Үздік бастауыш партия ұйымының бірі

 «Тыныс» акционерлік қоғамындағы «Нұр Отан» партиясының бастауыш партия ұйымы жұмысшыларға шынайы қамқорлық танытуда.

  Былтыр өндіріс ошағында «Сәтті қадам» партиялық жобасы аясында екі жас маман тәжірибеден өтіп,  жұмысқа орналастырылған. Бұдан басқа, зауытта «Жас Тыныс» қоғамдық жастар бірлестігі құрылды. Оған 170 жұмысшы жас мүшелік етеді. Аталған ұйымды құрудағы басты мақсат – жастардың саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени құқықтары мен бостандықтарын қорғау және олардың белсенділігін арттыру болып табылады.
Жалпы, өндірістік сала қызметкерлеріне басшылық тарапынан жасалып отырған жағдай жаман емес. Мәселен, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың балаларына оқу құралдарын алуға 15 мың теңгеден қаражат бөлінеді. Балалардың жазғы демалыс-сауықтыру лагерьлері жолдамаларының 80 пайызы төленеді. Кәсіпорында кем дегенде үш жыл еңбек етіп, кейін бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан аналарға ең төменгі жалақы мөлшеріндегі жәрдемақы төленеді.  Зауытта екі жылдан кем емес уақыт жұмыс істеген қызметкерлердің бүлдіршіндерінің мектепке дейінгі мекемелерге баратын ақысы аударылады.
Өндіріс ошағына білікті кадрларды көптеп тарту мақсатында жұмысшылардың балаларын техникалық бағытта білім беретін жоғары және орта  арнаулы оқу орындарына жіберу ісі қолға алынған. Бар шығын кәсіпорынның мойнында. Жаңа туылған балаға берілер жүз мың теңге де – жас  отбасыларға көрсетілер көмектің бір парасы.
«Бастауыш партия ұйымының мүшелері  зауыт ұжымы мен көмекке мұқтаж ел азаматтарының өтініштерін жерде қалдырған емес. Оған көктемгі су тасқыны салдарынан әбігерге түскен отандастарымызға кәсіподақ ұйымы мен басшылықтың, тұтастай ұжымның бір кісідей жұмылып қолдау білдіруін мысал ретінде айтуға болады. Бұл – шынайы жанашырлықтың белгісі», – дейді аталған  акционерлік қоғамдағы сынақ орталығының басшысы Данияр Тәшенов. Осы орайда, «Тыныстың»  «Парыз», «Сенім байқауларында «Үздік ұжымдық келісім-шарт», «Еңбекті қорғаудың үздік қызметі» аталымдары бойынша  жеңімпаз болғандығын атап өткен абзал.
Биыл «Нұр Отан» еліміздегі жалпы саны 5700 болатын бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыруды басты мақсат етіп қойып отыр. Бүгінгі таңда партияның 860 мыңнан астам мүшесі бар. Яғни, әрбір тоғызыншы сайлаушы – нұротандық. Жуырда «Үздік бастауыш партия ұйымы» байқауы жарияланды.  Оның нәтижесі бойынша елімізден жұмысы өзгелерге үлгі боларлықтай тоғыз ұйым таңдалып алынатын болады. Ол осы ұйымдардың мүшелерінің ішінен белсенділерін анықтап, партиялық кадрлар резервін жасау, олардың әрі қарайғы өсіміне жол ашу болып табылады. Біз «Тыныстың»  бұл байқаудан да топ жаратындығына сенім білдіреміз.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар