Жасөспірімдерді тәрбиелеу маңызды

Облыстық жасөспірімдер ісі жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының төрайымы Айсұлу Жұматова БАҚ өкілдерімен өткізген брифингте биылғы жылдың алғашқы жеті айындағы атқарылған жұмыстар жөнінде әңгімелеп берді.

Бес жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан жасөспірімдер ісі жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты тек балалар мен жасөспірімдердің қолымен жасалған қылмысты істерді ғана қарап қоймай, жалпы кәмелетке толмағандардың құқығына қатысты барлық істерді қарайды. Олардың арасында  ата-аналық құқығынан айыру, алимент өндіріп алу, балалардың мүлік меншігін қорғауға қатысты істер де аз емес.
Ювеналдық сот төрайымының айтуынша, жыл басынан бергі өткен уақыт ішінде 247 азаматтық іс қаралған. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 211 азаматтық іс қаралғанын ескерсек, сот қарайтын істер қатарының көбейе түскенін бағамдайсың. Сот қараған істердің дені алиментке байланысты және балалардың меншік құқығын қорғау жөніндегі істер екен. Тағы бір атап өтерлік жағымды өзгеріс, екіжақты келісім негізінде қысқартылған істер қатары өткен жылға қарағанда екі есеге артыпты. 29 азаматтық іс медиаторлардың араласуы-
мен сотқа шағымданған тараптардың келісімге келуімен аяқталыпты. Өткен жылдың осы кезеңінде бұндай істер саны – 13 болған екен.
– Бірін-бірі көрместей болып кеткен ерлі-зайыптылардың сот барысында медиаторлардың араласуымен өзара келісімге келіп жатуы сырт қарағанда таңғаларлық жай және бұл егер ынта болса қандай жағдайда да тіл табысуға болатынын көрсетеді, – дейді ювеналдық соттың төрайымы. Бұл екінші жағынан қарапайым жұртшылықтың сотқа деген сенімінің арта түскенін де аңғартса керек.
Айсұлу Жұматова сондай-ақ, жағымсыздау жаңалықтарды да айтпай кетпеді. Ювеналдық сот қараған кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстық істер қатары өткен жылға қарағанда көбейе түсіпті. 2016  жылдың осы кезеңінде 18 адамға қатысты 17 қылмыстық іс қаралса, биылғы жылдың алғашқы жеті айында  53 адамға қатысты 42 қылмыстық іс қаралған екен. Екі жасөспірім сот шешімімен бас бостандығынан айырылып, арнайы түзеу мекемесіне жіберілген. Өткен жылы бір жасөспірім бас бостандығынан айырылған еді. Көңілге діт болатыны, қылмыстық істерде де екі жақты келісімге келу арқылы мәміле жасау санының арта түскені.
Жасөспірімдер ісі жөніндегі соттың өзге соттардан ерекшелігі – жаңсақ басып, заң бұзған кәмелетке толмағандарды бірден ауыр жазаға тарту қарастырылмаған. Бар өмірі алда дейтін жастағы жасөспірімдерді мүмкіндігінше өз қателігінен сабақ алып, түзу жолға түсіруге қажетті шаралар қарастырылады. Балалардың теріс жолға түсуіне негізінен айналасындағы ересектер, оның ішінде ата-аналары себеп болып жататыны белгілі. Осы орайда, ювеналдық сот түскен шағымдарды қарап, шешім шығарумен ғана шектеліп қалмай, бала тәрбиесіне ата-аналардың назарын аудару, балалар мен ата-аналар арасында құқықтық түсінік, тәрбие, насихат жұмыстарын жүргізуге де белсене атсалысып отырады. Жыл басынан бері 8 мыңнан астам адам қатысқан түрлі семинарлар мен дөңгелек үстел шаралары өткізілген.
Жасөспірімдер ісі жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты іс жүргізудің заманауи тәсілдерін пайдалануға да үнемі жете көңіл бөледі. Осы орайда, «Сот кабинеті», «Әкімшілік іс жүргізу» электронды сервистерінің қызметі кең жолға қойылған. Аталмыш сервистер арқылы кез-келген азамат өзін қызықтырған мәліметтерді интернет арқылы сайтқа кіріп, алуына мүмкіндігі бар.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар