Тіржан қажы

Халқымыздың ғасырлар бойы аңсап қол жеткізген ұлы бақыты, теңдесі жоқ құндылығымыз – еліміздің азаттығы. Тәуелсіздігіміздің арқасында «бір өліп, бір тірілген» халқымыздың мұң-мұқтажын өтеу, ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғырту, тіліміз, дініміз бен ділімізге оралу жолында айтарлықтай жұмыстар жүзеге асырылғанын, әлі де атқарыла беретінін білеміз.

Кезінде аттарын атауға болмайтын батыр бағландарымыз бен ел жақсыларын, ұлт өнері мен мәдениетінің ұлыларын еске алып, ескерткіштер орнатуда, елді мекендер мен жер, су атауларын қайтаруда және қуғын-сүргін жылдарындағы құрбан болып, азап шеккендерді құрметтеуде көптеген істер тындырылды, әр жылдың 31 мамыры азалы күн ретінде белгіленді.Шынында, қасиетті де қадірлі Арқа жерінде туған халқының құрметіне бөленген, нақақтан-нақақ соның азабын да тартқан, ауыз толтырып айтар ардақты азаматтар аз болмаған ғой. Солардың бірі – руы қылды Тарағай тармағынан шыққан Тіржан қажы Байғожаұлы десек қателеспеспіз. Ол аудан орталығы Зеренді селосынан сырық сілтем жердегі бұрынғы Подлесный, қазіргі Бәйтерек ауылынан сәл әрі, Жыланды беткейіндегі суы балдай Тасбұлақ деген жерде (кейін Тіржан ауылы) 1855 жылы дүниеге келген. Арғы аталары Жанқұл, Мөжік ауқатты адамдар. Азан шақырып қойған аты Әміре, белгілі себептермен  Тіржан аталып кеткен. Жеті айлық шақалақ қашан қырқынан шығып жетілгенінше, ескі қазақи тәртіппен атасының тымағында пысып, жұмыртқадан шыққан балапандай бесікке кештеу бөленген. Өте нәренжік нәрестені әже, анасы сұраған жанға «Әйтеуір, бір тірі жан ғой, легіп кетсе болды», – дейді екен. Содан тірі жанымыз Тіржан аталып кете барған.Жастайынан еті тірі елгезек бала Тіржан еңбекке, ел тірлігіне ерте араласып айналасына танымал бола бастайды.
Адам баласының басына бақыт та, дәулет те, қадір-қасиет те тегіннен-тегін қонбайды ғой. «Талап, еңбек, терең ой, қанағат рақым, ойлап қой» деп, Ұлы Абай хакім айтқанындай, Тіржан атамыздың да өмір жолдарына көз жүгіртсек, оны да биіктерге жетелеген таудай талабы, ерінбеген еңбегі, адами мінез құлықтарымен маңайындағылармен жақын қарым-қатынасы болса керек. Тіржан мыңнан аса жылқы бітіп, қара мал, қой-ешкісі тұрған кезінде өз заманының айтулы тұлғалары Тынымбек, Шәкей билермен, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Науан Хазірет, Азнабай, Нығметжан, Тәшен байлармен, басқа да игі жақсылармен дәм-тұзы араласып, пікірлес болған адам. Ел ардақтысы Ақан сері өте сыйлас болғандықтан, Тіржан қажы ауылында кейде апталап жатады екен. Белгілі өнер зерттеушісі, композитор, жазушы Илья Жақанов 2013 жылы баспадан шыққан «Бір кезде Ақан едім аспандағы» атты кітабының 175-бетінде «Ақан сері, қасында Ыбаны бар, Жыланды тауын жағалап келіп, Тіржан қажының ауылына тоқтайды. Осы ауылда бірнеше күн аунап-қунап, көңілін сергітіп, өзін аялаған жандардың алдында жүзі нұрланып, шешіле сөйлеп, булыққан әндерін шалқытады», – дейді. Атақты «Балқадиша» әні осы сапарында, шілдехана тойында шырқалған. Қажы атамыз жайлы осы тәріздес пікірлер жазушы Сәкен Жүнісовтың еңбектерінде де айтылады.
Тіржан екі рет некелескен. Шоқан Уәлихановтың інісі Жақып төренің әйелі Айсарыдан  туған Рабиғаға ғашық болып қосылғанымен, ол бала көтермеген. Екінші алған әйелінен төрт ұл, төрт қыз дүниеге келген. Ұлдары – Мәлік, Әбілмағжан, Ерғали, Нұрғали, қыздары – Бәдіғұл, Меруерт, Зүбәйра, Ақық. Бәрі де отбасылы, үйлі, тартымды болып өскен. Мұрағат деректерінің бірінде сақталған 1921 жылғы санақта «Тасбұлақ-Тіржан ауылы 18 түтіннен тұрады, еркектері 34, әйелдері 42» деп атап көрсетілген. 1928-1937 жылдардағы тәркілеу, ұжымдастыру, одан кейінгі қуғын-сүргін науқандарында жаңадан ұйымдастырылған «Подлесный» колхозының іргетасы осы Тіржан ауылының мал-мүліктерінен қаланған. Қажының  өз үйін Үлгілі ауылына көшіріп, мектеп ретінде, басқа үй-жайларын кеңсе, қойма ретінде пайдаланған. Балалары Мәлік пен Әбілмағжан Степняк алтын кенішіне жер аударылып, ауыр жылдарда силикоз, өкпе ауруларына шалдығып дүниеден өтсе, Ерғали мен Нұрғалиы да Магаданға айдалып, өмірден ерте озған. Әбілмағжанның әйелі Алтын көп жылдар Алжир түрмесінде отырып, елге келген соң қайтыс болған. Қажының Ақық атты қызы ерекше пысық, өткір болса керек. Орыс тілін де жақсы білген екен. Сонысымен ашаршылық кезінде әулетінің аман қалуына көп септігі тиген, 90-ға дейін өмір сүріп, бертін дүниеден өткен. Тіржан әулетінен қазір ортамызда жүрген Әбілмағжанның Зілғарасынан тараған Орал. Ол Зерендіде тұрса, Қайырбайы Астанада тұрады. Қыздарынан тараған ұрпақтары да жоқ емес, бар. Бұл күнде Астана қаласы,  Атбасар, Сандықтау аудандары мен Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында тұрып жатыр. Тіржан өз өмірінде екі рет Меккеге қажылыққа барған кісі, бірінші рет Жыланды болыстығына болыс сайланбай тұрып, жастау кезінде барса, екінші рет жасы ұлғайған шағында барған. Сол жолы өзімен көп жылдар жолдас болған, сөзге де, іске де шебер, әрі балуан Мәкібай деген кісіні бірге ала барып, ол да қажы атанып келеді. Сапарлары сәтті аяқталып, аман-сау елге оралғаннан кейін Тіржан қажы «Мәкібайдың балуандығының да пайдасы тиді, Арафа тауында тас лақтырып, шаршап жүре алмай қалғанымда арқасына мінгізіп жанымды сақтады ғой», – дейді екен.
Жалпы, қажы атамыз ел адамдары мен туыс-туғандары арасында беделі зор, кең қолтық, шаруашылығына мығым адам болған деседі. Ауылдың жоқ-жітік, кедей-кепшіктеріне қарасып, сауынға бие, сиыр беріп тұрудан бір тартынбаса керек. 1924 жылы жұрт жайлауда отырғанда таңертең есік алдында дәрет алып отырған қажының көзі салт атты кісіге түседі де, үйге кірмей тосады. Жақындай бергенде іші бір  жақсылықты сезген қажы дауыстап, «балам алтын болды ма, мыс болды ма», – дейді. Сонда келген жігіт «алтын болды, алтын, ер бала туды», – дейді. «Онда атын Зілғара қойсын, жылқыдан бар да таңдағаныңды ал» деген екен. Тіржанның жаз жайлауы оңтүстік батысында Сандықтауға, солтүстік шығысында Зеренді көлінен әрі Жаулыбай-Қошқарбай тауларына дейінгі кең алқапты алып жатқан  деседі.
Зеренді ауданының белгілі азаматтарының бірі, өлкетанушы Қабыкен Қоңқаев сол өңірдің шежірешісі, көп жылдар партия, кеңес қызметтерінде болған Құрман Жүнісов ақсақал туралы жазған естелік кітабында былай дейді: «Құрекең Тіржан ауылында жасынан жалшылықта жүріп, еңбек етіп ер жеткен, сонау тәркілеу, ұжымдастыру науқанының көп шырғалаңын басынан кешкен. Қартайып өмірден өтер шағында өзін Тіржан қажы жерленген ескі қорымға, қажының  жанына жерлеуді өсиет етеді. Балалары әкелерінің бұл өсиетін бұлжытпай орындайды. Осы оқиғаның өзі Тіржан қажы жайлы біраз жайды аңғартса керек». Зеренді өңірінен шыққан тағы бір білімдар ініміз Жеңіс Темірхан «Қайран елім – Қараөткелім» атты кітабының 49-бетінде «Қараөткел ауылы Тіржан қажының жайлауы болған жерде қоныс тепкендіктен, ол кісіні Қараөткел топырағының тумасы деуімізге  де қақымыз бар сияқты» дей келе, «сол жердегі Қарағаш баурайын «Жеті жерошақ» деп атайды. Оның сыры –  атамыз қайтыс болғаннан кейін жылы осы алқапта беріліп, жеті жерошақ қазылып, он төрт тайқазан көтеріліп, 22 жылқы сойылған екен. Шамамен бұл асқа үш мыңнан астам халық жиналады. Осының өзі Тіржан атамыздың қазақ даласындағы сол кездегі атақ-даңқы мен беделін көрсетпей ме» деп жазады.
Расында да,  Тіржан қажы өз заманының белгілі тұлғаларының біріне саналғанын мына бір шағын мысалдан аңғаруға да болғандай.
1913 жылы Романовтар әулетінің 300 жылдығына орай, І Николай патша бүкіл Шығыс, Сібір өлкелерін аралап, Омбы қаласына келгенде, құттықтау рәсіміне арнайы барған жақсы-жайсаңдардың ішінде Тіржан қажы да болған. Сол жолы еліне жай келмей, таза күмістен сыйлыққа тартылған тартумен келеді. Мұның бәрінен туатын ой, жалпы, Тіржан қажы кеңірек зерттеп, тың деректермен толықтыруды қажет ететін күрделі тұлға.
Өз қолымыз өз аузымызға жетіп, жаңарып, жаңғырған осынау заманда Тіржан қажыдай асылымыздың да аты ескерусіз қалмай, кіндік қаны тамған туған өңірде ресми, діни орындармен ескеріліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Айдос ӘБУТӘЛІПҰЛЫ,
еңбек ардагері, Еңбекшілдер ауданының құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар