Жастарда ұмтылыс бар

Ақмола облыстық әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Нұрлан Нұркеновтің төрағалығымен өткен кеңес мәжілісінде жастар саясатын жүзеге асыру мәселелері талқыланып, Еңбекшілдер мен Жақсы аудандары басшыларының есептері тыңдалды.

Облыстағы жастар істері жөніндегі кеңес – аймақтағы жастар саясатын жүзеге асыру мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңес  органы. Оның басты мақсаты жастардың азаматтық ұстанымдарын жеткізуге жағдай жасау, облыстың әлеуметтік-экономикалық қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуына мүмкіншілік ашу болып табылады. Аталған кеңеске мемлекеттік органдардың басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, аудандық және қалалық ресурстық орталықтардың басшылары, жоғары оқу орындарының өкілдері, жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты.
Шараны ашқан облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов облыста жұмыс істеп жатқан ресурстық орталықтардың материалдық жағдайларын тілге тиек етіп, Есіл ауданындағы орталықтың материалдық-техникалық базасының нашарлығына қарамастан, көп шаруалар атқарып жатқанын басқа аудандарға үлгі етті. Өздерінің жұмыстарын ғаламтор арқылы көрсету үшін аудандардағы ресурстық орталықтар Smm менеджерлерін алу қажеттігіне назар аударды және аудандарда баспасөз қызметінен гөрі, Smm менеджерлерін ұстаған әлдеқайда тиімді екендігін атап өтті.   
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ольга Ковалева облыстағы кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінде оқып жүрген оқушылардың жетістіктері мен әлеуетін баяндап берді. Ағымдағы жылы жұмысшы мамандықтары бойынша білім алып жүрген оқушылар арасында ұйымдастырылған WorldSkills халықаралық байқауына біздің облыстан 15 оқушы қатысып, барлығы да жүлделі орындарға ие болыпты. Осы ретте, мектеп бітірген оқушылардың жұмысшы мамандықтарына баруына мүмкіндіктер жасау, мұның маңыздылығы мен осы күнгі оған деген сұраныстың жоғарылығын түсіндіру қажеттігі ескертілді. Бұл орайда, қызметін қарапайым жұмысшыдан бастаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  өмір жолын үлгі ету керектігі айтылды.
Еңбекшілдер ауданында 3497 жас бар. Олардың 1474-інің жұмысы болса, 700-ден астамы өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Ауданда «Жасыл ел» бағдарламасымен жастарды жұмыспен қамту мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан көрінеді. 2009 жылдан бастау алған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында осы күнге дейін 118 жас маман келіпті. Оларға көтерме ақы беруге 13 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Сол сияқты аталған бағдарлама негізінде келген 27 маманға баспана сатып алу үшін пайызсыз несие берілген. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Орынбасар Ахметова айтып берді.
Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Ринат Галлямовтың мәлімдеуінше, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысатын еріктілер семинарына аталған ауданнан таңдап алынған жастар келмейді екен. Осыған орай, ол аудан басшылығынан бұл мәселені шешуге ықпал етуін сұрады. Бұдан әрі Жақсы ауданы әкімінің орынбасары Ләззат Сейдахметова жастарды жұмыспен қамту барысында атқарылып жатқан шаралармен таныстырды.
Шара соңында кеңестің келесі жылғы жұмыс жоспары бекітілді.

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар