Тыңдаушыларын әсем әнмен тәнті етті

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі облыстық филармония ұжымының құрылғанына 70 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы датаға орайластырылып аталған өнер ордасында эстрадалық үрлемелі аспаптар оркестрінің концерті болып өтті. Аталмыш концертте халықаралық конкурстарының лауреаттары Бауыржан Исаев пен Татьяна Ким өнер көрсетіп, талғамы биік тыңдаушыларын тәнті етті.

 

Бауыржан Исаевтың орындауындағы әндерді халық жылы қабылдады. Әсіресе, үлкен-кішінің құлағында сіңіп, жүрегінде жатталып қалған сөзі Ш.Сариевтің, әні Т.Мұхамеджанов жазған «Аяулым» әнін жұрт асыға күтіп, залда отырған көрермен әнді әншімен бірге қосылып айтып отырды.
 Өмір түгіл өзімді де білмеймін,
 Сені ойласам төзімді де білмеймін.
 Бір білерім сені сүйген екенмін,
 Сені мәңгі аялаумен өтермін…    
Шағала көңіл шарқ ұрып, ән қанатында қалықтай жөнелді. Әннің иірімдері қандай әдемі! Беу, шіркін,  әсем әннің көңілді толқытып, жүректі тербейтіні бар. Жиналғандарды жан тебіретер нұрлы сезімге бөлеген сазды әуендер көптеп шырқалды. Концертте қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде әндер орындаған өнерпаздардың өнерлеріне ел тәнті болды. Бір әттеген-айы, осындай айтулы әншілер қазақ әндерін көбірек орындаса ғой деген ойға қаласың. Даңғаза, дабыра әуеннен жұрт жалыққан. Ел жүрек қылын шертетін «Аяулым» сияқты әндерді сағынады.  
Ақмола облыстық филармониясының эстрадалық үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен өткен концертте халықаралық байқаулардың лауреаты, белгілі джаз әншісі Татьяна Ким шет тілінде бірнеше әндерді шырқады. Сонымен қатар, филармонияның әншілері де өз өнерлерін ортаға салды. Атап айтсақ, Жанат Есовтың орындауында М.Ақүрпековтың «Сол бір сезім» атты әнін халық жылы қабылдаса, Эльмира Нысанбаева мен Алдияр Ерғали Н.Пахмутованың «Эхо любви» әндерін шырқап, көрермен көңілін көкке өрлетті. Концерт  әнші Бауыржан Исаев пен Ләззат Ыдырысованың орындаған «Атамекен» әнімен қорытындыланды.  
…Мөлдір сезім ән болып өрілгенде, көңілге шіркін, қанат бітеді емес пе? Көкшенің көгінен ән үзілмесін! Ылайым солай болғай!..

Ұлмекен Тыныштыққызы.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар