Қыс – қатал сыншы

Мал азығын дайындау жұмысымен айналысатын ауыл еңбеккерлері  алдағы мал қыстату науқанына қажетті шөп шабу барысында біршама қолайсыз жағдай туып отырғанын тілге тиек етеді. Енді істі барынша ширатқан абзал. Ырғалып-жырғалуға уақыт жоқ.

Барлық өңірде дерлік шабындық алқаптар сұйық, шөптің түсімі айтарлықтай мол болмаса да ерінбей еңбектенген шаруаға қажетті шөп қорын жинап алуға әбден болады.  Өткен қыстың қарлы, көктемнің жауын-шашынды, маусым, шілде айларында ыстық болса да табиғи шөптің тез көтеріліп, тығыз өсуіне әсер етпеді.   Өзен-көлдердің тасып, сай-салаға көктемде судың кең жайылуы да шөптің бітік шығуына септігін тигізе алмады. Әрине, мұндайда науқандық жұмыстың табысты жүргізілуіне мал азығын дайындауға байланысты шаруашылықтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың да жәрдемі тиетіні анық. Қазір мал азығын дайындауға мемлекет тарапынан қаржылай көмек, арзандатылған жанар-жағармай беріледі. Бұған қоса, сауда нарығында табиғи пішенге сұраныс жоғары, бағасы да жыл сайын өсіп келеді. Аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі − «Журавлевка − 1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мал шаруашылығымен қатар егіншілік, картоп өсірумен де айналысады. Науқандық жұмыстың табысты болуына  жергілікті жерлерде жұмыстың дұрыс ұйымдастырылуы, ыждаһатты жүргізілуі де елеулі әсерін тигізгені даусыз.
«Журавлевка − 1» серіктестігінің пішеншілері биыл шабындық басына ерте шықты. Маусым айының басында науқанды бастап кетті. Мал азығын дайындаудың екпінді екі айлығы жақсы нәтиже берді. Мұнымен бірге, жергілікті жерлерде соңғы жылдары шөп шабатын және дайындайтын қыруар техника жаңарды. Тұрғындарды еңбекке тарту жақсарып, науқандық жұмыстарға адам күші жеткілікті дәрежеде жұмылдырылды.
Серіктестік директоры Сергей Ковбасаның айтуынша, шаруашылықтың мал өнімдерін өндіруде қол жеткізіп отырған табыстары да аз емес. Жыл сайын аудан тұрғындарын сапалы етпен қамтып келеді.
Қазір де шабындықта еңбек ырғағы өсе түскен. Жұмыс қарқынды болғанымен, еңбектің өтелуі баяу.  2 мың гектар зығыр, 400 гектар көпжылдық шөп алқабы болғанымен, шығымы көңіл көншітпейді.  Өткен жылы барлығы 600 тонна шөп шабылып, маяларға салынса, биыл ауа райының қолайсыздығы қолбайлап отыр. Енді күннің әрбір ашық сәтін барынша тиімді пайдаланған абзал.

Аслан НЫҒМЕТЖАНҰЛЫ.
Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар