Жаңа әуе рейсі, жаңа мүмкіндіктер

Жаңадан ашылған Көкшетау-Шымкент  әуе рейсі курортты аймақты еліміздің оңтүстігімен байланыстыратын сенімді көпір болады деген үміт бар.
«Көкшетау» әуе компаниясы» АҚ директоры Сайран Мәлиевтің айтуынша, жаңа бағытта ұшатын канадалық СРЖ-200 ұшағы аптасына екі рет: жұма және жексенбі күндері сапарға шығатын болады. Елу орындық канадалық әуе кемесінде жолаушылар үшін барлық жағдай қарастырылған. Бір бағытқа билет құны – 20 мың теңге. Алғашқы рейспен облыс әкімі Мәлік Мырзалин бастаған Ақмола облысының  делегациясы Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарына аттанды. Ұшақ бортында бұған қоса жиырмаға тарта жолау-шы бар. Жаңа әуе рейсінің ашылуына орай, облыс әкімінің орынбасары Жанболат Смайылов әуежай басында журналистерге арнайы сұхбат берді.
– Бұл тікелей әуе қатынасы Оңтүстік Қазақстан облысымен экономикалық, іскерлік байланысымызды нығайта түседі деген ойдамыз. Сонымен бірге, мұның өзі аймағымызда туризмнің дамуына да оң серпін беретіні анық. Тағы бір айта кетерлік жай, биылғы жылдың 18 сәуірінде Үкіметтің қаулысымен Көкшетау әуежайы Астананың халықаралық әуежайына қосылды. Қазір ол Астана халықаралық әуежайының филиалы болып саналады. Мұның өзі әуежайдың жұмысын жаңа сатыға көтеріп, жандандыра түсетіні даусыз. Ендігі кезекте әуежай халықаралық бағытта ұшатын әуе кемелерін қабылдайтын болады. Бізде бұл үшін барлық жағдай бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын әуежай заман талабына сай қайта жаңғыртылып, жарақталған болатын.
Тағы бір жаңалық, 21 мамырда Мәскеуге ұшатын жаңа әуе рейсі ашылмақшы. Аптасына бір рет,  жексенбі күндері ұшатын әуе кемесі аймағымыздағы туризмнің, әрі Ресеймен іскерлік байланыстың жаңа деңгейге көтерілуіне игі ықпалын тигізбекші. Осындай жаңа әуе рейстері еліміздің басқа аймақтарына да қарастырылатын болады. Қазіргі күні мұнда жүзге тарта адам жұмыс істейді. Астана әуежайымен қосылуының арқасында барлық жалақы қарызы, басқа да қарыздар жабылды. Сөйтіп, кәсіпорынның екінші тынысы ашылды деуге болады. Облыс әкімі Мәлік Мырзалин әуежай жұмысын одан әрі жетілдіруге үлкен көңіл бөліп отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.
Осы күні түс ауа Шымкент-Көкшетау бағытындағы ұшақ Көкшетау әуежайына келіп қонды.
Қалкөз КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар