«Жақияның» жақсы ісі

Құрылыс алаңында қайнаған тіршілік. Күннің аптап ыстығына қарамастан құрылысшылар  дамыл көрместен еңбек етіп жатыр. Тіпті, алып құрылыс алаңында бос жүрген  адам да таба алмайсыз. Бірі баспананың іргетасын, екіншісі қабырғасын қалайды. Ал, енді бірі шатырын жауып, ішін сылауда.

Облыс орталығында  құрылыс саласы жандана түсті.  Төңірекке көз салсаңыз бір-біріне ұқсамайтын аспанмен таласқан түрлі ғимараттардың бой көтеріп келе жатқанын байқауға болады. Бизнес орталығы, тұрғын үй дейсіз бе, бәрі бар. Әсіресе, тұрғын үйлерді салу жұмысы өзгеше, серпінді леппен шарықтап келеді. Мемлекеттік бағдарламалар негізінде көптеген баспаналар салынып, бақытты азаматтар қоныс тойын тойлауда. Мемлекетіміздің басты әлеуметтік міндеттерінің бірі – барлық санаттағы азаматтарға тұрғын үйді қолжетімді ету. Осы мақсатта ипотекалық және коммуналдық тұрғын үй құрылысының бағдарламасы жүзеге асырылады.
Жоғарыда атап өткен құрылыс алаңында екі ғимарат тұрғызылса, үшінші баспананың екінші қабатының қабырғасы қалануда. Әр нысанда жиырмадан астам құрылысшы жұмыс істейді. Қажетті мамандар да жеткілікті. Құрылысты аралап жүргенімізде мердігер, жауапкершілігі шектеулі «Жақия» серіктестігінің директоры Александр Климович те жұмысқа білек сыбана араласып жүргенін көрдік. Жұмыстың қызу кезінде келгенімізге қарамастан, уақытын бөліп, атқарылып жатқан жұмысы жөнінде  әңгімелеп берді.
– Тұрғын үй мәселесі қазіргі уақытта ең өткір мәселелердің бірі екендігі белгілі. Сол себепті, осы үйлер пайдалануға берілгенде кезекте тұрған азаматтардың үлкен қуанышқа кенелетіні  сөзсіз. Құрылыс барысында қаржы уақытылы бөлініп, нысанның белгіленген уақытта тапсырылуына барлық жағдайлар жасалуда. Біздің бригада жұмысты жылдам әрі сапалы орындап келеді, – дейді мердігер.
Мұны нысанда еңбек етіп жүрген құрылысшылар да айғақтай түсті. Құрылыс саласында төрт жыл тәжірибесі бар тас қалаушы Нұржан Қайыржанов өз сөзінде жұмыс қарқыны жақсы екенін алға тартты. Жауынға да, ыстыққа да қарамастан бастарына қалпақ киіп, құрылысты бір сәтте тоқтатпапты. Маманның айтуынша, құрылыс жұмысына  қажетті материалдар – кірпіш пен темірбетон тақталар сапалылығымен және теп-тегістігімен ерекшеленеді екен.
Тұрғын үй құрылысы «Тұрғын үй құрылысжинақбанкі» арқылы жүргізілуде.  Екі бес қабатты баспанада алпыс пәтер бар. Үйлерде ішкі жөндеу, әрлеу жұмыстары қолға алыныпты. Ең бастысы, жылу, сумен жабдықтау және ішкі су құбырлары жұмыстары тәмамдалуда. Бұл күндері аталмыш аумақта құрылыс жұмыстары бірқалыпты. Серіктестік басшысының сөзіне жүгінсек, тұрғын үй жоспар бойынша қыркүйек айында тапсырылуы тиіс. Құрылысшылар тек үйді салып қана қоймай, ғимараттың маңына ағаш отырғызып, балалар ойнайтын алаң салмақшы.

 

Ырысгүл АШУОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар