 адамның өмірін құтқарып қалдық. Бірде «Марина» клубынан бір адам суға құлап, батып бара жатты. Оның соңынан екінші адам секіріп құтқарып алмақ болды. Бізге хабар түскен кезде, суға құлаған адамның құтқару желетін кимегенін байқадым. Дегенмен, біздің құтқарушы тобымыз тез әрекет жасады. Сонымен қатар, үрлемелі матрас үстінде жатып, жел соққанда  суға батып бара жатқан баланы  да осы маусымда құтқарып қалдық. Барлық құтқарушылардың бір ауыздан айтқаны, үрлемелі матрастарға сенім жоқтығы. Біріншіден, жел соққанда аударылып қалады. Екіншіден, олар жарылып кетуі мүмкін. Сондықтан, суда жүзуді білмейтін адамдарға  ең тиімдісі – қауіпсіздік костюмдерін кию.
Кіші Шабақты өзені Щучинск-Бурабай курорттық зонасында орналасқан 6 үлкен өзендердің бірі. Премьер-Министр таяудағы сапарында туристік кластердің дамуы туралы айта келе Ақылбай ауылының маңындағы Кіші Шабақты өзенін  де атап өткен еді. Болашақта бұл жерде де жедел құтқару жасағы құрылады деп жоспарлануда. Қазір Кіші Шабақты өзенінде 3 құтқарушыдан тұратын мобильді пост бар. Бұл өзен «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қарамағында. Биылғы жылдың басында бұл жерде туристік кластерді дамыту мақсатымен жалға алу ұсынылды. Алайда, жақын маңайда электр қуаты, су болмағандықтан жалға алушы табыла қоймады. Соның нәтижесінде  тыйым салу белгілері қойылған болатын. Дегенмен, дем алушылар осы жерге келіп,  шомылады.
Биылғы жылы жедел құтқару жасағы 188 адамды құтқарып қалды, олардың ішінде кәмелетке толмаған 44 жас бүлдіршіндер бар. Судың тілсіз жау екенін ешқашан ұмытпайық.

Роза БЕКЕНБАЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар