Валентин күні ме, пәле күні ме?!.

Әулие Валентин күнін атап өтесіздер ме?
Ұл-қыздарыңыз, іні-қарындастарыңызды сол күні түнгі клубқа жібересіз бе? Бұл күннің қазақ қоғамына тигізер зияны қаншалықты? Әрине, сіз бұл туралы тақа ойланған жоқ шығарсыз. Біз түнгі клубтардағы азғындықтың шет жағасын көріп, жағамызды ұстадық.

 

Бала санасын улау
Мектепте оқитын кезіміз. Бір күні мектептің дәлізіне әп-әдемі безендірілген қорапшаны әкеліп қойды. Сыртында кішкентай жүрекшелер, құттықтаулар, қазақша, орысша, ағылшынша «мен сені сүйемін» деген жазулар. Кейін психолог мұғалім бе, әлде сынып жетекшіміз бе, ұмытып тұрмын, біздің сыныпқа келіп:
 – 14 ақпан Әулие Валентин күні. Бұл – бүкіл әлемдік ғашықтар күні. Егер өздерің ұнатқан қыздарың, ұлдарың болса, хат жазып, жәшікке тастаңдар. Жәшікті 14 ақпан күні ашып, хаттарыңды иесіне тапсырамыз. Бұл күні армандарың орындалады, – деді.
Бәріміз басында ұялып едік, кейін бір батылдау сыныптасымыз үлкен іс тындырып келгендей болып: – Мен анау қызға хат жазып, қорапшаға салдым, – деді.  Ұрыста тұрыс жоқ, біз де жаздық. Кейбіреулер тіпті екі-үш қызға бір-ақ жазды. Мен де үш-төрт досымның өтінішін орындап, сол күні өлеңдеттім-ай келіп. Бір қызығы, жай күндері ұялып, сырын ашпайтын қыздар бізден қалысқан жоқ. Аз күнде бүкіл мектеп болып, әлгі қорапшаны хатқа толтырдық.
Кейін ең көп хат алған оқушыларды линейкада жұрт алдында мақтады. Мен сияқты ештеңе алмаған балалар сәл мұңайып қалды. Ештеңе етпейді, «Әулие Валентин күні келесі жылы да тойланады» деді ғой, мұғалімдер. Біз енді сол күнді асыға күтетін болдық.
Біздің сананы ақ-қараны айыра алмайтын оқушы кезімізден бастап улады. Бұған енді кімді кінәлайтынымызды білмейміз.

Әлеуметтік желідегі құттықтаулар
14 ақпан 00:00-ден бастап ұялы телефоным бір тыным таппады. «Әулие Валентин күні құтты болсын», «Әулие Валентин сенің армандарыңды орындасын», «Осы күні сүйгеніңді тап», «Әулие Валентин күнін өз қалаған адамыңмен өткіз» деген сияқты хаттар. Әрқайсына жауап беріп, түсіндіріп жату қиын. Сосын бәріне ортақ хат жаздым: «Валентин әулие дейтіндей кім болған? Бұл қай елдің, қай діннің мерекесі?» деген үш сұраққа «білмеймін, ғашықтар күні дейді ғой. Сол сені құттықтайын деп едім» дегеннен басқа тұшымды жауап болмады.  
Кейбір орысшалау достарыммен ренжісіп те қалдым. Бет көріспейтіндей сөздер айтып: – Если ты неудачник, то не надо в этом винить других! День Святого Валентина был и будет! Это день всех влюбленных! Не надо делить на веру праздники!– деген сияқты ауыр-ауыр сөздер айтып тастағандар да болды.
Көрінгенге еліктеп, не болса соны тойлап кете беретіні қызық осы қазақтың…

Бұл өзі кім болған?..
Валентинге қатысты бірқатар аңыз бар. Солардың бірінде христиан діні алғаш тараған жылдары Валентин есімді католик шіркеуінің қызметкері болғаны туралы айтылады. Ол Рим императоры Клавдий II-інің тұсында өмір сүрген. Сол уақытта жас жігіттер әскерге бармау үшін ерте үйленетін болыпты. Бұндай қулықтың алдын алу үшін Клавдий II олардың әскерге бармай тұрып үйленуіне тыйым салады. Ал, Валентин болса, оларды құпия түрде некелестіріп отырған. Алайда, оның әрекеті әшкереленіп, 14 ақпан күні басы шабылады. Кейінірек, 469 жылы Римнің Геласиус деген императоры 14 ақпанды «Әулие Валентин күні» деп жариялаған екен.  Тағы бір аңызда Валентиннің дін қызметкері екені, христиандарға көмектескені үшін түрмеге қамалғаны, оның түрме қызметкеріне (еркекке) ғашық болғаны, осы ісі әшкере болып басының кесілгені жөнінде айтылса, енді бірінде Валентин шіркеу қызметшісі болғандықтан, қызға сезімін білдіре алмай, оған жүрек тәрізді хаттар жолдайтыны баяндалған. Кейін оның ісі әшкереленіп, жазаға тартылады. «Әулие Валентин күнін» Батыс Еуропа елдері ХІІІ ғасырдан бастаса, АҚШ 1777 жылдан бастап атап өтеді. Ресейде бұл мереке тоқсаныншы жылдардан бастап тойланса, біздің елімізде де көршілерімізге еліктеп іле-шала «Әулие Валентин күнін» атап өту дәстүрге айналды. Алайда, аталған мерекенің шығу тарихынан жастарымыздың көпшілігі бейхабар. Тіпті, католик шіркеуінің қызметшісінің атымен аталып кеткен бұл күнді қазір дәл сол шіркеудің өзі мойындамайтын көрінеді.
Жүрекшелер сату
Көкшетау қаласының дүкендері мен дүңгіршіктерінде, супермаркеттерінде, ойын-сауық орталықтарында түрлі-түрлі жүрекшелер сату дәстүрге айналған. Ақпан айының 12-14 аралығында осындай жүрекшелерге сұраныс өте көп болды. Ең төмен бағасы 35 теңгеден басталып 500 теңгеге дейін баратын ашық хат іспеттес жүрекшелердің безендірілуі мен ішіндегі жазулары сан қилы. Қағазы қалың болғасын ба, жазуы сәл анайылау болғасын ба, әйтеуір, Ресейде жасалған жүрекшелердің бағасы әлдеқайда қымбаттау екен. Ол аз десеңіз сыртын жылтыратып, тағы да сол жүрекше қылып қапталған мүшеқаптар да сатылатын көрінеді. Ал, пүліш пен жібек маталарымен қапталған жастық іспеттес жүрекшелердің бағасы 3500 теңгеден бас-талып, 10 000 теңгеден асып жығылады.
Бұл күні гүлдердің бағасы да әлдеқайда қымбат. Біздің елдің қанша гүл әкелетінін білмеймін, ал, еуропалықтар осы мейрамға тек қана әуе жолымен жүк тасымалдайтын «Луфчансо Карго» компаниясының көмегімен Кения, Эквадор, Колумбия елдерінен 1 миллион тонна раушан гүлін жеткізуге тапсырыс береді екен. АҚШ тұрғындарына күніне ұшақпен 25 рейске дейін гүл тасымалданады. Бұл күндері колумбиялық гүл өсірушілер жылдық табыстың 30 пайызына ие болатынға ұқсайды. Біздің де біраз ақша бір күндік гүлдерге жұмсалып жатыр-ау…

Бос баспана жоқ
Биыл 14 ақпанға кәдімгідей дайындалдым. Аядай ғана Көкшетаудың өзінде қонақ үйлер мен жалдамалы пәтерлердің санында қисап жоқ. Жүрген жерімде сол бір күндік баспаналардың телефон нөмірлерін алып, оларды ініме бердім. Ол екі күн бойы түнгі он екілерде жаңағы жерлерге хабарласты. Бір қызығы, бір бөлме мен екі бөлмелі бос пәтерлер мүлде жоқ екен. Үш-төрт бөлмелі пәтерлер ғана қалса керек. Қонақ үйлер де солай болып шықты. Кейбір қымбат қонақ үйлердің люкс бөлмелері ғана қалған.
Сонда осыншама пәтерлер мен қонақ үйлерді кімдер жалдап алып жатыр?..
 
Үңгірдегі қазақтар
Ертай мен Бауыржан деген достарымды ертіп алып, 13 күні кешкісін клубқа сап ете түстік.  «Ангар» деп аталатын түнгі клубтың есігіне үймелеген жастар көп екен. Бірі кассадан кірерге билет алайын деп кезекте тұрса, бірін ішкі есіктегі күзетші тексеріп тұр. Көптің ішіне біз де кіріп кеттік. Менен

кейін келген қыздар сығылысып алға шықты. Асығыс. Тезірек кіргісі келіп барады. Билет сатушы алдыма шыққан қыздардың куәлігін тексеріп жатыр. Біреуіне: – Сенің жасың жиырма бірге толмаған ғой әлі, саған билет жоқ,– деді. Оған қоя қоятын қыз ба? – Толмаса, толады. Биыл толамын ғой,– деді. Ұялу, қымсыну дегеннен ада. Кассадағы: –Толған күні келерсің,– деді. Сөзіне кәдімгідей риза болып қалдым.    
Біз ішке кіріп бара жатқанда жаңағы қазақ-тың қызы күзетші жігітке жалынып, жал-барынып, қиылып сұрап, қиналып тұр еді…
Ішіне кіре салып би алаңы мен бар (арақ-шарап сататын жер) екеуі қатар көрінетін жерге жайғастық. Арағы мен тамағының

бағасы удай қымбат. Ішпесек те, қарап отырмыз. Екінші қабатта бір мыңнан үш мың аралығындағы VIP орындарда арзаны 3 500 теңге, қымбаты 7000 теңгеге кальян сатып алып, қыздар шегіп отыр. Арнайы темекі шегетін орында да көк түтінге тұншыққан жастардың дені қыздар екенін аңғардым. Айналып би алаңына түстім. Бәрі жынданған секілді селкілдеп билеп жатыр. Еркегі ұрғашысын, ұрғашысы еркегін аймалап, сүйкеніп, ұяттан жұрдай күй кешуде. Жарқ-жұрқ еткен лазер сәулесінің ішінен бір танысымды шырамыттым. Ол да мені көріп қалды. Мен осында жүргенім үшін ыңғайсыздандым, ол мені көргеніне таңқалды.
Ертай мен Бауыржан отырған үстелді бетке алып келе жатсам, жүзі таныс тағы бір қыз билеп жүр. Сондай бақытты көрінеді. Қайдан көрдім десем, бағана есіктегі күзетшіге жалынып тұрған қыз екен. Келе салып Ертайға: – Мына жерге 21 жасқа толмағандарды кіргізуге болмайды ғой. Анау қыз есіңде ме? Жасы 20-да ғана деп еді, қалай кіргізіп жіберген,– десем, Ертай:– Сен оны айтасың, анау жерде менің таныс бір қызым билеп жүр. Қасындағысын көрдің бе? Сіңлісі екен. Ол 17 жаста ғана. Ал, бұған не дейсің?! – деді.
Өлексеге үймелеген шыбындай бардың қасындағы адам саны көбейіп барады. Біздер сияқты көңілсіз қонақтарды сергітетін сайқымазақтары да бар екен. Бір қыз бен бір жігіт біздің алдымызда істемегенін істеді. Бізді сүйреп жүріп би алаңына шығармақ. Үстіне жүрек сияқты костюмін киіп алған тағы біреу жұртты махаббат күнімен құттықтап суретке түсіп әлек. Әр 10-15 минут сайын диджей (музыка қоюшы) жұртшылықты «Әулие Валентин күнімен» құттықтап жатыр. Бір кезде музыка қалт тынды. Жүргізуші жігіт ортаға екі жігіт пен екі қызды алып шықты. Ойын ойнатпақшы. Ойын шартын түсіндіру қиынға соқпады. Ортаға екі шелек қар әкелінді. Мақсаты екі жігітті талтайтып отырғызып қойып, бұттарына жаңағы қардан еркектің жыныс мүшесін жасап
шығу. Және кімнің мүсіні үлкен әрі ұқсас болса, сол жеңіске жетеді. Бір қыз ұялып ойыннан шығып кетті. Уф, қазір екіншісі де ұялар. Ойланар. Сөйтіп, бұл арсыз ойын ойналмай  қалар деп едім. Көпшіліктің ішінен басқа қыз атып шығып, танымайтын жігіттің бұтына жармаса кетті…
«Ангарда» емес, тура бір үңгірде жүргендей, арсыз, жабайы адамдардың ішінде тұрғандай болдым. Өкініштісі – соның 90 пайызы қазақтар! Осындай сәттерді фотоға түсіргіміз-ақ келіп еді. Оған қырағы күзетшілер қатаң тыйым салды.
Таңғы үштен аса төбелес басталып кетті. Ангардың ішінен басталған төбелес, сыртта аяқталды. Есік алды қып-қызыл қанға боялды. Болатыны болған шығар, енді үйге қайтайық деп отырған біздер сияқты біраз қыз тәлтіректеп кетіп жатты. Шіп-шикі мас. Шамасы, мұнда бәрі екі аяқтап келіп, төрт аяқтап кететін сияқты. Дәретханалары түгел құсық. Жиіркенішті.

«Әулиеге» алғыс айту
Әулиеге ат айтып, қорасанға қой айтып, жеті пірге сыйынып жолға шығатын Қобыланды батырдағыдай, бұл күні Валентинге ат айтып, құран бағыштамаса да біршама алғыстар айтылды.
14 ақпан күні жаныма тағы сол Ертай досымды ертіп алып, «Евразия» дейтін клубқа бардым. Кешегі «Ангарға» әрқайсымыз 3500 теңге төлеп кіріп едік, мынау арзандау екен. Екі мыңнан шығардық. Мұнда да біраз таныстарымызды көрдік. Күндіз көрсең ойланбай үйлене салуға болатын қайран қара көз қазақ қыздары мұнда да қирай мас. Арсыз. Ұятсыз кейіпте.
Ойын мен бидің қай кезде қызатынын біліп алғанбыз. Кешегідей ерте барып сопайып отырмадық. Біз бара салысымен диджей жігіт ортаға Зарина деген қызды алып шығып, экранға назар аударыңыз деді. Көлемі қабырғадай үлкен экраннан қыздың өз фотолары көрсетіле бастады. Міне, жігітімен түскен суреті. Міне, екеуінің ешкімнен қымсынбай сүйісіп тұрған суреті. Әне, көл жағасында күнге қыздырынып жатқандары… Осындай сәл ұятсыздау суреттерден соң қыздың суретінен «Маған тұрмысқа шықшы» деген жазуды оқыдық. Қыз жылап тұр. Сол арада қолына сақинасы мен қызыл гүлін алып, жетіп келген жігіті қыз алдына тізерлеп отыра кетті. Тура шет елдің киносы дерсің. Қыз алдында иіліп, тізе бүгіп отыру ата-бабамызда жоқ әдет болса да, сол сәтте әсерлі көрінді. Қыз келісім берді. Тура көз алдымызда жаңа отбасы дүниеге келді. Жүргізуші мен екі жас Әулие Валентиндеріне шексіз алғысын айтып жатты. Құдды оларды таныстырған да, табыстырған да Құдай емес, осы Валентин сияқты…    
Анайы би алаңы
Жүргізушінің шақыруымен ортаға «Лехард» па, әлде «Рекорд» па әйтеуір сондай бір шоу-балеті шығып, бір билеп алған соң, сайтан болып киініп, кеудесіне қойдың жабағы жүніндей сабалақ желетке киіп, құйымшағына құйрық жалғап, жеңі мен балағын жалбыратып алған жігітті қонақтар аса бір үлкен ықыласпен, қошеметпен қарсы алды. Бұл – эротикалық «Интрига» шоу-дуэтінің бишісі екен. Сахнаның шет жағында тұрған бақанға асылып, аянбай биледі. Билеп жүріп өзін-өзі шешіндірді. Жалаңаштанған сайын қыздар жағы у-шу, мәз-мейрам болды. Ес-ақылынан адаса бастады. Себебі, биші қыз емес, еркек еді.
Валентин емес, пәле күні болған осыны тойлауды қалай тоқтата аламыз?!.

Мерген Тоқсанбай

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар