Жарайсың , Виктория!

Еңбекшілдер ауданындағы Макин орта мектебінің 8 сынып оқушысы Виктория Стаматова үстіміздегі жылы қазан айында Көкшетау қаласында өткен «Тіл Дарын» облыстық шығармашылық жобалар байқауында «Менің ауылымның тарихы» тақырыбында жоба қорғап, бірінші орынды иемденді.

Өзге ұлт өкілдерінің балалары арасында қазақ тілін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған сайыс дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған №3 мектеп-интернатында өтті. Бұл жобаға Көкшетау, Степногорск қалаларынан және облысымыздың барлық аудандарынан 136 оқушы қатысты. Еңбекшілдер ауданынан додада бес оқушы білім сынына түсті. Олар Донской орта мектебінің оқушылары Артем және Денис Хабиновтар, Бұланды орта мектебінен 9 сынып оқушысы Надежда Колевид, Степняк қаласындағы №1 орта мектептің шәкірті Валерия Магерко. Аталған оқушылар байқауға белсене қатысқандары үшін сертификатпен марапатталды.
Ал, менің шәкіртім – Макин орта мектебінің 8-сынып оқушысы Виктория Стаматова «Менің ауылымның тарихы» тақырыбындағы жобаны қорғап, бірінші орынды иемденді. Викторияға бірінші дәрежелі дипломмен бірге 110 мың теңге ақшалай сыйлықтың сертификаты тапсырылды.
Сол жобадан кейін облыстық білім басқармасы Викторияға облысымыздың атынан «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасына қатысуға ұсыныс жасаған болатын. Сайыс үстіміздегі жылдың қарашасында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастыратын Skype-онлайн бағдарламасы арқылы өтті. Ережеге сәйкес, шәкіртім қазақ тілінде сәлемдесіп, әділқазылар қойған әртүрлі сұрақтарға жауап берді, берілген тақырыпта эссе жазды.
Осы еңбектің нәтижесінде Виктория республикалық жобада да бірінші орынды иемденіп, ауданымыздың ғана емес, облысымыздың мерейін үстем етті. Оқушымды жеңісімен құттықтап, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге үлесіңді қоса бер демекпін.

Мәнсия ӘБЖАНОВА,
Макин орта мектебінің мұғалімі.

Еңбекшілдер ауданы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *