Туристерді Бурабайда қарсы аламыз

 

«ЕХРО – 2017»  халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуына  санаулы күндер қалды. Көрікті Бурабай баурайы  да меймандарды қарсы алатын болғандықтан, облыстық туризм басқармасы осы өлкеге баспасөз турын ұйымдастырды.

 

Бурабайға келген туристерді өзіміздің салт-дәстүрлеріміз бен ұлттық құндылықтарымыз арқылы қызықтыра алатынымыз анық. Мәселен, 2012 жылдың желтоқсан айында ашылған Қазастандағы жалғыз бес жұлдызды «Rixos Borovoe» қонақ үйінде арнайы киіз үйде құрылған кафе жұмыс істейді. Оның ішінде дәмі тіл үйіретін ұлттық тағамдарымыздың түр-түрін көріп, дәм тата аласыз. Бұл нысан ауқатты туристерге арналған. Қонақ үйді аралау кезінде байқағанымыздай, нысан халықаралық стандарттарға сәйкес.  Ғимарат 5 қабаттан тұрады, мейрамханалар, мәжіліс залдары, бассейн, денсаулықты сауықтыруға арналған Wellness-SPA мен караоке, фитнес, балаларға арналған ойын залдары жұмыс істейді.
Жалпы қонақ үйде 200 бөлме Deluxe, Penthouse, Junior, Presidential тәрізді кластарға бөлінген. Сондықтан да, осы қонақ үйде демалған турист өзін хан сарайында жүргендей сезінері анық.
Сондай-ақ, қонақ үй кешенінің жанында «Қазақстандық Лапландия» атты ертегілер қалашығы бар. Бұдан бөлек веложол, жабық теннис корты да келген туристердің көңілінен шығуы бек мүмкін. Бұл қонақ үй туристер демалатын орын ғана емес, сонымен қатар, әлем Президенттері, іскер адамдардың бас қосатын жері. Бұдан бөлек туристер Абылайхан алаңын және ханның мұражайын көреді. Мұражай жаңа эспозициялық заттармен толығуда. Ал, сый-кәделер дүкені Бурабай туралы шағын кітапшаларға және ескерткіш сыйлықтарға толып тұр. Сондай-ақ, туристер «этно-ауыл» мәдени-туристік кешенін тамашалайтын болады.
Жылқы қазақ халқы үшін киелі мал екені ақиқат. Жануардың қасиетін енді шетелдік меймандар да сезінетін болады. Олай дейтініміз, туристер Кенесары үңгіріне және табиғат аясында салт атпен саяхат жасайды деген жоспар бар. Туристерге ұсынылатын мініс аттар Щучинск қаласындағы жылқы фермасының қожайыны Балабек Есімовтікі. Фермада төрт түліктің төресі түйе де бар.
Сондықтан, шетелдік меймандар қымыз, шұбат сияқты ұлттық сусындарымыздан дәм татпақ. Баспасөз туры барысында Александр Лидковский басқаратын қайық станциясының тыныс-тіршілігімен танысып, Жұмбақтас пен Оқжетпес шыңдарын тамашаладық. Ал, осындай көрікті жерлерді шетелдік қонақтар көргенде жер жәннатында жүргендей әсерде болатыны анық. Біздің облыста жалпы 100-ден аса туристік нысан тап-тұйнақтай дайын тұр. Қай тұсқа қарасаң да қамсыз отырған жан жоқ.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар