Қыздар жұмыс, қожайын қызық іздейді…

Алма ағаштың бүріндей, аққудың көгілдіріндей, нәркес көз нәзік, ақылына көркі жарасқан қазақтың ару қыздары ай-күннің аманында жылап жүрсе қасірет, әрине. Жасырары жоқ, пенде баласы қолына аз-мұз дәулет оралса, бұ дүниеге қонақ екендігін ұмытып кететіні бар. Ақшаның буына пісіп, арды да, ұятты да ысырып қоятындар қиястықтың қияметке бармайтынын ұмытатындары өкінішті-ақ. Біздің меңзеп отырғанымыз, тоқал алу мәселесі. «Әйел – отбасының тірегі. Егер әйел өзінің құдай қосқан қосағы, ақ некелі жарымен, сол қосағынан тапқан бала-шағасымен өзін бақытты сезінбесе, онда оның басқа жерден бақыт табуы, жалпы, бақытты болуы мүмкін емес. Яғни, әйелдің бақытын табатын жалғыз орны – өз үйі, отбасы». Бұл сөздерді данышпан  Лев Толстой айтқан.

Біз әлі күнге дейін құлдық психологиядан арыла алмай жүрміз. Біреу жылатса да, біреуден жәбір көрсек те, сол баяғы ұят болады деген оймен, көнбіс мінез, кешірімшіл қазақ бәріне де шыдап бағуға бар. Осының салдарынан оң мен солын ажырата алмай жүрген жас қыздар «қақпанға түсіп», өмірлерін өкінішпен өткізуге мәжбүр. Мәселен, шетелде жас қызға көзіңді қысып, сөз айтпақ түгілі, «қарындас» деп қиыла сөйлесең, моральдық-материалдық шығын төлеуіңіз мүмкін. Шетелдік қыздар жоқ нәрсені желеу етіп, «менің ар-намысыма нұқсан келтірді» деп сотқа жүгіне отырып, мыңдаған соманы өндіртіп алудан да тайынбайды.
Ал, біреуден жәбір көрген қазақ қызы үндемей, ішіне түйіп, оны үйіндегі ата-анасына айтуды ар санайды. Біздің қазақ менталитетінде ондай әңгіме ашық айтылмаған. Осыдан барып, жасанды түсік жасатып, жан жарасын жамылған жас қыздар саны көбейіп жатқандығы жасырын емес. Бізге дейінгі қазақта кедей тоқал алмаған. Қазіргі таңда қатын-баласын жылатып, бір әйелін асырай алмай жүрсе де, өрімдей қыздардың обалына қалып жүргендер баршылық. Қоғамға кесел болып орнаған бұл дерттің түп тамырында не жатыр? Жас қыздардың өздері екінші әйел не болмаса жұқалап айтқанда «тоқал» болуды ар санамайды, ата-анасынан жасырса да, былайғы таныстарына «мен бәленбайдың «нақсүйерімін» деп кеуде қаға мақтанып айтатындарын естиміз.  Психологтардың пайымдауынша, осы «тоқал» болу мәселесін туындатып отырғандар кедейшіліктен арылудың оңай жолын іздейтіндер. Жалпы, біздіңше, мұның барлығы батысқа еліктеушіліктен басталған. Негізі, әрбір ер азамат өзінің шаңырағының ұйытқысы саналатын жан жолдасын балапандарымның анасы деп алақанына сала білсе, мұндай мәселе туындамасы анық.
Исламда төрт әйел алуға да рұқсат етілетін көрінеді. Ол үшін оның заңды әйелі бұған рұқсат беруі керек және өзіңнен өрбіген ұрпағыңды бағып-қағып асырай алсаң, соған бақ-дәулетің жетсе ғана құп алынатыны бар. Асырай алса алсын, біздің оған еш қарсылығымыз жоқ. Бізді толғандыратыны бүгінгі қоғамда тоқал алудан гөрі біреудің «нақсүйері» болу мәселесі ушығып тұрған сияқты.   Жаңа оқу жылы басталғалы бері қала көшелерінде жастарды көптеп көруге болады. Олардың басым көпшілігі ауылдан арман қуып, оқу оқимын деп келген ұл-қыздар. Күні кеше ғана осындай мақсатпен ауылдан келіп, бүгінде күректей дипломы қалтасында алайда, жұмыс таба алмай ондаған мекеменің табалдырығын тоздырған жас мамандардың да бірталайын  қаладан кездестіресіз. Солардың бірі Динара Толқыбаева (есімі белгілі себептерге байланысты өзгертіліп алынған). Динара бізбен өрген әңгімесінде жоғары оқу орнын бітірсе де әлі күнге дейін тұрақты жұмыс таба алмай жүргендігін сөз етеді.
– Төрт бірдей мекемеде еңбек еттім. Алдымен сынақ мерзімінен өтесің дейді. Содан кейін тәжірибең аз деп жұмысқа алмай қояды. Менімен бірге жұмысқа тұрамын деп барған курстас қыз қызметке тұрды. Себебі, ол біздің қожайынмен «көңілдес» болып алды. Онысын тіпті, мақтан тұтатын сияқты. Қалайша, мұның ұят емес пе десем, «ар-ұят деп жүргенімде, мені кім асырайды? Алдап-сулап «кәрі қақбастың» қалтасын қағамын», – деп сылқ-сылқ күлген. Қожайыны қымбат сыйлықтар жасап, алақанына салып, еркелететін көрінеді. Пәтер жалдап беріпті. Қызғанғаным емес, бірақ мен одан екі есе білімдімін ғой. Бірақ, бірбеткей мінезім үшін, адалдығым үшін жұмыстан айырылдым, – деп қынжылады Динара.
Шынында да қыздар жұмыс іздейді, ал, ақшаның буына піскен қожайынға «қызық керек». Сөз басында айтып кеткенбіз, бұрындары тоқал алу мәселесі өткір болатын. Сонау ықылым заманда байлар бірнеше әйел алған. Әйелдер теңсіздігі туралы мәселе де өзекті еді. Осының анық айғағындай, бұл тақырыпта қазақ әдебиетінің көрнекті ақын-жазушылары, айтар болсақ, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Спандияр Көбеев, Сұлтанмахмұт Торайғыровтар өз шығармаларында дөп басып айтқан. Мәселенки,  Міржақып Дулатов болса, әмеңгерлікті сынап, оны мұсылмандық нормаларға қарсы салт деп санағаны белгілі. Бәріміз білеміз, сол кездегі алаш зиялылары қазақ қыздарының оқыған-тоқығаны мол, сауатты болғандарын қалаған. Жасырары жоқ, арда тұтқан ұлт зиялыларының аңсаған арман-тілектері бүгінде орындалған іспетті. Қандай оқу оқимын десе де, қазіргі қыздардың жолына ешкім бөгет болмайды, сүйген жігітіне қосыламын десе, ол да өз еркінде. Құдайға шүкір, Қамардай сұлудың тағдыр тауқыметін тартпай, Жамалдың  жан жарасын сезінбесінші енді. Ендігі арада қазақ қыздары жыламасын деп тілейік.
Он жеті-он сегіздегі жас қыздардың барлығы оң-солын әлі де болса ажырата алмайды. Ал, өрімдей қыздың өмірін улап, бір күнгі қызық үшін  тағдырын алақанында асық қылып ойнауға құмар «қалталыға» айтар назымыз көп-ақ. Жер бетіндегі бар әйел бақытты болса екен. Себебі, ұлт тағдыры ана  қолында. Жо-жоқ, ана жүрегінде. Өйткені, жүрекке жүрек жалғасып, өмірдің тағы бір бүршігі осы ана жүрегінен бастау алады. Ендеше, қыз жүрегін аялайық ағайын!

Ұлмекен Шаменова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар