Қыста жолың қалай, жолаушы?!.

Мамандардың болжамдарына қарағанда биылғы қыс жылдағыдан қарлы. Қаланы да, даланы да қалың қар басып қалды. Облыстың орманды өңірлері Зеренді, Сандықтау, Бұланды және Бурабай аудандарында қар жылдағыдан екі-үш есе көп түсті.  Қазір бұл жақта қардың орташа қалыңдығы 8 сантиметрге, ал, кей жерде 20 сантиметрге жетіпті. Осының салдарынан  кейбір  шалғай  ауылдардың жолы жабылып,   тұрғындарының қатынауы қиынға соғып отыр.

Бурабай ауданындағы Жаңажол ауылы – «Астана-Көкшетау» тас жолының бойында орналасқан елді мекен. Алайда, ауылдан негізгі жолға дейінгі 7 шақырым қашықтықтан өту қыстың бұрқасынды күндері қиямет-қайымға айналады. Өйткені, боранды күндері үлкен жол жабылып, көлік қозғалысына шектеу қойылады. Осының салдарынан коммуналдық қызметтің көліктері елге жете алмай, ауыл тұрғындары қар тұтқынында қалып отыр.
Редакцияға хабарласқан ауыл тұрғыны Серік Адалбекұлының айтуына қарағанда, амалы азайған ауыл тұрғындары жиылып, қар басқан жолды күрекпен тазалап, шұғыл жолға шығуға мәжбүр болған көлікке жол аршып беруде. Олардың ақ түтек боранда қар күреп жүргендеріне бірнеше сағат болған. Алайда, қалың түскен қардан жолды аршу үшін көп уақыт керек.
– Әкімдер, басқа да билік өкілдері бұл жағдайдан хабардар. Бірақ, 3 күннен бері жолды аршуға ешбір техника келген жоқ. Амалсыз 7 шақырым жолды қолмен аршуға кірістік, – дейді Серік. Ауыл тұрғындары жолға жауапты ұйымдардан бұл мәселенің алдағы уақытта дұрыс жолға қойылуын сұрайды. Аудан орталығының іргесіндегі ауылға боранды күндері жолдың жоқтығынан жедел жәрдем көлігі де жете алмайды. Мұндай жағдай облыстың кез-келген  аудандарында кездесуі әбден ықтимал. Жақсы, Есіл және   Жарқайың тәрізді шалғайдағы аудандарда, ауылдарда жағдай мүлдем қиын. Аталған аудандардың аумағы арқылы өтетін республикалық жолдар қыс айларында күн сайын дерлік жабылатынын ескерсек, ауылға апталап ат ізі түспейтіні анық. Таяқ тастам жердегі Зеренді ауданының өзінде Ортағаш, Қарашілік ауылдары қыс айларында жолдың зардабын тартады. Аталған ауылдардың жолдарын коммуналдық қызмет пен жергілікті шаруашылықтар өз күштерімен тазартуға тырысқанымен қыс өз дегенін істетуде.
Қаңтар туғалы қыс қаһарына еніп, қалың ұлпа қар көміп кетті. Қазір қыстың сарышұнақ аязы әбігерге салса, көктем айларында қар көбесі сөгілген кезде де су тасқыны баршаны тағы бір сынайтыны анық. Әсіресе, қала ішіндегі қардың күрт еруі тұрғындар мен бірқатар нысандарға қауіп туғызуы мүмкін. Сондықтан, табиғат апаттарын болдырмау үшін Көкшетау қалалық әкімдігі облыс орталығын қалың қардан тазалау жұмыстарын биыл әдеттегіден ерте бастап кетті. Бұл жұмыстарды «Көкше Жәрдем» коммуналдық кәсіпорны мен «Көкшетау ДЭУ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сияқты қаланың коммуналдық кәсіпорындары  атқаруда. Кестеге сай қаладағы жүзге жуық көшенің әрқайсысы ай сайын тазартылады. Осы мақсатта қалалық бюджеттен қолмен тазалау және механикаландырылған жұмыстарға қомақты қаржы бөлінген. Қала көшелері мен алаңдарындағы қарды тазалау жұмыстарын қалтқысыз орындау мақсатында жұмыс кестесі мен жоспары жасалған. «Көкше Жәрдем» кәсіпорнында қар тазалау жұмыстарына 51 техника мен 150 адам жұмылдырылған. Қыс басталғалы 30825 текше метр қар қала сыртына шығарылыпты. Коммуналдық сала мамандарының сөзіне қарағанда, су көп жиналатын көшелер мен шағын аудандардың тізімі бар.                            
– Қаладағы Жайлау шағын ауданына іргелес ескі ет комбинаты, Застанционный және Бірлік тәрізді шағын аудандарда қар көп болғандықтан, жыл сайын көктемгі су тасқыны орын алады. Сондықтан, коммуналдық сала мамандары бұл жерлерді жіті қадағалауға алып, қар тазалау жұмыстарын жиі ұйымдастырып отырмыз,–дейді кәсіпорын басшысы Олег Топорков.
Сонымен қатар, облыста жыл сайын көктемгі су тасқыны болуы ықтимал аудандар да жіті бақылауға алынған. Мәселен, биыл Атбасар қаласында қар мөлшерден көп жауып, көшелерді басып қалды. Қала әкімі Нұржан Қамбатыровтың айтуынша, қазіргі күні отыз мың текше метр қар қала сыртына шығарылды. Қар тазарту жұмыстары одан әрі жалғасуда.
– Көшелерді техника күшімен тазартумен қатар, аялдама маңдары, жаяу жүргіншілер жолдарын, қар мен мұздан тазалау үшін қол жұмыстары да қатар атқарылуда, – дейді Нұржан Қамбатыров.
Жалпы,   қысқы  уақытта  облыс бойынша 7890  шақырым   автокөлік жолдарын қардан тазалап отыру міндеті жүктелген. Оның 2260 шақырымы республикалық, 2665 шақырымы облыстық және 2965 шақырымы аудандық маңыздағы жолдар. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бекзат Бекішев осы күні облыс аумағындағы жолдарды қысқы маусымда тазалау үшін 8 мердігер ұйыммен келісім-шарт жасалынғанын атап өтті. Қар тазалауға қажетті 81техника бар. Жанар-жағармай мен көктайғақ кезінде қолданылатын материал да жеткілікті. Сонымен қатар, 2016-2017 жылдары қыс айларында болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жергілікті атқарушы органдар және төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесіп өткізетін шаралардың жос-пары бекітілген. Ағымдағы жылы аудандық мақсаттағы жолдарды, Көкшетау, Степногорскідегі қалаішілік жолдарды күтіп ұстау үшін бюджеттен 179  миллион теңге қаржы бөлініп, жергілікті шаруашылық субъектілерімен меморандумға қол қойылған. Қар жауған күндері жолдың жағдайына жауапты мекемелердің жұмысшылары түнімен жұмыс істейді, – деп түсіндірді Бекзат Бекішев.
Иә, қаңтар өткенімен, алда әлі ақпан, наурыз тұр. Бұл айларда да қар мол түсуі, күн боран-шашынды болуы мүмкін. Сондықтан, ауыл, қала жолдарын таза, ашық ұстау – әр деңгейдегі әкімдер үшін бүгінгі күннің басты бір міндеті десек қателеспейміз.

Аслан Оспанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар