Жасампаздық салтанаты

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Целиноград аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын өткізілді.

Ұлылық ұлықталған жылы жүзді жүздесуді аудан әкімі Мәлгаждар Тәткеев ашып, құттықтау сөз сөйледі.
Аудан әкімі өз сөзінде еліміздің мызғымас біртұтас бірлігінің арқасында және Елбасының өзі бастамашысы болып отырған кең ауқымды реформалардың арқасында еліміздің қиындықтың қамалын бұзып, өрлеуге бет алған бағыты жайында жан-жақты баяндап берді. Ол өз сөзінде басты бағыттар туралы айта келіп, «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласынан туындайтын міндеттерге тоқталды.
–Біздің бүгінгі қол жеткен табыстарымыз ол ең алдымен Ұлт Көшбасшысының көрегендігі мен қисапсыз еңбегінің, күш-қуатының арқасында. Барлық қазақстандықтардың көкейінде тәуелсіздігімізді баянды етіп, ұлттар мен ұлыстардың бірлігін сақтау жайы жүр. Біздің Елбасымыз біртұтас ел құра білді. Сол елді жарқын болашаққа жасампаздықпен бастап келеді,–дейді аудан әкімі өз сөзінде.
Ауданның соңғы жылдардағы табысы да тілге тиек етілді. Қазіргі күні бұл өңірде жоғарыда аталған реформалар сәтті жүзеге асырылуда. Бұл ең алдымен Елбасының көреген саясатының арқасында жалпақ жұрт жұмыла құрыштай берік мықты қолға алып, толассыз атқарып жатқан толымды шаруалардың нақты нәтижесі.
Салтанатты жиынның соңында жиналған көпшілікке концерттік бағдарлама ұсынылды. Аудан жұртшылығы медицина ғылымдарының докторы, еліміздің жетекші хирургтарының бірі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, бүкілодақтық және республикалық конкурстардың лауреаты Серік Тоқпановтың өнерін тамашалады. Әншіге Александр Аблаев жетекшілік ететін «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі сүйемелдеу жасады. Серік Имақұлы тек медицина қызметкері ғана емес, әнші ретінде де көпшілікке танымал. Оның орындауындағы әндер әрдайым тыңдаушы қауымның көңілінен шығып, қошеметке ие болып жатады. Әнші Иосиф Кобзон, Лев Лещенко, Валентина Толкунова тәрізді атақты әншілермен бірге үлкен сахналарға да шыққан.
Осы жолы ауданның өнерсүйгіш қауымы тән жарасын жазатын хирургтің жан жадыратар жақсы қырын әбден танып, өнеріне сүйсінді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *