«Жайлаудағы» жайсыз жағдайлар

Көкшетау қаласындағы №21 орта мектепте облыстық мәслихаттың депутаттары: «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов пен Әсен Жақсылықов және Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Жанат Әбішев тұрғындарды толғандырған мәселелер бойынша сайлаушылармен кездесті.

Бұл кездесуге түрткі болған жай, «Жайлау»  шағын ауданынан  жазылған шағым хат. «Нұр Отан» партиясы атына жазылған хатта тұрғындар аталмыш  шағын ауданда орын алып отырған бірқатар келеңсіз жайларды тілге тиек етеді. Атап айтқанда, жаңадан салынған 60,  61 және 60 «а» тұрғын үйлерінде жол жоқ. Асфальт жолды былай қойғанда, тіпті, көтерме жол да жоқ екен. Ойқы-шойқы жолмен автокөлік түгілі, жаяу жүргіншінің жүруі де қиын болғандықтан, машинасы барлар көліктерін алыс қоюға мәжбүр. Айдалада тұрған көліктің қауіпсіздігіне де ешкім жауап бермейді. Соңғы кезде салынған жекеменшік 60 «б» үйінің жанынан өтетін жүргіншілер жолының да жабылу қаупі бар. Үй құрылысы біткендіктен, үй иесі енді оның сыртын қоршайды. Ал, қоршау орнатылса жұрт жүретін жалғыз аяқ жол жабылмақ. Әрине, айналма жол бар. Яғни, көп пәтерлі үйдің тұрғындары енді үйлеріне біраз жер жүріп, айналма жолмен баруға тиіс болады.
Тағы бір олқылық, «Тазалық» мекемесі басқа жер жетпей қалғандай, қоқыс жәшіктерін дәл жолдың ортасына қойыпты. Бұл да тар жолды одан әрі тарылта түседі. Өткен жылдың күзінде жылу құбыры жарылып, коммуналдық қызмет келіп оны жөндеген, бірақ, қазылған шұңқырдан шығарылған топырақты тегістемей сол үйілген қалпында тастап кетіпті. Ол қыста қатып, жүргіншілердің жүріп-тұруын ауырлата түскен. Тұрғындардың хатында көтерілген тағы бір мәселе, жаңа үйлердің орталықтандырылған канализация жүйесіне қосылмауы. Канализация құдығының аузы бекітілмейді және жиі толып қалатындықтан, айналасына жағымсыз иіс жайылып, жұрттың тынысын тарылтып отырған жайы бар.
Тұрғындар хатында көтерілген осы жағдайға байланысты «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары аталған олқылықтарға жол берген қалалық мекемелердің басшыларын ортаға шығарып, түсінік берулерін талап етті. Ең алдымен, жолды бөгеп, үй салған Нұртазин деген азамат түсінік берді. Ол үй құрылысын барлық заң талаптарына сай салғанын, құжаттары барын және сәулет мекемесімен келісілгенін айтты. Яғни, үй құрылысы заңды болып шықты. Ал, үйдің айналасындағы қоқыстарды тазартып, жолды ашу жұмыстарын бір аптаның ішінде жүзеге асырамын деп уәдесін берді.
Жиында қалалық сәулет бөлімінің басшысы И.Әбеновке бас жоспарға сай жаңадан салынған үйлердің тұрғындары өтетін жол салу мәселесін жедел шешу тапсырылды. Асфальт жол болмаса да, көлік өтетін көтерме жол салынуы қажет екені атап өтілді. «Тазалық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы А.Черняев бір аптаның ішінде қоқыс жәшіктерін жол шетіне шығаратынын айтып, сендірді. Сондай-ақ, оған тұрғындар тарапынан қоқыс жәшіктеріндегі қоқысты  күн сайын болмаса да, күнара алып отыру қажеттігі ескертілді.
«Көкшетау жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры С.Жуков өткен жылы қалдырған топырақты таяу күндерде тегістеп беретінін мәлімдеді. Жаңадан салынған бес үйді орталықтандырылған канализация жүйесіне қосудың сметалық  жобасын жасау мүмкіндіктері де назардан тыс қалған жоқ.
«Нұр Отан» партиясы белсенділері осылайша шағын аудан тұрғындарын толғандырып отырған мәселелерді құзырлы мекемелердің басшыларын қатыстыра отырып, жедел қарап,  хат иелерінің көңілін орнықтыра түсті. Аталған  мәселелер таяу болашақта шешіледі деген үміт бар.
Осы жолы жеке шаруаларымен келген бірінші топтағы мүгедек Азамат Нығметжанов, Нұрлан Омаров, Александр Шиянов, Ермек Қалимов және Біржан сал көшесінде тұратын Болат Сабыровтың арыз-шағымдары да тыңдалып, тиісті жауаптар берілді.
 Қалкөз Жүсіп.
Суретте: кездесуге келген тұрғындар.

 Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар