Жанақ ақынның шығармашылығына арналды

Жуырда Көкшетау қаласындағы №4 орта мектепте Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы негізінде он сегізінші-он тоғызыншы ғасырдағы қазақ мәдениетін өскелең ұрпаққа таныту мақсатында тәлімді шара өткізілді.

Оның барысында халқымыздың ауыз әдебиетінде көрнекті орын алатын Жанақ ақынның өмірі мен шығармашылығын зерделеу және оны бүгінгі жастарға насихаттау мақсаты көзделді. Іс-шара қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі С.Ақыпова мен тарих пәнінің мұғалімі А.Әнешевтің ұйымдастыруымен және жетекшілігімен өткізіліп, 9-10 сынып оқушыларын қамтыды.
Сайыс түрінде өткен шара барысында әдебиет пен тарих тақырыбы бірге ұштастырылды. Ең алдымен сынып оқушылары топ-топқа бөлініп, ХVІІІ ғасырдағы ақын-жыраулар, соның ішінде Жанақ ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты тапсырмаларды орындады. Осы орайда, ақын мен жыраудың аражігі ажыратылып, өз шығармаларын орындау барысында олар қолданған ұлттық аспаптар туралы оқушылардың ойлары ортаға салынды. Сондай-ақ, энциклопедиядан ақын-жыраулар жайында мәліметтер іздестіріліп, туындылары сәйкестендірілді және картадан туған жерлері белгіленіп көрсетілді.
Мұның өзі сайысқа қатысқан шәкірттерден белгілі бір білім-білікті, ізденісті талап етіп, әр оқушының ойлау машығы, танымдық ой-өрісіне жол ашқандай болды. Сөйтіп, жас ұрпаққа рухани бағыт-бағдар беріп, оларды ауыз әдебиетіміздің кешегі көкжиегіне жетелеген іс-шара тартымдылығымен есте қалды. Бұл – ертеде қазақ даласында өткен ақын-жыраулар шығармашылығын кеңірек танып-білудегі біздің алғашқы талпынысымыз. Алдағы уақытта мұндай іс-шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында одан әрі өз жалғасын табатын болады.
Шолпан БЕГАЛИНА,
Көкшетау қаласындағы №4 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *