Жас талапкерлер мүшәйрасы

Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйінде ел  тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған жасөспірім ақындардың мүшәйрасы өтті.

Жас таланттарды қолдап, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру, қазақтың қара өлеңін насихаттау мақсатында өткізілген жыр додасына қатысуға ынта білдірген жас қаламгерлер аз болмады.
Мүшәйра шарты бойынша жас ақындар бірінші кезеңде ел тәуелсіздігіне арнап жазған өлеңдерін оқыса, жарыстың екінші кезеңінде еркін тақырыпта жазған балауса жырларын жұрт назарына ұсынды. Мәнерлеп оқу, сөз шеберлігі, сахна мәдениеті, ой толғамы, тақырып үйлесімділігі – бәрі де қазылар алқасының назарында ұсталып, жүзден жүйрік шыққан жүлдегерлерді анықтауға негіз болды.
Тәуелсіздікті ту еткен жас ақындардың отты жырлары жиналған қауымның қошеметіне ие болды.
Қазылар алқасының төрағасы Мәнап Әдірешев жыр мүшәйрасына қатысушылардың жетістігіне қоса кемшін тұстарын да ашық атап айтты. «Өнерге әркімнің де бар таласы» демекші, жыр додасына қатысушылар көп болғанымен, олардың бәрі бірдей биік талап деңгейінен көріне алмағандығын атап өткен артық болмас. Десек те, сайыс болған соң жеңімпаз болатыны белгілі. Тиісті ұпай саны бойынша жүлделі бірінші орынды Бөгенбай мектебінің оқушысы Нұртілек Асылбек иеленсе, екінші орынды  №2 мектеп-лицейінің шәкірті  Бахтияр Жепенов олжалады. Үшінші  орынды №4 орта мектептің оқушысы Гүлсім Нұрекешова жеңіп алды. Жүлдегерлердің бәріне арнайы дипломдармен бірге бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ, мүшәйраға қатысушылардың бәріне мақтау қағазы мен естелік сыйлық тапсырылды.  

Гүлнәр ҚАНАПИЯНОВА.

Ерейментау ауданы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *