Жайсыз хабар жан ауыртты

Қашанда ұлықты ұлдары, ырысты қыздарымен аты шыққан киелі Қараөткел, көрікті Көкше жұртшылығы тағы бір ауыр қазаға душар болды.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, халқымыздың біртуар перзенті Еркін Нұржанұлы Әуелбеков ағамыздың жан жары, ел үшін атқарған барлық өнегелі істерінде жанында бірге болған адал серігі, сенімді тірегі, Көкше елінің  озық ойлы, айтулы қыздарының бірі  Күлше Оспанқызы Оспанова Алматы қаласында 84 жасқа қараған шағында дүниеден озып, ұлдары Болат,  қыздары Сәуле, немерелері Шыңғыстың жүрек қалауларымен туған жері Көкшетаудан топырақ бұйырды.
Аяулы Еркін аға қайтыс болғаннан кейін ара-тұра Көкше еліне жолы түскенде, Күлше апамызды мұндағы ел-жұрты Еркін Нұржанұлының көзіндей көріп, ыстық ықыласпен қарсы алып, қимай шығарып салушы еді. Енді көрнекті тұлғаның шаңырағына ие болып,  орнында отырған бұл асыл апамыз да жоқ. Жүрек ауырады, көңіл құлазиды. Күлше Оспанқызын көргенде Еркін ағамыздың өзін көргендей болатын ел қуанышын енді сағынышқа  айналдыратын өмірдің қатал заңы-ай!
Елінің ардағы Еркін Нұржанұлы тұрғанда, бұл қайғының жалғыз бізге емес, киелі Торғай еліне, сұлу Сыр бойына, жалпы, барша елімізге ортақ қайғы екендігі де даусыз. Бұған Күлше Оспанқызын ақтық сапарға шығарып салуға Қызылорда облысынан арнайы делегацияның келгені, осы облыстың әкімі Қырымбек Көшербаев пен Ақтөбе облысының  әкімі Бердібек Сапарбаевтың марқұмның отбасына, туған-туысқандарына көңіл айту жеделхаттарын  жолдағандары айқын дәлел.
Марқұмды соңғы сапарға шығарып салу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов сөз сөйлеп, жұмыс бабымен іссапарда жүрген облыс әкімі  Сергей Кулагиннің орны толмас ауыр қазаға байланысты қайғырып, көңіл айтуын жеткізді. Сонымен бірге, ел ағалары Болат Жанәділов, Сансызбай Мұқитанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысова, шеттен келген азаматтар, тағы басқалары сөз алып, Еркін Нұржанұлы мен Күлше Оспанқызының өнегелі өмірлерін өзара тығыз ұштастыра отырып, аталы сөздерін айтты.
Осылайша қасиетті туған жері тағы бір өзінің көпті көріп, көкірегіне түйген, жақсыға серік бола білген, сонысымен де бақытты текті перзентін мәңгілік құшағына алды. Жатқан жеріңіз жайлы, орныңыз пейіштің төрінен болсын, ел елеулісі Күлше Оспанқызы!
«Арқа ажары» газетінің редакциясы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар