Жан жылуы мол

ардагер тәуелсіздіктің жемісін көрген бүгінгі өміріне риза

 

Тәуелсіздік… Осы бір киелі ұғым жиырма бес-отыз жыл бұрын қол жетпес арман болған еді. Қазір сол егемендігімізді алып, азат ел болып өмір сүрсек деген арманды шақ артта қалды. Бүгін Қазақстан өзге мемлекеттермен терезесі тең, керегесі кең, іргесі берік іргелі ел болып отыр. Осының барлығы ел халқының парасаттылығы мен даналығының, татулығы мен бірлігінің арқасы шығар, дейді Пішенбай ақсақал. Ұрпағына саналы тәрбие беріп, білім нәрін таттырған ол отбасының шаттығы мен қуанышына бөленіп отырған сексеннің жетеуіне жеткен сүйегі асыл қария.  

 

1991 жылы еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, бөркін аспанға атып, қуанып жатқанда Пішенбай Мұқанов зейнет жасына жетіп, құрметті демалысқа шығыпты. Сол кездегі қайта құрулардың, ауыл тұрғындарының басынан өткерген қиындықтарын, тоқырау кезеңін көзбен көрген ардақты ақсақал бүгінгі Қазақстанның жеткен жетістіктерін, толайым табыстарын көріп, көңілі тасиды. Сонау Кеңес дәуірінің колхоздастыру шағында 1929 жылы Зеренді ауданының Қызылқайнар ауылында дүниеге келген ол Ұлы Отан соғысының зобалаңын көзімен көрген. Ауылдың барлық ер азаматтары майданға, Отан қорғауға аттанған шақта небары 12-13 жастағы бала болыпты. Сұрапыл соғыстың ауыртпалығы сонша, ауылда қалған қыз-келіншектер мен жас балалар қара жұмысқа араласып, уақытпен санаспай еңбек етті. Майданға қажетті азықпен, киіммен қамтамасыз ету үшін олар жер жыртып, егін салды, шөп шауып, мал бақты.  «Мұның барлығы бізді ерте есейтті, балалық күлкі, еркелік деген болмайтын» деп еске алады ақсақал. Немере-шөберелерінің бейбіт күнде өмір сүріп, білім алып, әсіресе Қазақстан тарихының толық оқытылып жатқандығына ақсақал қатты қуанады екен. Сөзі анық, әлі де тың Пішенбай атамыз оқушылардың заманға сай білім игеріп, түрлі озық технологияларды пайдаланып жатқандықтары тәуелсіздіктің жемісі деп біледі.
– Мен еңбек жолымды бұрынғы Көкшетау облысының Қызылту ауданына қарасты Кішкенекөл ауылындағы аралас мектепте тарих пәнінен сабақ беруден бастадым. Ол кезде балаларға тарих пәнінен қазіргідей Алаш ардақтыларын, қаншама қазақтың қайраткерлерін ашық оқыта алмай, тарихи оқиғаларды сол бұрмаланған қалпында оқытып келдік. Тіпті, Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевты да жете білмедік. Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы өзіміз білсек те, бір сөз айта алмайтынбыз. Оны айтсаң, солақай саясаттың сойылына ұрындың дей бер. Бірақ, болашағынан үлкен үміт күттіретін, жүрегі қазақ деп соғатын балалар анадайдан көрініп тұрады ғой, шіркін. Оларға Алаштың осындай ардақтылары, орақ тілді ақындары, жазушы, қоғам қайраткерлері болған деп сабақта ақырын айтатын кездерім болатын. Қазір ұлтшыл деп танылған ардақтыларымыз Тәуелсіздік алғаннан кейін ақталып, мектептерде ашық оқытыла бастады. Бұл тәуелсіздіктің үлкен жемісі. Ұрпағымыз өзінің кім, ата-бабасының қандай батыр болғандығына мақтана отырып, қызыға оқитын деңгейге жеттік, – дейді балаша қуанған Пішенбай ата.
Пішенбай ата соғыс аяқталған жылдары Қарағандыдағы фабрикалық-зауыттық училищесінде оқып, Көкшетаудағы баспаханада жұмыс істеп, газет шығару ісіне өз үлесін қосады. 1951 жылы Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтқа оқуға түсіп, оны  тарих пәні мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдайды. Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің қолынан алған айрықша дипломын әлі күнге дейін ерекше сезіммен, мақтанышпен ұрпағына айтып отырады. Тың және тыңайған жерлерді игерудің де куәгері болыпты.
Ғұмырының қырық жылын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Пішенбай Мағжанұлы бастауыш комсомол, партия ұйымдарын басқарып, сол үшін талай мақтау, марапатқа да ие болған. Әр жылдары Уәлиханов, Еңбекшілдер, Зеренді аудандарының ауылдарында мектеп директоры қызметін абыроймен атқарған. Бүгінде сол еңбегінің жемісін көруде.
Отбасы туралы сұрағанымызда атамыз жадырап шыға келді. Осыдан тура алпыс жыл бұрын мамандығы мұғалім Күлзипа Жанәділқызымен шаңырақ көтеріп, ұрпақ өрбітіп, осы күнге дейін сыйластықта тату-тәтті ғұмыр кешуде. Жақында бала-шағасы мен туған-туысқандары жиналып, гауһар тойларын атап өтіпті. Ақсақалдың ардақты жарына деген сыйластығы, балалары мен немерелеріне деген мейірім-махаббаты  сырттан қараған адамды сүйсінте түскендей.
– Отбасымда Алла берген бес балам бар. Тұңғыш ұлым  Болат мал шаруашылығы саласында басқарушылық қызмет атқарады, Ғалаш қызым әсем Астанада денсаулық сақтау саласында дәрігер болып істейді. Зәмзәгүлім менің жолымды жалғастырушы, жоғары санатты мұғалім, Айнашым – экономика саласында қызмет істейді. Бұл екі қызым Степногорск қаласында тұрып жатыр. Кенже ұлым Тоқтар жергілікті зауытта құрылыс саласын басқарады. Балаларымның барлығы да ел игілігі үшін қызмет етуде. Барлығы оқыған, көздері ашық, көкіректері ояу азаматтар, – деп балаларының әрқайсысының жетістіктерін тізбектеген атамыздың қуанышы жүзінен анық аңғарылады.  
Қазіргі таңда Пішенбай атамыз имандылық жолында. Айдабол ауылындағы мешітте молдалық қызмет атқарады. Он жылға жуық сол мешітті басқарып келеді.  

Ырысалды ШАМШИЕВА.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар