Жаңа биіктерден көрінгіміз келеді

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылдың 15 қарашасындағы Жарлығына сәйкес Спорт күні жылда тамыз айының үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Ұлы ғұлама Әл-Фараби: «Адам денесінің жетілуі – оның денсаулығы. Егер денің сау болса, онда оны сақтамақ керек, ал, егер, сау болмаса, онда денді сауықтыру керек», – деген екен. Осыдан түйгеніміз тән мен жанның саулығы үшін адам сала-уатты өмір салтын ұстанып, спортпен үнемі шұғылданып отыруы қажет. Елбасымыздың «Қазақстан-2050» стратегиясында да сала-
уатты өмір салты туралы кеңінен айтылғаны баршамызға мәлім.
Осы орайда, облысымыздағы спорт ұйымдарының бұқаралық және кәсіби спортты дамыту мақсатында атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып өтсек. Қолымызда бар статистикалық мәліметтерге сүйенсек, биылғы жылдың қаңтар айында дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын адамдар 23 пайызды құрады. Осы көрсеткіштерден тұрғындардың спортқа деген қызығушылығы былтырғы жылмен салыстырғанда біршама артқанын байқаймыз. Бұл біздің спортты насихаттауда өткізген шараларымыздың зая кетпегенін білдіреді. Спорт мектептерінің секцияларында спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдер аз емес. Биыл бұл көрсеткіш 11,7 пайызды құраса, алдағы уақытта мұнымен тоқтап қалмай, жасөспірімдерді спортқа көбірек баулимыз деп отырмыз.
Қазіргі кезде облыста 169 мыңнан астам адам дене шынықтыру залдарында жүйелі түрде жаттығып тұрады. Осы орайда, спорт саласында  жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген Жарқайың, Аршалы, Зеренді аудандарын ерекше айтып өткеніміз жөн. Ал, Көкшетау мен Степногорск қалалары мен Бурабай, Еңбекшілдер және Қорғалжын аудандарына бұл бағыттағы жұмысты жандандыра түсу қажет болып отыр.
Аталған аудан орталықтары мен селолық округтерде 1902 штаттық қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде ауылда 1061 спорт маманы бар. Ұстаздардың жартысынан астамы университеттерден дене шынықтыру факультетін бітіріп келген.  Кәсіпорындар мен селолық округтерде жұмысты 147 спорт жөніндегі штаттық нұсқаушы-әдіскер жүргізеді. Өткен жылдардағымен салыстырғанда ауылдық жерде жұмыс істейтін спорт саласының мамандары көбейді. Мұны спорт саласымен қатар, ауылдарымыздың көркеюіне қосылып жатқан зор үлес деп білеміз.
Жалпы, Ақмола облысында  2225 дене шынықтыру және спорттық нысан бар болса, олардың 1583-і ауылдық жерлерде орналасқан. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында облысымызда спорт нысандары жыл сайын бой көтеруде. Қазіргі кезде Бұланды және Шортанды аудандарында жүзу бассейндерінің, Сандықтауда дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Спорт мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 4946,6 мың теңге сомасына құрал-жабдықтар сатып алынды. Ақкөл қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің  және Көкшетау қаласындағы триатлоннан облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің ғимараттары күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Осы мақсатта биылғы жартыжылдықта 60879,6 мың теңге көлеміндегі қаражат игерілді. Целиноград ауданында трибунасы және жасанды жабын төселген жеңіл атлетикалық жолақтары мен футбол алаңы бар стадионның құрылысы аяқталды. Бұланды және Шортанды аудандарында жүзу бассейндерінің құрылысын аяқтап, Сандықтау ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын жалғастыру қажет.
Жергілікті жерлерде жұмысты алты жасөспірімдер, қызығушылық бойынша 41 дене шынықтыру-сауықтыру клубы жүзеге асырады. Оларда  11916 адам спортпен шұғылданады. Облыста 29 спорттық мектеп, оның ішінде 4 олимпиадалық резерв мектептері және жоғары спорттық шеберлік мектебі және спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты спорттық резерв даярлаумен айналысады. Көкшетау қаласында Олимпиадалық
резерв даярлау орталығы және физикалық мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған «Мерген» спорт клубы  жұмыс істейді. Спорттық мектептерде, спортта дарынды балаларға арналған облыстық мектеп интернаты және жоғары спорттық шеберлік мектебінде шәкірттерге спорттың 41  түрі үйретіледі.
Бұлардан бөлек облыста Қазақстан Республикасының Чемпионатына қатысатын бес кәсіби команда бар. Олар «Оқжетпес» футбол және «Арлан» хоккей клубтары, ерлер мен әйелдер  баскетболынан «Оқжетпес» клубтары. Аталған спорт ұжымдарында барлығы 531 ойыншы өнер көрсетеді. Еліміздің ұлттық құрама командаларының қатарында олимпиадалық, олимпиадалық емес спорт түлерінен облысымыздың 323 спортшысы бар. Үстіміздегі жылы облыстың спорттық ұйымдары бірінші разрядты  46 спортшы, 124 спорт шеберлігіне үміткерді, 10 спорт шеберін даярлап шығарды.  
Есептік мерзім ішінде облыста екі мыңға жуық спорттық-бұқаралық іс-шара өткізіліп, оған бұқара қауым көптеп қатысты. «Кешенді облыстық спартакиа-далар өткізу туралы» облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес бірінші жартыжылдықта  кең ауқымдағы бірнеше іс-шара өткізіп үлгердік. Мәселен, ХХIХ облыстық қысқы «Хрустальный колос», ұлттық спорт түрлерінен «Құлагер», XXVIIІ жазғы облыстық «Ақбидай», «Бірлік»   спартакиадаларын, физикалық мүмкіндіктері шектеулі адамдардың арасындағы «Надежда» жарыстарын ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ, қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық жарыстарының аясында облыста өткен бірінші және екінші кезеңдерде 4000-ға жуық палуан бақ сынасып, облыстық финалға тек 38 адам ғана жолдама алған болатын.
Словакиядағы бүкіләлемдік универсиадада еліміздің атынан Ақмола облысының жеті шаңғышысы және бес биатлоншысы қатысып,  жерлесіміз Алина  Райкова алтын медальды жеңіп алды.  Ал, Анна Кистанова есімді тағы бір биатлоншы қызымыз бен шаңғышы Евгений Величко жерлестерін күміс медальдарымен бір қуантып тастады. Қазақстан Республикасының Қысқы Жастар ойындарына да ақмолалық спортшылар белсене араласып, қоржынымыз елу бес медальмен толыққан еді. Сөйтіп, жалпы командалық есепте біздің облыс жетінші орынға табан тіреді. Жазғы спартакиададан да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз бар. Спортшы ұл-қыздарымыз  жеті алтын, жеті күміс және он екі қола медальды иеленіп, үмітімізді ақтады. Әлем және Азия чемпио-наттары мен кубоктарында облыс спортшылары әртүрлі дәрежедегі 20 медальға қол жеткізді.
Біз мұның барлығын спорт саласында болып жатқан өркендеу деп қабылдап, алға бұдан да жоғары мақсаттар қоямыз.  Халықтың жүйелі түрде дене шынықтыру және спорт жаттығуларымен қамтылуын арттыру бойынша әрі қарай жұмысты ширата түспекпіз. Спортшыларымызды алда 2016 жылғы жазғы Олимпиада ойындары, Қазақстан Республикасының 4-ші параолимпиялық ойындары мен ұлттық спорт түрлерінен фестиваль күтіп тұр. Аталған іс-шараларға күн демей, түн демей дайындалу қажет.
Бәріміз Қазақстан деген тәуелсіз мемлекетте тұрып жатқаннан кейін, отандық спортшыларымыз әлемдік жарыстарда көк байрағымызды желбіретіп, биіктен көрініп жатса, оған тек қуанамыз. Спорт саласы елімізде  кең қолдауға ие болғандықтан, қазақстандық спортшылар соңғы онжылдықтарда халықаралық жарыстарда, Олимпиада ойындарында үздік нәтижелерді көрсетіп келеді. Мемлекетіміздің өзі беделді халықаралық жарыстарды өткізетін орынға айналуда. Алдағы уақытта да осы бетімізден таймауға бар күшімізді салатын боламыз. Спорт мерекесі баршамызға құтты болсын. Қоржынымыз медальдармен толыға берсін демекпіз.

Надежда ПАТЮТКИНА,
облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар