«Өткен өміріме өкінішім жоқ»

– Мен Ұлы Отан соғысы басталған жылы дүниеге келген ұрпақтардың бірімін, – деп бастады бізбен әңгімесін Амангелді ағай. – Дәл  қазір жетпістің бел ортасына шығып отырмын. Алла берген жастың көпшілігін жасап, егде тартқан шағымда осы өткен өмірімде мен не тындырдым, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырымда артыма қандай жақсы із қалдыра алдым деген сұрақтар жиі мазалайтын болып жүр. Осыған орай сұрақтарыңыз болса, өз өміріме, атқарған қызметіме, жүрген жолдарыма қысқаша шолу жасай отырып, өткен ғұмырыма тоқталып өтейін.

 

– Алдымен шыққан тегіңіз, балалық, жастық шағыңыз бен одан кейінгі өміріңізді еске алсаңыз?
– 1941 жылы Ақмола облысы Ақмола ауданы, Жаңажол ауылында қараша айының жиырма екісі күні дүниеге келіппін. Әкем Құсайын Тасжанұлы мен шешем Ашура Қажығалиқызы қарапайым жандар болатын. Олар мені қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсірді.  Мен бірінші сыныпқа барған жылдың  қазан айында әкем дүниеден өтті. Содан кейін шешемнің тәрбиесінде болдым. Алғаш мектеп табалдырығын ауылымыздағы жетіжылдық мектепте аттап, оны тәмамдағаннан кейін, 1955 жылы Ақмола қаласындағы №2 И.Сталин атындағы мектепте білімімді одан әрі жалғастырдым. Онжылдықты аяқтаған соң әрі қарай жоғары оқу орнына түсуге жағдайымыз келмегендіктен ауылға қайтып оралдым.  Шешеме қолғабыс жасай жүріп, екі жыл шаруашылықта тракторист, комбайнер болып жұмыс істедім. Арада екі жыл өткеннен кейін Целиноград қаласындағы ауыл шаруашылығы инс-титутына түсіп, оны 1965 жылы ойдағыдай тәмамдап шықтым. Сол жылы оқу бітірген 25 студентке Тың өлкесіне қарасты бес облысқа жолдама берді.  Мен Целиноград облысына қарасты Атбасар ауданына бас архитектор қызметіне орналастым. 1968 жылы Қорғалжын ауданындағы Оңтүстік қой совхоздар тресінің, одан кейін сол ауданның ауыл шаруашылығы басқармасының құрылыс бөлімінің бас инженері, 1972 жылы сол ауданның атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқардым. 1975 жылы жоғарғы партия мектебіне жолдама алып, оны 1977 жылы ойдағыдай бітірдім, сол жылы жаңадан Теңіз ауданының ашылуына байланысты      аудандық партия комитетінің хатшылығына сайландым. Кейіннен аталмыш ауданның атқару комитетінің төрағасы қызметіне көтерілдім. Отбасымның жағдайына байланысты 1984 жылдың аяғында облыстық кәсіподақ комитетінің құрылыс бөліміне ауыстым да кейіннен құрылыс тресі бастығының орынбасары, «Жаңажол» кеңшарының директоры қызметтерін атқардым.
– Өмір жолыңызда кімдер үлгі-өнеге, ақылшы ұстазыңыз болды?
– Жоғары лауазымды қызметтерді атқаруға және жоғары оқу орнын жаңа ғана бітіріп келген жас маманға өздерінің ақыл-кеңестерін беріп, тәжірибесін үйреткен Атбасар, Қорғалжын аудандарының партия комитетінің бірінші хатшысы болған Әділхан Шабатовқа, Теңіз, Атбасар аудандарының партия комитетінің бірінші хатшысы, кейіннен Целиноград облысының атқару комитетінің төрағасы Қайреден Кәрібайұлы сынды ағаларымызға, өзіммен бірге қызмет істеген әріптестеріме, кейінгі толқын інілеріме  айтар алғысым шексіз. Осындай ел, халық мүддесін өз мүдделерінен жоғары қойған басшылардың іс-тәжірибесін үйреніп, тікелей нұсқауларымен халыққа қызмет көрсетуде адалдықты үлгі тұту өз басымда текке кетпеген сияқты. Қандай уақытта, қандай салада қызмет істесем де ұстанған қағидам – адалдық, шындық, турашылдық болды. Бір сөзбен айтқанда, өткен өміріме өкінішім жоқ. Осыған шүкіршілік етемін.
Біздер, соғыс жылы туған ұрпақтар, өмірдің қиыншылығын бір кісідей бастан кешіріп, балалықтың бал дәмін еркін тата алмадық. Бұғанамыз қатпаған бозөкпе жас балалар еркелеуді білместен өстік. Сабақтан қолымыз қалт етіп босаса-ақ, үлкендерге көмектесетінбіз. Бала болып тәтті жеген жоқпыз, ойыншық дегеннің не екенін де білмедік, сонда да мойымай үлкендерден үлгі алып өстік. Қазақта «Үлкеннің мыңына бергенше, жастың біріне бер» деген мақал бар, сол қиын уақытта үлкен ағаларымыздың жақсы демеу сөздері, біздерге ат мінгізгендей еді. Сондай ағаларымыз өздері Ұлы Отан соғысына қатысып, жарақат алып, мүгедек болып келсе де біздерге жылы сөздерін айтып, келешек өмірдің түзелетінін және сол өмірді жасайтын келешек ұрпақ сендерсіңдер, қажымаңдар, қайта қатайып, жігерленіп, әкелеріңнің, ағаларыңның істей алмай кеткен армандарын іске асырып, өздеріңнің ұрпақтарыңды жақсы өмірге жеткізуге құштарлана еңбек етіңдер, еліміздің аяулы азаматы болыңдар деп ақыл-кеңестерін айтып, ағалық қамқорлықтарын көрсететін. Сол ағаларды көріп, солардан үлгі алдық.
– Жетпістің бесеуіне келген ел ағасы ретінде жастарға айтар бір ауыз сөзіңіз…
– Аллаға шүкір, үлкенді тыңдаудан, сыйлаудан жаман болған жоқпыз, қайта қиыншылық болса, біздің ағаларымыз кезінде бұдан да ауыр қиыншылықтар көріп жасымай өсті ғой, біз де солардай болайық деп өзімізді өзіміз қайрап өстік. Сол қиыншылықтарды көзіммен көріп, өмірде өз басымнан өткіздім. Менің ойымша біреудің басына түскен ауыртпашылықты түсіну үшін, өзіңді сол кісінің орнына қойып, егер осындай жағдай өз басымда болса не істер едім деп ойласаң, сол кісінің ауыртпалығын түсінесің, әрі көмектесесің. Еліміздің гүлденуі жолындағы ұзақ жылғы қалтқысыз еңбегім әділ бағаланып, талай мәрте Құрмет грамоталарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталдым. Өткен жылы Целиноград ауданының құрметті азаматы атағын алдым.  Сөз соңында, кейінгі ұрпаққа еңбек етуге ерінбеңдер, сендер тәуелсіз еліміздің келешегісіңдер, әрқашанда біріңе бірің адал болыңдар, әкелерің мен ағаларыңның жарқын істерін одан әрі лайықты жалғастыра біліңдер дегім келеді.

Сұхбатты жүргізген Жанат СӘБИТОВ.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар