Тыңғылықты дайындықпен

 Ашылғанына бес жыл ғана болған Аршалы ауданының Жібек жолы ауылындағы Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орта мектеп бүгінде алдыңғы қатарлы білім ошақтарының біріне айналды. Аталмыш мектеп 2011 жылы пайдалануға берілгенде оқушылар саны екі жүзге де толмаса, өткен оқу жылында төрт жүзден асыпты.

– Шүкір бүгінде балаларын қазақ мектебіне беруге ынталы ата-аналар көбейді,–дейді мектеп директоры Ғалия Махамбетова. – Алдын ала болжам
бойынша биыл оқушылар саны алты жүзден асуы әбден мүмкін. Оның айғағы ретінде жылына орта есеппен жүз оқушыға толығып отырғанымызды айтуға болады.
Әрине, кезінде мүлдем қазақ мектебі болмаған ауылда, осыдан біраз жылдар бұрын алғашқы рет 2000 жылы ашылғанда бұрынғы балабақша ғимаратын паналауға мәжбүр болған еді. Ал, 2011 жылы жаңадан салынып, пайдаланылуға берілген Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы қазақ орта мектебінің бүгінде аудандағы ең іргелі оқу орындарының біріне айналғандығы қуантады. Биылғы оқу жылына да бүгінге дейін 68 бала келмекші. Олардың 34-і бірінші сыныптан бастайды екен. Сондай-ақ, мектеп жанындағы шағын орталықта 54 бүлдіршін тәрбиеленсе, тағы да жиырма балаға арналып мектепке дайындық тобы ашылған. Айтпақшы, мұндағы шағын орталықта балалар әдеттегідей түске дейін ғана емес, кешке дейін болады екен. Нақтырақ айтсақ, аталмыш орталықты толыққанды балабақша деуге болады. Онда бүлдіршіндерге барлық жағдай жасалған, әр бала күніне 500 теңгеге тамақтанады. Бір назар аударарлығы, азық-түлік бағасының қымбаттай бастауына қарамастан мектеп әкімшілігі шағын орталықты қажетті
тауарлармен қамтамасыз етуші кәсіпорын басшыларымен бүлдіршіндерге берілетін тамақ бағасын қымбаттатпау туралы келісімге келген.
Ал, мектептің биылғы жаңа оқу жылына деген дайындығына келетін болсақ, мектеп басшысының айтуынша оқу орны шілде айында-ақ толық дайын болған екен. Ауданда биылғы мұғалімдердің тамыз конференциясының  осы мектепте өткізілетіндігі де біраз жайды аңғартса керек.
Биыл аталмыш мектепте 18 бала Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша емтихан тапсырса, орташа көрсеткіш 95,7 балл болыпты. Бұл да облыстағы орташа көрсеткіштен біршама жоғары. Ал, мектеп түлегі Рамила Мұқышева «Алтын белгіге» ие болып, 117 балл жинап, медициналық жоғары оқу орнында білім алмақ. Бір назар аударарлығы, бұл Аршалы ауданындағы қазақ тілінде білім беретін мектептер арасындағы тұңғыш «Алтын белгі». Сондай-ақ, бес оқушының тестілеуде 105 пен 107 аралығында балл алуы да мұндағы білім сапасының жоғары екендігін байқатады. Бұл арада әрине, Сұлушаш Тәтенова, Ғалия Бабақова, Роза Камышева, Жаңалық Әміренова сынды ұлағатты ұстаздардың еңбектерін ерекше атап өту керек.
Биыл 11 сынып оқушысы Әл Фараби Серіктің облыстық Абай оқуларында жеңімпаз атанып, республикалық байқауда облыс намысын қорғайтындығы да мектептің абыройын асыра түсетін жаңалық. Әл Фарабидің мұндай жетістікке қол жеткізуіне оның ұстазы Әмина Жүнісованың да қосқан үлесі зор деп білеміз.
– Бүгінде мектебімізде тәрбиешілерді қоса есептегенде барлығы 45 ұстаз еңбек етеді,–дейді сөзін одан әрі сабақтаған Ғалия Хасенқызы. –Мұғалімдер жеткілікті, бәрінің білімдері де, біліктіліктері де заман талаптарына сай. Қысқаша айтқанда, кадр мәселесі толық шешілген. Ендігі мақсат – білім беру сапасын одан әрі жетілдіре түсу.
Шынында да, мектеп ішін аралап, ұстаздармен жүздесіп, жоғарыда айтқанымыздай, ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесімен танысқан адам аталмыш мектептің алдыңғы саптағы білім ошақтарының бірі екендігіне көз жеткізеді. Тек бір ауысымда ғана сабақ өткізетін мектептің қажет болса оқушылар санын бүгінгіден екі есе артық қабылдауға да мүмкіндігі бар деуге әбден болады.
 Міне, Аршалы ауданы, Жібек жолы ауылындағы Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орта мектептің жаңа оқу жылы қарсаңындағы ахуалы осындай. Алдағы уақытта аталмыш мектетің тек аудан ғана емес, облыс аумағында да ең іргелі оқу орындарының біріне айналары сөзсіз. Оған мұнда мүмкіндік, ал ең бастысы – ынта-жігер, біліктілік пен іскерлік жетерлік.

 

Талғат ҚАСЕН

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар