ЖАНАШЫРЫМ, ҚОЛДАУШЫМ ЕДІ

Уақыттың тым тез өтетіні туралы айтылып та, жазылып та жүр. Әрине, солай ғой. Сынаптай сырғып күндер, ағын судай арқырап айлар, жылжып жылдар өтіп жатады. Адам болса тек алға көз тігумен, бұған дейінгілерден де биіктерге ұмтылумен, болашағына бақытты белестер болжаумен болады. Бұл – өмірдің заңы, тірліктің тылсымы,табиғаттың талабы. Осынау заңдылыққа қарсы тұруға, болмысты өзгертуге ғана қауқары жоқ, болуы да мүмкін емес. Әйтпесе адамдар бауырларын, туған-туыстарын, олардан кем түспейтін жандарды о дүниеге қияр ма еді?!

 

Осыдан үш жыл бұрын бақилық болған Нұрғали ағам тірі болса бұл күндері 80-ге толады екен. Бірақ, ол да Жаратқанның белгілеген сызығынан аса алмады. Мұндайда «шүкіршілік» деген қазақи пәлсәпаға жүгінеміз: артында арыстай үш ұлы қалды, бәрі де өзі сияқты елге сыйлы, қоғамнан ойып тұрып орындарын алды, өз балаларын өсіріп-тәрбиелеп жатыр.
Ағамыздың өмір жолы өзі қатарлас буын өкілдерінікі сияқты: апыл-тапыл басқан сәбилік шақтың Ұлы Отан соғысының сұрапылындағы тыл тіршілігінің азапты шағына дөп келуі, бұдан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтірудің майдан жылдарынан да кем түспейтін ауыр кезеңін бастан өткеруі, тағысын тағылары – бәрі ұқсас. Оның үстіне өз әкесінің дүние салуы бұл салмақты одан сайын ауырлатқаны анық. Тек кейінірек шешеміз біздің әкемізге қосылған соң ғана отбасылық ахуалдың оңынан тұра бастағанын, бір анадан туған екі ағам мен әпкемнің жағдайы жақсаруға бет алғанын үлкендер айтып отыратын. Көп ұзамай дүниеге мен келіппін…
Ол кезде ауыл баласының шетке шығуы, басқа қалаға оқуға түсуі, шынында да, сирек еді. Бұл үшін, біріншіден, әрине, білім деңгейі тиісті дәрежеде болуы керек болса, екіншіден, оны оқыту үшін ата-ананың материалдық жағдайы мүмкіндік беруі тиіс-тін. Сәті түскенде, ағамыз оқудың оңтайлы түрін таңдапты, қабылдау емтихандарын ойдағыдай тапсырып, Петропавл қаласының сол кезде индустриалдық-педагогикалық техникум деп аталатын оқу орнына түсті. Бұған дейін елде тракторшы болып механизаторлық, диқаншылық жұмыстың мехнатын біраз татқан еді. Жаңағы оқудың оңтайлы түрі деп отырғанымыз, ол жерде оқушылар үшін киім де, үш мезгіл тамақ та техникум тарапынан қамтамасыз етіледі екен. Ауыз толтырып айтарлықтай табысы, кірісі жоқ қарапайым колхозшының отбасынан шыққан шәкірт үшін бұл керемет жеңілдік екені айтпаса да түсінікті. Ағамыз каникулға келгенде ауылдағылар оның қара шұғадан тігілген формалы киіміне сүйсіне қарайтын, мен болсам өзім сияқты балалардың алдында оның әдемі, жылтыр күнқағары бар фуражкесін мақтанышпен киіп жүретінмін.
Сол кезде Зеренді ауданындағы Троицк селосында ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесі болатын (кейін оны аудан орталығына ауыстырды). Бұл оқу орындарының ауыл шаруашылығы  саласына механизаторлар даярлаудағы рөлі зор болды, өйткені, тыңы көтерілген, үлкен империяны астықпен, басқа да егіншілік өнімдерімен қамтамасыз ету міндеттелген қазақ даласы үшін темір тұлпарлардың тізгінін ұстаушылар ауадай қажет уақыт еді. Ағамызға сол училищеге жолдама беріліп, мұғалім болып орналасты. Менің ауыл мектебінің алтыншы класын бітірген кезім. Әкем ағаммен ақылдасып, «заманның ауаны орыстың тіліне біржола бет бұруға айналды, ендігі тірліктің мәні, адам болудың тетігі – осы тілді білуде болып қалайын деп тұр, Нұрғали, мына ініңді өзіңе тапсырдым, орнықты қызметке тұрдың ғой, енді оны жаныңа ал, орыс мектебіне берейік», – деп ұйғарысыпты. Сөйтіп, елден жырақ аттамаған, ара-тұра ғана Лобаново селосынан ауылға соғып кететін әкемнің бір-екі тамырлары болмаса, орысты негізінен кинодан ғана көретін басым мүлде басқа ортадан бір-ақ шықтым. Училищені Зерендіге ауыстырғанда да ағам өзімен бірге ала кетіп, сегіз жылдықты сонда бітірдім.
Орта мектепті тәмамдаған жылы әкем қайтыс болды. Күләш әпкем өз отбасын құрғалы біраз жыл өткен, Нұртай ағам теңіз флотындағы ұзын-сонар әскери қызметінде. Шешем елде жалғыз, бір сиыр мен үш-төрт қой-ешкінің бергенін талғажау етіп өмір сүріп жатты. Бұл да бір ауыр кезең еді, бірақ, соған қарамастан Көкшетау педагогикалық институтының (қазіргі Ш.Уәлиханов атындағы университет) физика-математика факультетіне түстік. Сонда алғашқы қабылдау емтиханына киетін костюм болмай назаланып, кәдімгідей қорынып жүргенде ағамыздың Көкшетауға жедел жетіп, дүкеннен бір сұр пиджак сатып алып бергені күні кешегідей көз алдымда. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі естен етпес!», – дегенде қазекем осындайға меңзеген болар. Алайда оқуды жалғастыруға бәрібір жағдай келмеді. Біржарым жылдан кейін елге қайтып, әскер қатарына алынғанша тракторға отырдық, ұста дүкенінде темір соқтық, байланыс монтері болдық.
Әскер қызметінен оралған соң да ауылда күтіп тұрған шаруалар сондайлар екені белгілі ғой. Бірақ, өмірім күтпеген жерден мүлде басқа арнаға түсті. Бұған бағыт-бағдар нұсқаған да, тікелей себепкер болған да тағы Нұрғали ағам.1972 жылғы қыстың орта тұсы болатын. «Азаматтық борышыңды аман-есен атқарып келдің ғой, Зерендіге қонақ болып кет», – деген хабар келді ағамнан. Дастархан басында аға-жеңгемнің араласып жүрген отбасылары – алты-жеті ерлі-зайыптылар бас қосты. Әдеттегідей дәм тату, шай ішудің арасындағы әңгіме-дүкеннің барысында, сөзден сөз шығып, отырғандардың бірі аудандық газеттің редакциясына қызметкер іздеп жатқанын айтып қалды. Бұған пәлендей ешкім мән де берген жоқ, бірақ жұрт тарқағасын ағам манағы әңгіменің шоғын қайта тұтатты: «Редакторды танушы едім, ертең кіріп шығайықшы. Жазуға ебің бар сияқты еді ғой, мүмкін, жолың болып қалар?», – деп маған қарады. Жұмыс туралы қатты ойланып жүрген кез, келісе кеттім.
Ертесіне ағам екеуміз «Заря коммунизма» деп аталатын аудандық газеттің редакциясы орналасқан ағаш үйдің есігін аштық. Қырыққа таяп қалған, тапал бойлы, маңдайы кере қарыс, аққұба келген басшы жылы шыраймен қарсы алды. Ағам келген шаруаны түгел жайып салды, сезіп отырмын, мені мақтаңқырап та жіберген сыңайлы, әйтеуір, алып кетеді, жерге қаратпайды деп жатыр. Қысқасы, жүрегім дүрсілдеп, тілерсегім дірілдеп  табалдырығынан аттаған, мен үшін руханилықтың асқақ шаңырағы сияқты көрінген осы құтты ұяның көп ұзамай мүшесі болдым. Шіркін, буырқанған жанартау жастықтың кезі ғой, дүниенің бәрін білгің келеді, қолдан келмейтін іс жоқ секілді, журналистика деп аталатын ғажабы да, азабы да мол кәсіби соқпаққа түсіп жүре бердік. Бұған дейін білмеген әлемнің тұңғиығына тереңдей отырып, қоғамның рухани биігіне қол созуға ұмтылдық.
Осы аудандық газетте он бес жыл жұмыс істедім, қызметтен қол үзбей ауыл шаруашылық техникумын, Қазақ мемлекеттік университетін бітірдім. Мазасы мол, проблемасы бір таусылмайтын, қызығы да жетіп артылатын журналистика атты кәсіп, газетте өткен жылдар мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Және сол тәжірибенің өзім істеген комсомол, партия, кеңес қызметтерінде, одан кейінгі басшылық жұмыстарда көмегі ұшан-теңіз болды десем артық айтқандық болмас.
Нұрғали ағам да абырой биігінен көрінген жанның бірі. Өзінің тікелей қызметтік міндеттерін атқаруда болсын, қоғамдық жұмысқа араласудағы белсенділігі болсын, халық ішінде өте сыйлы болды. Содан болар, жетпісінші жылдардың басында «Подлесный» кеңшарының жұртшылығы ол кісіні селолық Кеңестің төрағасы етіп сайлады. Шаруашылықтың сол кездегі дамуына, елді мекендердің қоғамдық өмірінің кең қанат жаюына ағамыз сүбелі үлес қосқаны анық.  
Кезінде Көкшетау облысы жабылғанда тағдырдың жазуымен жаңа астанаға барып, екі жылдай Мәдениет және ақпарат министрлігінде қызмет істеуге тура келді. Бір қарағанда көп уақыт болмаса да бұл кезеңнің маған бергені мол болды, дүниетаным көкжиегі өте-мөте кеңейіп, дос-жолдастардың қатары анағұрлым артты. Жақсы-жайсаңдармен, зиялы қауымның қаймағымен араласудың сәті жиі түсіп тұрды. Ал мұның бәрі, әрине, жан сарайымызды байытуға көп септігін тигізді.
1999 жылы Елбасының Жарлығымен Көкшетау Ақмола облысының орталығы болып жарияланғанда елге қайттық. Әуелі өңірлік ақпарат ведомствосын басқарып, 2004 жылдан зейнетке шыққанға дейін облыстық тіл басқармасына жетекшілік еттік. Бүгінгі таңда мұның идеологиялық тұрғыдан, әсіресе біздің солтүстік аймақ үшін, аса өткір сала екенін айтып жату артық шығар. Міне, осы іске шама-шарқымызша үлес қостық дей аламыз. Және де осынау қомақты өмір жолымның бастауында жол сілтеген, қолдаушым һәм жанашырым болған, бүгінде туғанына 80 жыл толып отырған, жатқан жері нұрлы болғай, Нұрғали ағам екенін айту парызым деп санаймын. Алла ұрпақтарына амандық берсін, ел-жұрты ырыс-берекеге кенелсін.
Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ, жазушы-аудармашы.
Суретте:  Нұрғали Шәкіржанов  (алдыңғы қатарда солдан оңға қарай бірінші) бір топ зиялы қауым өкілдерімен бірге.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар