Зардап шеккендерге көмек көрсетіледі

 Өткен сейсенбі күні облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Целиноград және Қорғалжын аудандарында болып,  су тасқынынан зардап шеккен елді мекендердің тұрғындарымен кездесті.

  Өңір басшысы Целиноград ауданына жұмыс сапары барысында осында су тасқынынан едәуір зардап шеккен  Ағанас, Шнет және Жаңажол ауылдары тұрғындарының жағдайымен танысты.  
Биылғы жылы табиғат апатының салдарынан аталған елді мекендерде көптеген үйлер жарамсыз деп танылып, тұрғындар әбігерге түскен болатын. Мәселен, Ағанас ауылында 33 тұрғын үйді су басып қалса, Жаңажол          ауылында он тоғыз нысан түрлі деңгейде судан зардап шекті.
Аталған елді мекен тұрғындарымен кездескен өңір басшысы халықты сабырлыққа шақырып, әкімдік тарапынан қолдан келетін барлық көмектің көрсетілетінін айтты. Сондай-ақ, Сергей Кулагин зардап шегушілердің бәрі назардан тыс қалмайды деп сендірді. Бұл ауылдық округтарда жүргізіліп жатқан құтқару жұмыстарына  ондаған арнайы техникалар  жұмылдырылған. Барлық үйлерге инерттік материалдар бөлініп, мүлік пен малды қауіпсіз жерлерге шығару бойынша қажетті көмек көрсетілген.
Қазіргі уақытта Ағанас, Отаутүскен, Бірлік, Жаңажол, Ягодное елді мекендерінің аумағында облыстық судан құтқару қызметінің күшімен су шайып кеткен автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Су қоршауында қалған Жаңажол ауылының тұрғындарына ауыз су қайық арқылы жеткізілуде. Электр бағандарының істен шығуына байланысты ауыл тұрғындары жарықсыз отырған жайы бар. Ауыл адамдарымен кездескен өңір басшысы бұл мәселе бірер күннің ішінде шешіледі деп сендірді.
Бүгінгі таңда ауданның су басқан елді мекендерінің 1155 адамы құтқарушылардың көмегімен қауіпсіз жерлерге көшірілген.
Сондай-ақ, бұл өңірдің Қараөткел, Ақмол, Қосшы, Қошқарбай, Тайтөбе, Қызылжар, Қабанбай батыр, Жаңажол, Отаутүскен, Оразақ, Шалқар ауылдарында ұзындығы 8835 метрлік уақытша бөгеттерді тұрғызу бойынша орасан жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Осы жұмыстарға жергілікті атқарушы органдар, шаруашылық субъектілері мен тұрғындардан құралған 400 адам жұмылдырылып, 99 техника, 13 жүзу құралдары, 4 су сорғыш станциясы тартылған.
Осындай уақытылы қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде ауданда 800 тұрғын үй және шаруашылық нысан су тасқынынан аман қалды.
Қорғалжын ауданындағы Алғабас, Кеңбидайық, Ұялы және Қаражар елді мекендері де су тасқынының зардабын шегіп отырған жайы бар. Жұмыс сапарын қорытындылаған өңір басшысы облыс көлеміндегі көктемгі су тасқынынан зардап шеккен барлық тұрғындарға көмек көрсетілетін атап өтті.

Целиноград-Қорғалжын аудандары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар