Туған жерден бір уыс топырақ бұйырды

Қайыржановтар отбасы таяуда көптен зарыға күткен толғанысты сәтті бастарынан кешті. Атап айтқанда, соғыста қаза тапқан аталары Қайыржан Әміриннің зираты табылды. Әкесі майданға аттанғанда бес жаста қалған ұлы  Таласбек қан майданнан оралмаған әкесін іздеп құзырлы мекемелерге хат жазып, қашан көз жұмғанша  бір дерегін  табуды армандап кеткен еді.

 

Ол қайтыс болар алдында балаларына әкесінің зиратын табуды аманаттап кетті. Әке өсиетін естерінде сақтаған ұлдары Ұлан мен Мұхтар аталарының бейітін табу үшін өкілетті орындарға хат жазып, іздеу жұмыстарын жүргізе берген. Таяуда Смоленск облысының ішкі саясат департаментінен келген хат әке үмітін ақтағандай болды. Хатта 1904 жылы туған қызыләскер Қайыржан Әмірин 1943 жылдың 18 наурызында Вязьма маңында ерлікпен қаза тапқандығы, Смоленск облысының Знаменск ауданына қарасты Лунино селосы маңындағы зиратта жерленіп, кейін Митьково-Степанково селолық Кеңесіне қарасты №5 деревня маңында қайта жерленгені туралы жазылыпты. Смоленск облысының ішкі саясат департаменті елінен келетін туыстары бар болса, бауырластар зиратына алып баруға көмектесетінін білдіріпті.
Әкелерінің ұзақ жылдар бойы жазған хатынан нәтиже болмауының себебі, Лунино деревнясы Лукино болып көрсетіліп, іздеу нәтиже бермеген екен. Хабар тиісімен Қайыржановтар отбасы дереу алыс жолға дайындалды. Алғашында жеке автокөліктерімен төрт адам бармақ болған, бірақ, ағалары Жомарттың науқастанып қалуына орай, алыс сапарға Ұлан мен Мұхтар аттанатын болды. Сөйтіп, пойызбен әуелі Мәскеуге, Вязьма қаласына жетті. Межелі жерге жеткен соң ішкі саясат департаменті өкілдері сөздерінде тұрып, жақсы қарсы алып, бауырластар зиратына алып барды.
Әкелері Таласбектің арманын осылайша оның ұлдары жүзеге асырды. 74 жылдан бері сүйегі жат жерде жатса да, Отан үшін жанын қиған аталарының рухы өздерімен бірге жүргендей күй кешкен ағайынды жігіттер аталарының қабіріне туған жерден әкелген топырақты салып, аруағына бағыштап құран оқыды. Қайтар жолда қабірден топырақ алды.
Аталары туралы мәліметтер өте аз. 1941 жылдың күзінде соғысқа аттанып, әскери дайындықтан өткен. Сөйтіп,  1942 жылдың басында Мәскеу түбіндегі Волоколамск қаласы үшін шайқасқа кірген.  Бауырластар зиратында бес мыңнан астам жауынгердің мүрдесі жатыр екен. Бұлардың аталары тізімде 1571-ші болып тұр.
Ағайындыларды алыс жолдан Айыртау өңіріндегі Бірлестік ауылының тұрғындары түгел жиналып қарсы алды. Митинг болып, соғыста Отан үшін от кешкен майдангерлер еске алынды. Ата қабірінен әкелінген топырақ жергілікті зиратқа салынып, ас берілді.
Осылайша арада жетпіс жылдан астам уақыт өткеннен кейін соғыста қаза тапқан тағы бір жауынгердің зираты табылып, ұрпақтары басына барып тәу етіп қайту толғанысын кешті.  

Әлия АХЕТОВА.
Көкшетау.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар