Құтты шаңыраққа –қырық жыл!

Ақмола облыстық орыс драма театры 40 жылдық тарихында қоғам дертін терең ұғынуға ықпалдаса отырып, рухани байлығымыздың сақталуына, іргетасы шайқалмауына сүбелі үлес қосты,  қаншама буынды сұлулық пен ізгілік әлеміне баулып, тәрбиеледі. Театрдың бүгінгі шыққан биігі  кешегі айтулы өнер тарландарының, олардың дәстүрін жалғастырып келе жатқан қазіргі өнер қайраткерлерінің қалтқысыз да қажырлы еңбектерінің жемісі. Осы мерейлі мереке қарсаңында қалың оқырманға аталмыш өнер ордасының жүріп өткен өнер жолына көз жүгіртіп,  берекелі  бүгіні туралы азды-кемді сөз айтуды парыз деп білеміз.     Өнер ордасы қырық жылдың ішінде 300-ге жуық қойылым сахналаған.
Театр шымылдығы 1977 жылы 28 қазанда Л.Славиннің «Интервенция» пьесасымен ашылды. Құтты өнер ордасының шаңырағын көтеріп, керегесін керіп, уығын тіктеп қадаған, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Я.Куклинский мен Ю.Лакомов есімді айтулы азаматтар еді. Қоғамдық құрылым өзгеріп, жаңа өмірге біртіндеп бейімделе бастаған бұқараны тәрбиелеуде өнердің орны зор екендігі анық қой. Театрдың бастауында Г. Куклинская, Ю.Журавлев, А.Урбанович, Г.Черкашин, В.Рудиш, Т.Куликова және тағы басқа өнер майталмандары тұрды. Театр құрылғаннан бері бұл киелі сахнада әлемдік драматургия жауһарлары сахналанып, сан түрлі репертуарларымен көрермен көңілінен шығуда. Көптеген спектакльдер театрдың алтын қорына еніп, бірнеше мәрте халықаралық, республикалық өнер фестивальдерінде, атап айтсақ, Финляндияда, Болгарияда, ТМД елдерінде ел абыройын асқақтатты. Я.Куклинский театрдың көркемдік жетекшісі болып 20 жыл еңбек етті. Осы жылдар аралығында Л.Толстойдың «Власть тьмы», А.Гладкованың «Давным-давно», А.Островскийдің «На всякого мудреца довольно простоты», А.Чеховтың «Чайка», Б.Шоудың «Пигмалион» сияқты 48 классикалық туындыны сахнаға алып шықты.
2001 жылы театр басшылығына Валерий Тарасов келіп, өнер ордасына жаңа леп әкелді. Оның бастамасымен Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжінде театр бөлімі ашылғаны белгілі. М.Шахановтың «Шыңғыс хан» операсы халықаралық орыс театрларының фестивалінде Гран-при сыйлығына ие болғандығын да мақтанышпен айтамыз. Театрдың бас режиссері Ольга Луциваның да еңбегін атап өту парыз. Режиссердің жетекшілігімен театр республикалық, халықаралық өнер фестивальдерінде облыс мерейін арттырып абырой биігінен көрінуде.
Болашаққа көз тігіп, мына жаһандану заманында өзге елдермен иықтас ғұмыр кешемін дейтін қай ел, қай мемлекеттің де рухани тұғыры биік болуы шарт. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында атап көрсеткендей: «Тәуелсіздік арқылы мәдениетіміз құлашын кеңге жайып, қарқынды дамуға зор мүмкіндік алды».
Бүгінде театрдың қара шаңырағы алыптар салған дәстүр-жарастықты жалғастыра, құлашын кеңге жая өркендеп отыр. Театр репертуарындағы ұлттық және әлемдік классиканың жауһарлары, бүгінгі драматургияның озық туындыларының азаматтардың рухани-адамгершілік бағдарларын, қазақстандық жаңа отансүйгіштік пен орнықты құндылықтар жүйесін қалыптастырудағы рөлі үлкен. Мәдени саясаттың аса маңызды міндеті ізгі адам тәрбиелеу.
Отбасы құндылықтарын қастерлеуге бастайтын қойылым әсіресе, жастар арасында қызу талқыланып, әлеуметтік әсері жоғары болып отыр. Театрдың негізгі тұлғасы әрине, актер. Соңғы маусымдарда актерлік құрам талантты жастармен толығып, олар қазірдің өзінде рөлдерді сәтті орындай бастады. Қазіргі таңда театрдың бастамасымен көрермендердің жүрегіне жол табатын жаңа қарым-қатынас формаларын іздеуде.
«Рухани қазынаның» ішкі бағдарламасы «Аймақтық мәдениет, дәстүрлер мен құндылықтар» негізгі жобасын жүзеге асыру шеңберінде, Ақмола облыстық орыс драма театры бірнеше жобаларды қолға алды. Атап айтсақ, «Киндер – театр» балалар эксперименталды орталығы, кішкентай бүлдіршіндерге арналған қуыршақ
театры, Монтессори әдісін қолдануымен интерактивті ойындар мен қойылымдар. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға бейімдеу және қоғамның инклюзивті балаларға деген қарым- қатынасын өзгерту мақсатында қолға алынған «Одинаковыми быть Нам не обязательно» жобасы да көпшіліктің көңілінен шығуда.

Театр маусымының ашылуына орай, «Театральная осень» І-ші Аймақаралық театрлар фестивалін ұйымдастырып отырмыз. Аталмыш өнер додасына Астана қаласындағы М.Горький атындағы орыс драма театры, Станиславский атындағы Қарағанды облыстық орыс драма театры, Н.Погодин атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театры, Қостанай облыстық орыс драма театры, Теміртау қаласындағы балалар мен жасөспірімдер театрының өнерпаздары қатысады.
Маусымның шымылдығы 25 қазан күні, сағат кешкі 18.30-да У.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясымен ашылады.
Үш күнге созылатын өнер фестивалінде жер-жерден келген театр тарландары өз өнерлерін ортаға салады. Олай болса, театрда жүздесейік, қадірлі көрермен!

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар