Ырыс ынтымаққа үйіріледі

Кеше облыс әкімі Сергей Кулагин жұмыс сапарымен Еңбекшілдер ауданында болып, ел ішіндегі тыныс-тіршілікпен танысты.

 

Өңір басшысы Аңғал батыр ауылындағы Амангелді орта мектебінде болды. Білім ошағы сонау 1984 жылы салынған, қамсауы кетіп, ескірген.  Күн онша суық болмағанымен, іші қоңыр салқын екен. Облыс әкімі оның суық болу себептерін сұрап білді. Алдағы жылы мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі көтерілді. Облыстық бюджеттен 103,7 миллион теңге қаржы бөлінбек. Мектеп жанындағы «Балдәурен» шағын орталығында бүлдіршіндер тәрбие алуда. Олар мұнда күнұзақ болады. 360 оқушыға арналған 3 қабатты білім ошағында қазір 134 оқушы білім алуда. Көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың 70-ке таяу жеткіншектері ыстық аспен қамтамасыз етілген. Өңір басшысы ұстаздар қауымымен және оқушылармен кездесіп, пікір алмасты.
Мұнан соң облыс әкімі «Жаңалық GOLD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Құрамында алтыны бар кен өндірумен және барлау ісімен айналысатын кәсіпорын 2003 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 2015 жылы жалпы құны 317,9 миллион теңгені құрайтын 2 мың тоннаға жуық кен өндірген. Биылғы жылы көрсеткіштері де қомақты.  Цифр тілімен өрнектесек, 11 айдағы табыс-тары 570 миллион теңгеден астам. Қазір кәсіпорында 100-ден астам адам  жұмыс істейді. Жұмысшылардың орташа еңбекақысы 118 мың теңге көлемінде.
Өңір басшысы мұнан соң «Сапфир Beef»    жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Бүгінгі таңда мал басын көбейту, тұқымын асылдандыру маңызды шаруа. Етті мал тұқымымен айналысып жатқан серіктестік қазір бұл істі мықтап қолға алған. Бағымдағы 755 бастың 555-і сиыр. Оған қоса 100-ге жуық асыл тұқымды бұқа бар. Жаз айында мал азығын жеткілікті да-йындап алған. Мал басын көбейту үшін жайылымдық және шабындық жер қажет екендігі белгілі. Мал азығын өндіру де өз алдына жеке бір мәселе. Серіктестіктің 2 мың гектардан  астам егістік жері бар. Ал, жайылымдық жері 1500 гектар жерді құрайды.  Жайылым тарлық еткен соң серіктестік басшыларының өтініші ескеріліп, қосымша 5 мың гектарға жуық жер бөлінген. Онсыз да шөбі құнарлы өңірдегі мал азығын барынша байыту үшін 800 гектар жерге судан шөбі егіледі. Қазір серіктестік мал тұқымын асылдандыру ісімен ғылыми негізде айналысады. Шеттен әкелінген асыл тұқымды мал жергілікті жердің ауа райына бой үйретіп, еш қиындықсыз өсуде. Тәуліктік салмақ қосу көрсеткіштері де қомақты. Етек-жеңі кең пішілген шаруашылықтың төлге арналған, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникаларын қоятын орындары жұтынып тұр. Шағын зауытта  байытылған мал азығы өндіріледі.
Бүгінгі таңда үлкен сұранысқа ие болып отырған ет өнімдері алдымен облыс ішінде сондай-ақ, көршілес облыстардың және Астана қаласының сауда нүктелеріне жөнелтіледі. Қазіргі күні Астана және Көкшетау қаласының   ірі сауда орындарымен келісім-шарт жасалуда.
Степняк қаласында қараусыз қалған ғимараттар аз емес. Соның бірі қолға алынып, қайтадан жөнделіп, 21 пәтерлік тұрғын үйге лайықталып,  салынуда. Құрылыс жұмыстарын «Таир» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Жобаның жалпы құны 127,681 миллион теңгені құрайды.  Қазіргі күні ғимараттың ішкі жұмыстары аяқталып, есік-терезелері орнатылған. Ендігісі жылу жүйесі, электр қуаты тәрізді  соңғы шаруалар. Құрылыс жұмыстарымен айналысып жүрген 21 құрылысшының орташа еңбекақысы 70 мың теңге. Осы жерде облыс әкімі қараусыз қалған құрылыстарды толық игеріп, кәдеге асыру қажеттігі туралы тапсырма берді. Аудан орталығындағы өтпелі кезеңнің тұсында қараусыз қалған құрылыстар қайтадан жөндеуден өткізіліп, елдің кәдесіне жарайтын болса, оның пайдалы тұстары көп. Мәселен, дәл осындай тұрғын үйлер салынса, тұрғындар баспаналы болмақ. Әрі елді мекеннің ажары да сәулеттеніп, сұлулана түсер еді. Облыс әкімі ешбір құрылыстың пайдаға жаратылмай қалмауы туралы ескертті. Жалғыз ескерту ғана емес, көрсетілер көмек туралы да айтылды. Егер қажетті құжаттары дайын болса бюджет тарапынан қаржы бөлінбек.
Облыс әкімі әртүрлі мәселелері бойынша өтініш айтып келген аудан тұрғындарын қабылдады. Мұнан соң аудан активіне қатысты. Ауданда атқарылып жатқан шаруаларды безбендеген өңір басшысы оң бағасын берді. Осы жұмыстардың барлығы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірлесе қимылдаудың арқасында жүзеге асып жатқаны ақиқат. Демек, ел ішінде сүттей ұйыған ынтымақ бар. Ал, ынтымақ бар жерде ырыстың үйірілетіні белгілі. Міне, осы жайларды айта келе, өңір басшысы аудандағы бүгінгі тыныс-тіршіліктің қалыпты екеніне тоқталып, өз бағасын берді.
– Аудан әкімі Асқар Қиықов басшылық қызметте әзірге көп тәжірибе жинақтай қоймаса да, ауданда іргелі істер атқарылып жатыр, – деді облыс әкімі, – алдағы уақытта да елдің әлеуметтік тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытында қолға алынатын іс шаш етектен.
Жиын соңында өңір басшысы аудан жұртшылығын ел тәуелсіздігімен құттықтады.  Өткен жыл ішінде өздері еңбек етіп жүрген салаларында табысты жұмыс істеп, толымды нәтижелерге қол жеткізген озаттар марапатталды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.  

Еңбекшілдер ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар