Жаңа технологиядан халық көп үміт күтеді

Еліміз басты мақсаты ретінде таңдап алынған 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары, Рухани жаңғыру, цифрлық Қазақстан сияқты ірі реформалық бағдарламалар аясында Елбасының биылғы Жолдауында нақты 10 міндет айқындалған.

Әлем төртінші жаңа өндірістік революция кеңістігіне енді. Постиндустриялдық ұлан-ғайыр бастаманың негізінде еліміз ендігі жерде осы тарихи мүмкіншілікті толығынан пайдалана білгені дұрыс. Қазақстанның экономикасы индустриялық дамудың алдыңғы шебінде, әсіресе, цифрлық технологиялар мен ірі бизнес жобаларды іске асыруда көрегендік көрсете білуі керек. Жеріміздің ресурстық әлеуетін, энергетикалық жүйе тиімділігін арттыру, өнеркәсіптегі жаңа технологияларды пайдалану, ауыл шаруашылығын заманауи бағытта дамыту, транспорт логистикасын әлемдік деңгейге көтеру, инфрақұрылымды жетілдіру сияқты 2-ші, 3-ші және 4-ші бағыттар бойынша тұжырымдамалық жаңа бағдарламалар мен жобалардың іске асырылатыны қуантады.
Елімізде тұрмыстық-коммуналдық шаруашылық секторы әлі де болса ескі жүйелік кеңістіктен құтыла алмай отырғаны белгілі. Осы салада ендігі жерде заманауи технологияның қолданылуынан халық көп үміттенетіні анық. Қаржы секторының соңғы жылдары осымен бірнеше дүркін құлдырауға ұшырауы біздің елімізге де кері әсерін тигізді. Әсіресе, банк жүйесінің қарапайым адамдар үшін жұмыс жасауы қажеттілігі ескерілуі жақсы нышан.
10 міндеттегі смарт-сити технологиясын пайдалану еліміздегі шағын қалалардың өркендеп дамуына жаңашылдық әкеледі деп атап өткен дұрыс. Ірі державалық дамыған мемлекеттер бүгінде үлкен қалалардан гөрі, шағын қалаларда өмір сүрудің трендін жасай бастады. Бұған қазіргі жер бетіндегі табиғи ресурстардың азая бастауы, ауаның ластануы, экологияның бұзылуы әсер етіп отыр.
Елбасының мәлімдемесіндегі адам капиталын дамытуды жаңа сапаға көтеру туралы жетінші бағыты біздер үшін білім саласының мамандары, зиялы қауым өкілдері үшін үлкен жауапкершілік жүктейді. Мұғалім мамандығының абыройын арттыру, мұғалім беделін көтеруге күш салу туралы ұсыныс көңілімізге қонып, жүрекке жылу таратты. Еліміздегі білім саласында еңбек етіп жүрген он мыңдаған ұстаздардың шынтуайтына келгенде шешілмеген шаш-етектен келетін мәселелері бары айдан анық. Міне, ендігі жерде қарапайым мұғалім-ұстаз тұлғасын асқақтатып, оның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарып жатса, қазақ елінің биіктеп өркендеуінің бір белгісі болары айдан анық.
Шынтуайтында, Елбасының қысқа да нұсқа мәлімдемесінде тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түсініп, жүрекпен қабылдап, қолдап, іске асыруға кірісу бізге сын.

Нұртас АХАТ,
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *