Туған жер тарихы мұрағат құжаттарында

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында еліміздің болашақ дамуына елеулі әсерін тигізетін ұлттық бірегейлік және сананы жаңғырту мәселелері көтерілген. Қоғамдық сананы жаңғыртуды Елбасы халқымыздың өткен тарихы мен ұлттық дәстүрлеріміздің жағымды жақтарын өмірімізге енгізу арқылы жүзеге асыруды ұсынады.

  Шындығында, қазақ халқының бай салт-дәстүрлері арасында елжандылыққа, отансүйгіштікке, қайырымдылық, кішіпейілділік сияқты ізгі қасиеттерге насихаттайтын жағымды жақтары аз кездеспейді.  
Қоғамдық сананы жаңғырту, ұлттық бірегейлікті орнықтыруда еліміздің өткен тарихын құжаттар арқылы тануға мүмкіндік беретін мұрағаттың алатын орны ерекше десек, артық айтқандық болмас. Рухани жаңғыру Елбасы мақаласында көтерілген азаматтарды туып-өскен жерін қадірлеп, құрмет тұтуға, сол арқылы елін сүюге үндейтін «Туған жер» бағдарламасы арқылы жүзеге аспақ.  Ал, туған жердің тарихы мен сол өңірден шыққан атақты адамдар, табиғаты жайында құжаттар арқылы құнды ақпарат беретін мұрағаттың аталмыш бағдарламаны жүзеге асырудағы рөлі зор екендігі анық.
«Туған жер» бағдарламасы шеңберінде жастар мен студенттерді, оқушыларды ұлттық мәдениет пен дәстүрді, тарихты сүйіп, қадір тұтуға насихаттау көзделген. Елімізге аты танымал сазгердің «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деген ән жолдары елін сүю туған жерді сүюден басталатынын аңғартса керек. Осы орайда, Ақмола облыстық мұрағаты жастар мен балаларды туған жерді сүйіп, қадірлеуге үндейтін түрлі шаралар өткізуге жете көңіл бөліп келеді. Мәселен, биыл «Балаларға арналған мұрағат», «Студенттерге арналған мұрағат» атты акциялар өткізуді жоспарлап отырмыз. Аты айтып тұрғандай, бұл акцияларда балалар мен студент жастарды мұрағат құжаттары мен материалдары арқылы туып-өскен өлкенің табиғаты мен тарихын тануға, сол арқылы туған жерді мақтаныш етіп, қадір тұтуға үндейтін боламыз.
Ойға алған жоспарларымыз аз емес. Соның ішінде, «Ақмола облысы мұрағат құжаттарында» атты көрмені өткізуді ерекше атап өтуге болады. Бұл көрмеде өңіріміздің өткен тарихы түгел дерлік қамтылып, құжаттар мен мұрағаттар арқылы көпшілік назарына ұсынылатын болады. Онда мынадай бөлімдер болмақ:  «Ақмола облысы қазан төңкерісіне дейін»,  «Ақмола облысы 1918-1940 жылдар аралығында», «Ақмола облысы Ұлы Отан соғысы жылдарында», «Ақмола облысы тың жерлерді игеру кезеңінде», «Ақмола облысы тәуелсіздік жылдарында». Көрмеге 1873  жылғы мұрғат құжаттары, атап айтқанда, отбасы кітаптары, дала облыстарының картасы, Атбасар және Көкшетау уездерінің құжаттары, 1919-1928 жылдардағы мекемелер мен ұйымдар тізімі сияқты құжаттар қойылады. Сонымен бірге, Ақмола облысында құрылып, майданға аттанған 310-шы және  387-ші атқыштар дивизиялары жайында да мұрағат құжаттары жұртшылық назарына ұсынылмақ.
Биылғы жылдың басынан бергі өткен уақыт ішінде облыстық мемлекеттік мұрағат қызметкерлері  жұртшылық назарына 4 мұрағат құжаттары көрмесі мен 11 әңгіме-саяхат ұсынды. Бүгінгі күні облыстық мұрағаттың 1395 қорында  444427 мұрағат сақталуда, олардың  8576-і фотоқұжаттар,  466 киноқұжаттар бар және  2188 жеке адамдарға қатысты құжаттар сақталған. Осы аталған құжаттардың негізінде мұрағат қызметкерлері «Адамдар тарих ағымында» атты жинақ дайындауды қолға алуда.
Ондаған, жүздеген жылдық тарихы бар құжаттарды сақтау да оңай болмайтыны түсінікті. Осы орайда, біз құнды мұрағаттарымызды сандық  нұсқаға айналдыруға жете көңіл бөлудеміз. Электрондық нұсқадағы құжаттардың сапалы сақталатыны өз алдына, көп шығынды қажет етпейді және халыққа қолжетімді бола түседі. Бүгінгі күнге дейін барлығы 269004 бет немесе 2875 құжат  электрондық нұсқаға аударылды. Бұл бағыттағы жұмыстар онан әрі жалғасуда.
Ақмола өңірінің табиғаты бай, тарихы да шежіреге толы. Сол әсем де бай табиғатымызды, шежірелі тарихымыз бен ұлтымыздың жақсы дәстүрлерін жас ұрпақтың санасына сіңіруде мұрағаттың алатын орны зор. Елбасы мақаласында көтерілген ұлттық бірегейлікті қалыптастырып, қоғамдық сананы жаңғыртуға мұрағат қызметкерлері де өздерінің сүбелі үлестерін қосатын болады.

Темірбек БАТЫРХАНОВ,
облыстық мемлекеттік мұрағаттың директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар