Қылмыс пен жаза

Парақор полицей айыппұл төлеп құтылды

Жемқорлық қылмыс жегі құрттай қоғамның жазылмас дертіне айналып отыр. Оның сырқатына шалдыққандар халықтың ырысына ауыз салады, жарлыны да зар жылатады. Ал, қарапайым адамдардың құқығын қорғайды дейтін тәртіп сақшылары пара десе ұйқысынан оянатын болды.
Жақында Аршалы аудандық сотында жергілікті ішкі істер бөлімі бастығының бұрынғы орынбасарына қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол қызмет бабын жеке мүддесіне пайдаланып, бір жәбір көрушіден 90 мың теңге пара алып, қалтасына басқан екен.
Бұл істі зерделеп қараған сот айыпкер тұлғаны 11 миллион 148 мың  теңге көлемінде айыппұлмен жазалап, бар лауазымдық шендерінен айырды.
Бұрындары мұндай қылмыс жасағандар темір торға тоғытылатын-ды. Жаңа жылдан бері Қылмыстық кодекске жаңалықтар енгізіліп, мұндай парақорлар қыруар қаражат төлеп, бас еркінен айырмау жазасына кесілетін болды. Бәлкім, парақор полицейді түрмеге тыққаннан гөрі, осылай ел бюджетін толықтырғанымыз да жөн шығар. Әйтпесе, мұндайлар қапастан шыққасын да ұялмай,  билікке қайта араласатынын несіне жасырамыз?!.

 

 

Жат ағымның жетегінде жүріп, түрмеге түсті

 

Сыбайлас жемқорлық сияқты діни экстремизм де халықтың зәресін алып болды. Оңтүстік пен батыстағы лаңкестік оқиғалар біздің елімізде де  жат ағымның қаупі молайғанын көрсетеді. Әсіресе, елдің ішкі тыныштығына сына қағатын бұл кеселмен күресу маңызды мәселеге айналып отыр.
Атбасар аудандық сотында  діни экстремизмнің арбауына түскен бір азаматқа сот процесі болып өтті. Оған лаңкестікті уағыздап, нәсілдік және діни алауыздық тудыратын насихат жүргізді деген айып тағылды.
Айыпкер дәстүрлі емес діни идеологияны ұстанып, жат ағымның жетегінде кеткені  анықталды. Ата дінімізге қайшы келетін әдебиеттерді де таратқан болып шықты. Енді ол осы қылмысы үшін төрт жыл өмірін темір торда өткізбекші. Соттың ұйғарымы осылай болып отыр.
Тар қапастағы тауқымет күндер оның жүрегін тазартар, бәлкім. Жастай жат ағымға еріп, болашағына балта шапқаны жақсылық болмаса керек.

 

 

Көкнәрді сақтасаң да, тұтынсаң да жазаланасың

 

Есірткіге еліктеп, есі кеткендер де  елдің тынышын алып тұр. Әр ата-ана баласының жаман жолға  түспеуін ойлап қам жейтін болды. Ал, наша сатып, пайда көргендер мол олжа үшін арды да аттап жүре береді.
 Зеренді аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шарасын өткізу барысында Гранитный кентіндегі «Ардагер-Неруд» серіктестігінің ғимаратында бір азаматтан  марихуана есірткі затын тәркіледі. «Дәл түрменің іргесіндегі кәсіпорында есірткіні не үшін өзінде сақтады?» деген де сауал туады. Темір торда да есірткі таратушылар бар деген әңгіме жиі айтылады.  
Бірақ, қамауға алынған күдікті көкнәрді өзі тұтыну үшін тауып алғанын алға тартқан. Сөйтіп, бұл іс аудандық сотта қаралып, айыпталушы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 296 бабы 2 бөлімі бойынша  кінәлі деп табылып, 49550 теңге көлемінде айыппұл салынды.

 

Топтаманы дайындаған Бақыт СМАҒҰЛ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар