Жастардың ойы – жобада

Облысымыздағы іргелі кәсіпорындардың бірі саналатын   «Көкшетау минералды сулары»  серіктестігі  студенттік «Enactus» бизнес-форумын  өткізді. 

 

Оған қаланың жоғары оқу орындарының студенттері мен белсенді жастар, кәсіпкерлер мен әртүрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдері  қатысты.  Тұрмыс деңгейін көтеру  үшін  кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін  талантты жастарға қолдау мақсатында  ұйымдастырылған шараға жиналғандарға аталмыш халықаралық жоба жайлы Алматыдан келген «Enactus Kazakhstan»  президенті Альбина Ержанова баяндап берді. Бұл жоба адамдардың өмір сүру сапасын  жақсартатын, жастардың  кәсіпкерлікке  бастауға  игі ықыласын тигізетін алғашқы жолы болып табылады. Жобаға қатыса отырып, халықаралық бизнес саласында кәсіпкерлікте жоғары жетістіктерге  қол жеткізгендер аз емес. Жобаға қатысушылардың  80 пайызы ірі компанияларға қызметке орналасса,  20 пайызы өз бизнесін ашқан.
А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Мәди Елубаев «Отызында орда бұзбаған қырқында қамал алмайды», – деп таяуда ғана А.Мырзахметов атындағы
университетте коворкинг-орталық  ашылғандығын жеткізді. Студенттер жаңа жобаларды іске асырып, жас кездерінен бастап кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруде.  
Бұдан әрі, Қазақстан және Орталық Азия бойынша  KPMG  маркетингінің  директоры Қарлығаш Қалтаева жастардың бүгінгі заман талабына сай білімді және жан-жақты болуы керектігіне назар аударды. Сонымен қатар, шешендік өнер, көшбасшылық деген қасиеттерді бойларына дамыту үшін де осындай жобалардың маңызы зор екендігіне  тоқталды.
Осылайша студенттік жастар форумы оған қатысушыларға ой салып, бағыт-бағдарларын тағы бір айқындап  алуға септігін тигізерліктей, елеулі шара ретінде көпшіліктің ойынан шықты.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *