Қызмет сапасын жақсартып, оңтайландыру басым бағыттың бірі болып табылады

Мемлекет басшысының 2014 жылдың 14 тамызындағы  Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің құрамында Мемлекеттік кірістер комитеті құрылған болатын.

Жаңа комитетке салық, кеден органдарының қызметтері және бұрын қаржы полициясында болған экономикалық қылмыстармен күрес функциясы берілді. Жаңа комитеттің облыстық құрылымы  ретінде департаменттер құрылып,  жұмыс істеп келеді. Осыған орай, Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Тәукен Ошақбаевпен газетіміздің тілшісі  жаңадан құрылған департаменттің үш жыл ішіндегі атқарған жұмыстары жайында әңгімелескен еді.

– Тәукен Темірбекұлы, департамент қызметкерлері биылғы кәсіптік мерекелерін қандай жетістіктермен қарсы алды? Осы жайында айтып берсеңіз.
– Әлемнің алдыңғы қатарлы озық отыз елінің қатарына ену міндетін алға қойған «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған жаңа бағдар экономикамызды өрге бастырудың оңтайлы амалдарын қарастырғаны белгілі. Осы орайда, үш бірдей маңызды қызмет саласын мойнына алған Мемлекеттік кірістер комитеті мен оның аймақтық құрылымдарының атқарар жұмысы ауқымды да жауапты екендігі анық.  Өткен үш жылдың ішінде жаңа құрылым өзіне жүктелген осындай аса жауапты міндетті абыроймен атқарып, меже биігінен көрініп келеді деп нық сеніммен айта аламыз.
Биылғы жылдың алғашқы жеті айында мемлекеттік кірістер департаменті  бюджетке болжамды жоспардың 108,2 пайыз мөлшерінде, яғни, 61 миллиард 679 миллион теңге түсім түсірді. Сөйтіп, департамент белгіленген мөлшерден  
4  миллиард  661 миллион теңге бюджетке артық түсім кіргізді. Биылғы жылдың басынан бергі республикалық рейтингте біздің облысымыз салық түсімі бойынша алғашқы бестіктің құрамында болғанын атап өткен артық болмас.
Кеден саласында да қол жеткен жетістіктеріміз жоқ емес. Біздің облысымыз кедендік әкімшілік көрсеткіші бойынша жоғары деңгейден көрінді. Бұл тек кеден түсімінің көлемі жағынан ғана емес, қызмет көрсету сапасына да қатысты екенін атап өткен жөн. Биылғы жылдың алғашқы жартысында облысымыздың кеденшілерінің экспортқа шығарылатын тауарларды құжаттау уақыты  – 11 минут болса, импортты құжаттау 1 сағат  20 минутты құрады. Сөйтіп, кедендік құжаттау мерзімі біршама қысқарып, кәсіпкерлерге қызмет көрсету сапасы  жақсара түсті.
Жыл басынан бері департамент қызметкерлері экономикалық заң бұзушылықтар мен қылмыстарға қарсы күрес бағытында да жақсы нәтижелерге жетіп, мемлекет бюджетіне  
18,9  миллиард теңге қайтарылды.
– Ел бюджетіне қомақты қаржы түсіріп отырған кәсіпкерлікті қолдау мемлекеттік маңызы бар мәселе екендігі белгілі. Бизнеске қолайлы жағдай туғызу бағытында қандай шаруалар атқарылып жатыр?
– Оңтайландырылған салық және кеден қызметі саясаты еліміздің экономикасын дамытуға игі ықпалын тигізіп, шетел инвесторларына еліміздің өндірісіне қаржы салуды тартымды ете түседі. Клиенттің қызметке көңілі толуы – қызмет сапасының ең басты өлшемі болып табылады. Осы орайда, біздің комитет бизнес саласын дамытуға кері әсерін тигізетін кедергілерді жоюға, қызмет сапасын көтеріп, ереже-әдістемелерді өзгертуге әрдайым дайын. Мәселен, қосымша құн салығын төлеуге қатысты тіркеуге алу рәсімі қайта қаралып, оңтайландырылды. Тұтынушылардың мүддесіне ыңғайластырылған бұндай оң өзгерістер әрдайым жасалып тұрады.
Салық және кедендік заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізудің нәтижесінде салыққа қатысты тексерулер азайып, бухгалтерлердің жұмысы ықшамдала түсті. Салыққа қатысты есеп беру де біршама ықшамдатылды, тауарды экспортқа шығаруға қатысты ұсынылатын құжаттар тізбесі азайтылды. Осы аталған шаралардың бәрі бизнесті дамытуға, оның жұмысын жеделдетуге игі  ықпалын тигізуде деп айтуға болады. Бұндай екіжақты тиімді байланыс қазір өз нәтижесін беріп отыр. Яғни, бизнес салық төлеуден жалтармайды, ал, біз өз кезегімізде қызметті барынша оңтайландырып, ықшамдаймыз. Департамент жыл сайын «Үздік салық төлеуші» конкурсын өткізуді дәстүрге айналдырған. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Сонымен бірге, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалымен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Кәсіпкерлердің өкілдерімен әкімшілік рәсімдерді оңтайландыруға қатысты  түрлі шаралар өткізіп тұрамыз. Осы орайда, «Чекті талап ет те – ұтысқа ие бол» акциясын өткізуді атап өтуге болады. Салық түсіміне игі ықпалын тигізетін бұл шараға қатысушылар қатары көбейіп келеді. Басты ұтыс – автокөлік. Оны жыл соңында жеңіске жеткен адам иеленеді.
– Жаңа Салық және Кеден кодекстерінің жобасы дайындалып жатқандығынан хабардармыз. Бұл бағытта қандай өзгерістер болады деп күтілуде?
– Жаңа Салық және Кеден кодекстері жобасы биылғы жылдың қыркүйек айында Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылады деп күтілуде. Жаңа Салық кодексінде қазіргі қолданыстағы 32 тексерудің жартысынан көбі, яғни, 56 пайызы қысқартылмақ.  Салық саласындағы тексерулерде негізінен өзара сенім мен ашықтық  және өзара тиімді қарым-қатынас түріндегі қатарлас мониторинг жүзеге асырылмақ. Жаңа кодексте көрініс тапқан тағы бір ерекшелік – тиімсіз салық жеңілдіктерінің қатарын қысқарту. Қазіргі қолданыстағы корпоративті жан басы салығы мен қосымша құн салығына және жергілікті салыққа қатысты жеңілдіктер қайта қаралатын болады. Шағын бизнес өкілдеріне нақтыланған есептеу жаңа жүйесі қолданылмақ. Табысы аз шағын бизнес өкілдері үшін бұл тиімді болары анық. Шаруа қожалықтары өздерінің жеңілдіктерін пайдалана отырып, қосымша құн салығын төлеуші болады. Оларға сондай-ақ, жеңілдіктерінен айырылмай, басқа да қызмет түрлерімен айналысуға рұқсат беріледі.
– Елбасымыз кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерін барынша ықшамдап, жеңілдету жайында үнемі айтып келеді. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Биылғы жылдан бастап жеке кәсіпкер ретінде есепке алу рәсімі мәлімдеме беру сипатында жүргізілетін болды. Сонымен бірге, қосымша құн салығын төлеушілерді есепке алу рәсімдері де ықшамдатылды.  Мемлекеттік қызметті пайдалануды ықшамдау және оңтайландыру мақсатында 2016 жылдың 1 сәуірінен бастап Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында салық төлеушінің белгілі бір мекенде тіркелуіне байланбаған эксаумақтық  қызмет көрсету қанатқақты жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба бойынша салық төлеуші қай жерде жүрсе де мемлекеттік қызметті пайдалануына мүмкіндігі бар. Комитет электронды үкімет төлем жүйесі арқылы салық және кеден төлемдерін онлайн-режимде төлеу мүмкіндігін жүзеге асырды. Бұл төлем қызметін қолжетімді етіп қана қоймай, оның мерзімін де қысқарта түседі.
– Алдағы мақсаттарыңыз туралы не айтасыз?
– Мемлекеттік кірістер департаментінің алдында тұрған ең басты міндет – салық және кеден түсімдерінің уақытында және толық түсуін қамтамасыз ету, бюджет алдындағы міндеттемелерді толыққанды орындау,  экономикалық заңсыздықтар
мен қылмысқа жол бермеу болып қала береді. Оған қоса, жоғарыда айтып кеткенімдей, біз үшін халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту, оның қолжетімді және жедел болуын қамтамасыз ету, оңтайландыру  – басым бағыт болып табылады.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар