Жұмысына жанын салған

Дана халқымыз «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп бекер айтпаған. Білімді азамат, білімді ұрпақ тәрбиелеу ісінде мұғалімдерге жүктелер міндет зор.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой азаматтығымыздың алдаспаны» деген қанатты сөзін басшылыққа ала отырып, ел үшін адал еңбек етіп жүрген ұстаздар аз емес. Солардың бірі – Щучинск қаласындағы №7 мектеп-лицейінің 25 жыл еңбек өтілі бар, тәжірибелі ұстазы Айгүл Сейфуллина. Айгүл Ермекқызы 2013 жылы Кембридж университетінің бағдарламасы бойынша екінші деңгейлік курсты бітірген бірінші санатты бастауыш сынып мұғалімі.Білікті ұстаз жаңа білім беру жүйесінің жеті модулін сабақ үрдісінде кеңінен, тиімді пайдалану арқылы білім сапасын арттыруды мақсат тұтып келеді. Әсіресе, оқушы мен мұғалімнің ортақ нәтижелі табыстарына алып келетін тиімді әдіс-тәсілдерді дұрыс таңдай біледі. Сабақта мұғалім ұсынған тапсырмалар жүйесі, жұмыс формалары оқушының білім деңгейінің, өзіндік ізденіс әрекеттерінің артуына, логикалық ой-өрісінің дамуына  оң ықпал тигізуде. Мұғалім ізденісінің басты мақсаты – математикалық ой-өрісі, білім-білік дағдылары жетілген бәсекеге қабілетті тұлға даярлау екені түсінікті. Осы орайда, Айгүл Ермекқызы 1-4 сыныптарда  баланы математикалық бағытқа бейімдеу, сыни ойлауға өз ұсыныстарын негіздей білу, пайымдап, салыстыруға ой-өрісін ұштауға үйрету мақсатында «Мәтінді есептер», «Логика» курстық бағдарламаларын құрастырған.
«Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» дегендей, оқу-тәрбие ісінде жетістікке жеткен шәкірттері де баршылық. 2015 жылы «Зерде» кіші ғылыми-зерттеу жұмысы бойынша «Лего-креативті ойыншық» тақырыбы бойынша облыста бірінші орын алған оқушысы  Рамазан Бариев республикалық ғылыми жобаға жолдама алып, былтырғы оқу жылында «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында өткен 1-7 сынып оқушыларының зерттеушілік жұмыстары мен шығармашылық жобаларының «Зерде» ХІ республикалық конкурсында бірінші дәрежелі дипломға ие болды. Сондай-ақ, сырттай «Зерде» кіші ғылыми-зерттеу жұмысы бойынша республикалық «ZIAT» байқауына қатысып, жүлделі І орынды жеңіп алды.  Ал, республикалық «Бұл әлем қандай тамаша!» атты мәнерлеп оқу конкурсына қатысып,  жүлделі  ІІІ орынды иеленді.
Шәкірттеріне саналы тәрбие, сапалы білім беріп жүрген ұстаздың еңбегі де ескерусіз емес. Халықаралық «Пони» сайыс марафондарында «Шығармашыл және дарынды ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін» дипломымен, осы байқауды ұйымдастыруға белсене қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды. Өз пәнін терең меңгеріп, заман талабына сай оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін игерген тәжірибелі маман халықаралық педагогикалық инновациялар жәрмеңкесіне қатысып қана қоймай, екі жыл қатарынан іс-тәжірибесін ортаға салып, грамотамен марапатталды әрі сертификатқа ие болды.  
Айгүл Ермекқызының бірнеше шәкірті «Алтын белгі» иегері. Қазіргі таңда ол аудан бойынша бастауыш сынып мұғалімдері әдістемелік бірлестігінің жетекшісі, мектеп-лицейіміздің бастауыш сыныптар бойынша кафедра жетекшісі. Білікті ұстаз 2013 жылы «Дарынды балалар – Қазақстанның болашағы» энциклопедиясының Құрмет тақтасына енгізілген.  
                         Айман  ӘБДІРАХМАНОВА,
Щучинск қаласындағы  №7 мектеп-лицей  директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары.

Суретте: Білікті ұстаз шәкірті Рамазан Бариевпен бірге.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар