Василий Митрофанович Бенберин

1918 жылы 9 мамырда Ақмола облысының Сандықтау ауданындағы Богословка селосында дүниеге келді. Жігерлі жас орта мектепті бітіре салысымен-ақ еңбекке қызу араласты. Фабрика-зауыт училищесін тәмамдағаннан кейін Көкшетау «Астық дайындау» пунктінде жүргізуші болып еңбек етті. 1938 жылы жұмысшы-шаруалардың Қызыл Армиясына әскерге алынды. Қызыл Армияның Польша жорығына және Фин соғысына қатысты.
Ал, 1944 жылы Орлов танкі училищесін тәмамдағаннан кейін майданға аттанды. Ол 1-ші Беларусь майданының құрамында Польшаны азат ету ұрыстарына қатысып, өшпес ерлік көрсетті.
Алғы шептегі ұрыстардың бірінде гвардия кіші лейтенанты Василий Бенбериннің танкісі Пилица өзенін кешіп өтіп, жаудың қалың нөпірін жермен-жексен етті.
Сөйтіп, ол өзеннің арғы бетіне алғашқылардың бірі болып шығып, жау бекінісін басып алды. Осылайша кеңес әскерінің негізгі күші келгенше жауға бас көтертпеді.
Ловеч қаласы үшін болған ұрыста аға лейтенант К.Никоновтың взводының құрамында болған оның экипажы Бзура өзені арқылы қалаға басып кірді. В.Бенбериннің экипажы арнайы бұйрық алып, теміржол стансасын басып алды. Осы жанқиярлық ерлігі үшін оған КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1945 жылдың 27 ақпанында Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі тапсырылды. Сондай-ақ, «Қызыл жұлдыз» және 1-дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған.
Василий Бенберин майданнан оралғасын да болдым, толдым демей, ел игілігі жолында аянбай еңбек етті. 1949 жылы Жоғары партия мектебін бітіріп, Көкшетау облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, Алматы қаласы Октябрь аудандық партия комитетінің өнеркәсіп және көлік бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды.
1975 жылы зейнеткерлікке шықты. Ұлы Жеңісті жақындатқан Батырлардың бірі – жерлесіміз В.Бенберин 2005 жылдың 24 қаңтарында Алматы қаласында 87 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Осы орайда, ерекше айта кететін бір жай, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, Кеңес Одағының Батыры Василий Бенбериннің құрметіне Алматыда салтанатты жағдайда қала басшылығының, зиялы қауым өкілдерінің және батырдың әріптестері мен туған-туысқандарының қатысуымен ол тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылған болатын.
Батыр жерлесіміздің дүниеден өткеніне біраз уақыт өтсе де, оның ерлігі отандастарының жүрегінде мәңгі сақталатыны сөзсіз. Себебі, Отан үшін жасалған ерлік ешқашан да, еш уақытта ұмытылмайды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар