Өткен жылдағыдай 29 күнге созылады

 

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен брифингте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысындағы өкіл имамы Қуаныш Жұмабайұлы биылғы ораза ұстаудың шарттары жайында әңгімелеп берді.

 

Мұсылман баласы үшін он екі айдың сұлтаны саналатын қасиетті Рамазан айы да басталуға жақын. Биыл Рамазан айы мамырдың 27-інде басталады. Бұл айда әрбір мұсылман отыз күн ауыз бекітіп, таңертеңнен күн батқанша ішіп-жеуден тиылады. Тек ішіп-жеуден тиылып қана қоймай, сонымен бірге, мұсылманға жат жаман әдеттерден де аулақ болуы шарт. Қасиетті Қадір түні биыл маусым айының 21-іне тура келіп тұр және Рамазан айы 29 күнге созылады. Өкіл имам жиналғандарға қасиетті айдың неліктен 29 күнге созылатынын түсіндіріп берді. Мұсылман күнтізбесі бойынша айдың ұзақтығы тууына байланысты есептеледі. Осыған орай, ертеректе ай туды ма, жоқ па деп жұрт арасында күмән болғандықтан, ораза отыз күн ұсталатын болған. Қазір ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен айдың тууы, жаңаруы дәл есептеліп отыратындықтан, соңғы жылдарда ораза 29 күн ұсталып жүр.
Биылғы жылы пітір садақасы әрбір адамға шаққанда 300 теңгеден деп есептеліп отыр. Облысымызда қасиетті Рамазан айын өткізуге байланысты іс-шаралардың жоспары жасалып, айдың 29 күнінің әрбір күнінде белгілі бір шара өткізілмек екен. Мәселен, қасиетті айдың алғашқы күнінде «Жарапазан» айту дәстүрі жаңғыртылса, екінші күні жапа шеккендерге көмек, үшінші күні «Жетім көрсең жебей жүр» деген тақырыппен, ал, төртінші күні «Жұмақ ананың аяғының астында» деген тақырыптарда өткізілмек. Осылайша, Рамазан айының 29 күнінде 29 түрлі шара өткізілу көзделуде. Оған қоса, жылдағыдай демеушілердің көмегімен тегін ауыз ашарлар да ұйымдастырылатын болады.
Облыстың өкіл имамы кездесу соңында барша мұсылман қауымын келе жатқан қасиетті Рамазан айымен құттықтап, ұстаған оразалары қабыл болып, сауап нәсіп етілуін тіледі.

Қалкөз КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар