Зейнетақы 20 пайызға екі кезеңмен өседі

Өткен жылдың желтоқсанында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілген салтанатты мәжілісте Мемлекет басшысы Н.Назарбаев алдағы жылдан бастап зейнетақы мөлшері 20 пайызға көбейтілетінін айтқан еді. Елбасы тапсырмасына орай, биылғы жыл басынан бастап зейнетақы төлемдерінің мөлшері екі рет өсіріледі.

Атап айтқанда, қаңтар айынан бастап  жыл сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері 9 пайызға көтерілмекші. Ал, шілде айынан бастап 11 пайызға өседі. Сөйтіп, зейнеткерлерге биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап жасына  және еңбек сіңірген жылдарына байланысты берілетін зейнетақы төлемдері 2016 жылмен салыстырғанда 20 пайызға көтерілетін болады.
Мысалы,  егер ынтымақты зейнетақы мөлшері 2016 жылы 40 000 теңге болса, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 9 пайызға өсіп, ол 43 600 теңгені құрайды, ал, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап тағы 11 пайызға  ұлғайтылып, жалпы мөлшері 48 396 теңгеге жетеді. Сонымен бірге, базалық зейнетақы мөлшері де  көбейтілмекші.  2017 жылғы 1 қаңтардан бастап ол  7 пайызға артып, 12802 теңгені құраса, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап тағы да 13 пайызға ұлғайтылады және жалпы мөлшері 14466 теңге болады.
Нәтижесінде 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 2016 жылмен салыстырғандағы зейнетақының ең төменгі мөлшері базалық зейнетақы есебімен 37 789 теңгеден 45 711 теңгеге дейін артады.
Бала тууына байланысты берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері   де 27 пайызға көбейтілмекші. Ол 2017 жылғы 1 қаңтардан 7 пайызға, ал, осы жылдың 1 шілдесінен тағы 20 пайыға арттырылады. Нәтижесінде 2016 жылмен салыстырғанда  27 пайызға өседі.
Өткен  жылы бірінші, екінші, үшінші баланың тууына байланысты берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 66 621 теңге болса, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап  71 270 теңге, ал, 1 шілдеден бас-тап 86 222 теңге болады. Ағымдағы жылы төртінші баланың тууына байланысты берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 111 035 теңге болса, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 118 мың теңгені, ал, 1 шілдеден 142 947 теңгені құрайды.

Нұргүл ҚАЛИЕВА,
облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және  көші-қон департаментінің бас маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар