Жаңа кәсіпорынның тұсауы кесілді

Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткелі отырған еліміз осы кезең ішінде экономикалық-әлеуметтік жағынан жедел дамып, әлемнің бәсекелестікке қабілетті елу мемлекетінің санатына қосылды. Индустрияландыру күні шеңберінде Мемлекет басшысының қатысуымен өткен телекөпір еліміздің өндірістік әлеуетінің қаншалықты артқандығын, экономика саласындағы қол жеткен жетістіктерін тағы да бір айқын паш етті.  Біздің өңіріміздегі іске қосылған инвестициялық жобаны ашуға облыс басшысы Сергей Кулагин мен жобаны қаржыландырған «Астана-нан» серіктестігінің бас директоры Мұрат Сәрсембаев қатысты.

Телекөпірде еліміздің барлық аймақтарынан жаңадан іске қосылып жатқан ірі жобалардың тұсауы кесіліп, өндіріске жол тартты. Ақмола облысы да  телекөпір арқылы Мемлекет басшысының өзі іске қосатын айтулы шараға үлкен дайындықпен келгендігін көрсетті.  Бұл – Степногорск қаласындағы «Август-нан» серіктестігінің  «Глифосфатты калий тұзы және глифосқұрамды гербицид өндірісі» жобасы. Жоба құны – 2 миллиард теңге. Қосымша 80  жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін кәсіпорынды ашуға қажетті қаржыны аталмыш серіктестіктің құрылтайшысы «Астана-нан» ЖШС мен ресейлік «Август» ЖАҚ өз қалталарынан шығарып отыр. Жылдық қуаты – 15  миллион литр сұйық  глифосфатты гербицид пен егін шаруашылығына қажетті  химиялық тыңайтқыш шығаратын  зауыт өндірісі үшін қажетті шикізаттың 80 па-йызы отандық болса,  20 пайызы шетелдерден әкелінеді. Тағы бір айта кетерлік жай, кәсіпорын негізінен экспорт үшін жұмыс істейді. Өнімнің  30 пайызы ішкі рынокқа шығарылса, қалған 70 пайызы Еуразиялық қауымдастық елдеріне және алыс шетелдерге сатылатын болады.
Телекөпір арқылы Елбасының өзі іске қосқан аймағымыздағы  ірі жоба егін шаруашылығымен айналысатын  еліміздің астықты өңірлерін аса қажет тыңайтқыштармен, зиянкестерден қорғайтын гербицидпен қамтамасыз етуге айтарлықтай игі ықпалын тигізетін болады. ТМД елдерінің аумағында дәл қазіргі күні химиялық тыңайтқыштар мен химикаттар шығаратын мұндай ірі кәсіпорын жоқ. Шетелдік озық технологиямен жұмыс істейтін зауыттың жұмысы түгел автоматтандырылған. Кәсіпорын өнім құйылатын әртүрлі сыйымдылықтағы пластмасса құтыларды да түгел өзі шығарады. Жобаны қаржыландырушы құрылтайшы «Астана-нан» серіктестігінің бас директоры Мұрат Сәрсембаев Елбасына жобаның жайы туралы баяндай келе, өзі басқаратын компанияның бүгінгі күні егіншілікке қажетті 66 түрлі химиялық тыңайтқыштар, зиянкестермен күреске арналған химикаттар шығаратынын, биылғы жылы өз өнімдерін Ресейге экспортқа шығаруды қолға алғандығын айтты. Астаналық ірі компания енді Степногорск қаласында кеңес заманында салынып, кейінірек жабылып қалған, біраз жылдар қаңырап бос тұрған ғимараттарды сатып алып, іргелі кәсіпорынға айналдырып отыр.
«Август-нан» серіктестігінде бүгінгі күні 145 адам еңбек етеді. Айлық орташа жалақы тоқсан мың теңге көлемінде. Оған қоса, жұмыс киімі, тегін тамақ беріледі және таңертең, кешке жұмысқа арнайы көлікпен тасымалдайды. Телекөпір кезінде іске қосылған жаңа жоба қосымша сексен жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Мұның өзі өңірдегі жұмыссыздықты азайтып, өндірісті өркендетуге және бюджет қоржынын толтыруға айтарлықтай ықпалы болатыны анық. Еліміздің ірі астықты аймағы саналатын біздің облысымыз үшін жаңа зауыттың берер тағы бір игілігі – егістіктің гектар берекетін молайтуға  айтарлықтай  ықпалы болмақ. Астананың азық-түлік белдеуі бағдарламасына белсене қатысатын өңіріміздің шаруашылықтары егін және бау-бақша өнімдерін зиянкес-терден қорғап, өнім көлемін арттыруға мүмкіндік беретін тыңайтқыштар мен химикаттар алуға мүмкіндік туып отыр.
Телекөпірдің соңында облыс әкімі Сергей Кулагин шараға қатысқан кәсіпорынның басшылары мен жұмысшыларына үлкен алғысын айтып, Тәуелсіздік күнімен құттықтады және аймағымыздың өнеркәсіп саласын дамытуға елеулі үлес қосатын іргелі кәсіпорынның жұмысына табыс тілед.

Қалкөз Жүсіп.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар