Жастарымызды жат ағымдардың ықпалынан қалай сақтаймыз?

Биыл жазда қаншама жазықсыз жандардың өмірін алып кеткен Ақтөбеде болған лаңкестік оқиға елімізде діни экстремистер тарапынан қатердің барлығын айқын көрсетіп берді. Елбасы бұл лаңкестік оқиғаға сәлафи ағымын ұстанушылар айыпты екендігін ашық айтты. Осы орайда, бүгінде еліміздің барлық аймақтарында тамыр жайып үлгерген бұл қатерлі ағымға қарсы күрес, оның жолын кесу шараларын құзырлы органдар қолға алып жатыр. Десек те, қоғамымызға тереңдей енген жат ағым өкілдерінің өздері адасқандарымен қоймай өзгелерді, оның ішінде жастарды адастыруға белсене әрекет етіп отырғанын жасыруға болмайды. «Арқа ажары» газеті редакциясы ұйымдастырған «Көзқарас» пікірталас клубының кезекті отырысында «Жастарымызды жат ағымдардың ықпалынан қалай сақтаймыз?» деген мәселе жан-жақты талқыланды. 

Шараға Көкшетау қаласындағы Ғалым мешітінің бас имамы Нұрлан Әбенұлы, облыстық дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Қасенов, М.Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының жанынан құрылған «Инабат» клубының жетекшісі Нәзира Рамазанова және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы, доцент Ғалымтай Төлепберген қатысты. Іс-шараны ашқан «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа тәуелсіз мемлекетіміздің басты байлығы – татулығымыз бен бірлігімізге қатер төндіргісі келетін діни экстремизмге жол бермеу, жат ағымның ықпалына түсудің алдын алудың маңыздылығына тоқталып, осы мәселеге арналған кездесуге қатысушыларға алғысын білдірді. Сұрақ беру және оны талдау түрінде жүргізілген шара барысында қатерлі ағымға қарсы күрес және оның алдын алу мәселесіне қатысты көптеген бағалы ой-пікірлер айтылды.  
– Әсіре діншілдердің пікірінше, нағыз ислам қазақ еліне өткен ғасырдың 90-шы жылдарында ғана келген. Олар осылайша сол кезге дейінгі қазақтың ұлттың дәстүрімен астасқан исламды мойындамай отырған жайы бар. Осы мәселеге қатысты не айтасыз?
Ғалымтай Төлепберген: – Біз жетпіс жылдан астам уақыт кеңестік атеистік идеологияның ықпалында болған елміз. Осыдан келіп дін жағынан білім, түсінігіміз төмендеп кетті. Қазір енді ғана дін білімін үйрену, оқыту жайы дұрыс жолға қойыла бас-тады. Республика бойынша бүгінде арнайы діни білім алған имам-молдаларымыздың саны 4 мыңнан асты. Олар жергілікті жерлерде шынайы ислам дінін уағыздап, халықты имандылыққа ұйыту жұмыстарын атқаруда.
Ал, енді ислам дінінің қазақ еліне қай уақытта таралғаны жайына келетін болсақ, бұл 8-ші ғасырдың басы деп айтуға болады. Қарлұқтар билеген тұста түркілер қытаймен соғысып, сол кезде ислам дінін таратқан араб әскерімен  бірлесіп қытайға соққы берген еді. Бұл нені білдіреді? Мемлекеттердің шекарасы болатыны сияқты, мәдениеттің де шекарасы болады. Конфуцияндық мәдениетті ұстанған қытай елінің ықпалы түркілерге жүрмеді. Түркілер керісінше, ислам мәдениетін қабылдады. Осылайша ата-бабаларымыз конфуцияндық мәдениетті емес, исламды қабылдап, осы жолға түсті. Сөйтіп, сол кезден бастап ислам діні елімізде жан-жақты дамуға мүмкіндік алды. Дәл қазіргі кезде біздер сонау Абай, Шәкәрім заманындағы ислам дінінің шариғат түсінігі деңгейіне әлі жеткеніміз жоқ. Ол заманда шариғат айтатын, діни білімі жоғары адамдар көп болды. Қазір қазақтар дін ілімін енді-енді ғана меңгеруде. 8-ші ғасырда қазақ еліне енген ислам діні 10-15 ғасырда мемлекеттік ресми дін деңгейіне көтерілді. Берке ханның, одан кейінгі Хақназар, Тәуекел, кешегі Тәуке хандардың тұсында ислам діні мемлекеттік ресми дін болып саналды. Мәселен, «Жеті жарғы» заңында ислам дінінен бас тартып, басқа дінге көшкен адамды жазаға тарту шарасы қарастырылған. Осылайша сол кездегі заңдарда ислам дінін сақтау, қорғау заң арқылы бекітілгенін көреміз.
Жалпы алғанда, қазақ еліне ислам діні өткен ғасырдың 90-шы жылдары ғана келді деген түсінік түбірімен қате. Сонау Қожа Ахмет Яссауи бабамыздан басталған сопылық мектеп дамып, өсіп-өркендеді. Сондай-ақ, қазақ тіліне еніп, қазақтың өз сөзі сияқтанып кеткен дін арқылы келген араб сөздері қаншама. Мәселен, тәпсір дейміз. Бұл түсіндіру, яғни Құранды түсіндіру деген мағынада қолданылатын араб сөзі. Амал, дәлел деген сөздер бар. Сонымен бірге, дін арқылы келген адам есімдері де көп. Осының бәрі қазақ даласына ислам дінінің ерте заманда келіп, ұлттық дәстүрмен біте қайнаса, орнығып қалғанын дәлелдейді.
– Мәзхабты мойындамай, тек Құранды тікелей басшылыққа алып жүру керек дейтін уаххабилердің түсінігі қаншалықты негізді?
Нұрлан Әбенұлы: – Пайғамбарымыздың көзін көргендерді сахаба десе, олармен жүздескендерді таблиғин деп атаған. Сәлаф дегеніміз сол Пайғамбарымыздың тұсындағы таза дінді ұстанушылар. Одан кейін сәлаф болған жоқ. Ал, қазіргі өздерін сәлафиміз деп атап, сол Пайғамбарымыздың тұсындағыдай таза дінді ұстанып жүрміз деушілер теріс ұғымдағылар. Міне, сәлафиміз деп жүргендер мәзхабты мойындамай, тікелей Құранды басшылыққа алған жөн деп санайды. Олар Құран мен сүннетті мойындайды және тікелей соларды басшылыққа алу керек деп есептейді. Ал, мәзхаб деген не? Мәзхаб деген бұл Құран мен сүннетті үлкен ғұлама ғалымдардың елеп-екшеп ғасырлар бойы қалыптастырған үлкен мектебі. Сәлафилер де, мәзхабты ұстанушылар да Құран мен сүннетті мойындайды, бірақ сәлафиттер оны өз ақылымен тікелей басшылыққа аламыз десе, мәзхабты ұстанушылар ғұламалар салған мектептің ережелерін сақтайды. Бүгінгі біз ұстанатын Ханифа мәзхабының негізін Әбу Ханифа қалаған, бірақ одан кейін көптеген ғұламалар жетілдіріп, дамытқан. Қазіргі сәлафилер мәзхабты жалғыз Әбу Ханифа жасады деп ойлайды, шындығында олай емес. Бұл көптеген ғұламалардың қатысуымен жасалған діни шарттарды қалай орындауға арналған әдістемелік мектеп. Жай адам өз бетінше Құран мен хадистерді оқып алып, сол бойынша дін амалдарын жасай алмайды. Қазіргі еліміздегі дін саласының үлкен ғалымдары Құран мен хадистерге орай түсінік бергенде өз атынан емес, мынадай ғұлама осылай деген екен деп беделді дін ілімінің ғалымдарын басшылыққа алады. Қазір ислам дінін ұстанушылар арасында төрт мәзхаб бар, олардың бәрі де дұрыс деп саналады. Дегенмен, олардың арасында аздаған айырмашылықтар бар. Мәселен, Шәфий мәзхабын ұстанатын шешендер мен Ханафи мәзхабын ұстанушы біздердің арамызда аздаған өзгешеліктер кездеседі. Оларда көп мәселелерге байланысты қаталдау талап қойылса, бізде аздап жұмсақтау, дегенмен, осындай әр мәзхабтың өзіне тән өзгешеліктері болғанына қарамастан, барлық жол дұрыс деп саналады. Сондықтан, дін жолын мәзхаб арқылы ғана ұстану қажет, мәзхабсыз Құран мен хадисті басшылыққа алып өз бетімізше амал жасаймыз дегендер адасады.
– Қазақтың қыз-келіншектері арасында соңғы кезде хиджап киетіндер, денесін түгел қара матамен бүркеп жүретіндер көбейіп барады. Ислам діні ресми дін саналған ерте заманның өзінде бетін ашып еркін жүретін қазақ әйелдеріне бұл қаншалықты жарасымды?
Нәзира Рамазанова: – Кім қандай киім киеді, оны шешу әр адамның өз еркіндегі шаруа. Ертеде қазақ әйелдері бастарына сәукеле салып, қыздар үкілі тақия, ал кемпірлер кимешек киген. Бұл сол кездегі ұлттық дәстүрімізге, киім кию үлгісіне сай болды. Қыз-келіншектеріміз хиджап киіп жатса, бұл абыройын сақтау ниетімен жасалған іс деп санаған жөн болар. Дегенмен де, сондай хиджап кигендер арасында басқаларды «мынау мұсылман, мынау дінсіз» деп бөлушілік және айналасындағыларды өз ұстанымдарына тартуға талпыныс жиі байқалып жатады. Мәселен, өзім еңбек ететін мекемеде хиджап киетін қыз-келіншектер болды. Ешкім оларға тиым салған жоқ. Жұмысқа да хиджаптарын киіп келіп жүрді. Бірақ та, солар айналасындағыларды үгіттеп, өз жолдарына тартуға үнемі талпынып жүргендігін байқадық. Меніңше, бұл дұрыс емес. Әр адам дін жолын ұстай ма, жоқ па, оған қалай келеді, мұны өз еркімен шешуі қажет. Өз көзқарасын өзгелерге еріксіз таңуға әрекет жасау түсінбестік жағдайларды туғызып жатады. Имандылық жолына әркім өз қалауымен, саналы түрде барғаны жөн. Жалпы, дін дегеніміз бұл әр адамның өз шаруасы ғой. Дін адамдары қыз-келіншектер хиджап кигендері жөн деп санап, соны айтатынын естиміз. Десек те, бұл әр адамның өз еркіндегі іс деп санаймын.
Нұрлан Әбенұлы: – Әлгінде ғалым ағамыз айтып кетті, қазақ еліне ислам діні 8-ші ғасырда келген, 10-шы ғасырда Қарахан дәуірінде мемлекеттік дін ретінде бекіген деп. Қазақ сонша ғасырлар бойы ислам дінін ұстанса да, қыз-келіншектері беттерін жауып, паранжы кимеген. Содан кейін, қазақы түсінікке сай қара киімді жақыны өлген адам ғана киеді. «Қара жамылды» деген түсінік бар ғой. Бірақ та, паранжы кию басқа мұсылман елдерінде ертеден болған. Мынау өзбек, тәжік халықтарында әйелдер паранжы жамылған. Қазір көп адамдар қара матамен бүркенген әйелдердің бәрін сәлафи, уаххаби ағымдарын ұстанушылар деп қабылдайды. Бұл дұрыс емес. Олардың арасында сопылық ағымды ұстанатын жігіттердің әйелдері де бар. Олар Түркиядан оқып келген, сопылық жолды ұстанатындар. Сопылар мен сәлафилер бір-біріне от пен судай қарсы. Сопылардың әйелдері көздері мен мұрындарын ашып жүреді, ал сәлафилер беттерін түгел жауып алады.
Құранда әйелдердің беттерін түгел жабуы керек деген тұжырым жоқ. Тіпті, қажылықта қағбаны тәуап еткенде әйелдердің беті ашық болуы қажет. Намаз оқыған кезде де бет ашық болуы шарт. Ал, басқа уақыттарда беттерін жаба ма, жоқ па оны өздері біледі. Біз мешітте әйелдерге жүздеріңді түгел жауып жүріңдер деп айтпаймыз. Дегенмен, әйелдердің күйеулеріне мойынсұнуы міндет. Егер күйеуі паранжы киіп жүр десе, бөтен адамның әйеліне біз жүзіңді ашып жүр деп айта алмаймыз. Міне, бұл мәселенің осындай күрделі тұсы бар. Ал, хиджап деген бұл қазақтың кимешегі ғой. Әйелдердің ашық-шашық жүргенінше, зейнетті жерлерін жауып жүргені жөн болады. Мұны мешіт қолдайды.
– Биылғы жылдың маусымында Ақтөбеде орын алған лаңкестікке сәлафи ағымын ұстанушылар айыпты деген пікір білдірді Елбасы. Сәлафи ағымын ұстанушыларды райынан қайтару және олардың ықпалына басқаларды түсірмеу үшін дін басқармасы құзырлы орган ретінде қандай жұмыстар атқарып жатыр?
Болат Қасенов: – Біздің басқарманың жанынан құрылған діни орталық  және «Насихат» тобы бар, оған мешіттердің имамдары қосылып, бұл бағытта көптеген жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Облысымыздың аумағындағы барлық жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесулер өткізіліп, діни экстремизмнің қатері, жат ағымдардан сақтану жайында әңгімелер өткіздік. Қазір жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларымен және колледж оқушыларымен кездесулер өткізілуде. Сондай-ақ, аудандарда да үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін өкілдеріміз бар. Басқарма жанындағы орталықтың дінтанушы маманы Данияр Тоқсанбаев аудандарға шығып, әңгімелер өткізіп тұрады. Тарихшы ғалым Ғалымтай Мәлікұлы ағамыз да насихат жұмыстарына белсене араласып тұрады. Жергілікті жерлердегі мешіттердің имамдарын да осы жұмыстарға тартудамыз. Бірлесе жүргізген осындай жұмыстарымыздың нәтижесінде, сәлафи бағытын ұстанып жүрген 4-5 жігіт райларынан қайтып, шынайы дін исламға жүздерін бұрды.
Жат ағымды ұстанып қана қоймай, басқаларды соған тартып, басқа да заңсыз әрекеттер жасағаны үшін жазаға тартылған азаматтарды да естен шығармаймыз. Түзеу мекемелерінде болып, насихат жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. Мешіттердің бәрінің жанынан насихаттық-ақпараттық топтар ашылып, жұмыс істеуде. Сонымен бірге, осы бағыттағы жұмыстарды жүргізуге байланыс-ты екі лот ойналды. Ол әйелдер және ерлер жамағатымен жұмысқа арналған. Астанадан арнайы теолог маман шақырдық. Қазір ол да осы бағытта белсенді жұмыс жүргізуде.
– Сәлафи сияқты қатерлі ағымдармен күрес, оның жолын кесу шараларын жүзеге асыруға қазіргі заңдық негіз жеткілікті ме? Осы орайда, халық арасында сәлафи ағымының жұмысына тиым салатын заң қабылдау туралы әңгіме өрбуде. Бұл туралы не айтасыз?
Болат Қасенов: – Дін істерімен айналысатын құзырлы орган ретінде біздерден осы мәселеге қатысты сұраған еді. Соған орай, біз өз ұсыныстарымызды толық жазып жібердік. Мұндай заң қажет екені дау туғызбайды. Дегенмен де, оған кейбір жайлар кедергі келтіріп тұрған сияқты. Мәселен, Сауд Арабиясы елінің ресми діні уаххаби немесе сәлафи деп атаймыз. Осы орайда, дипломатиялық байланысымыз жақсы болып отырған бір елдің ресми дініне тиым салу қалай болмақ? Сондай-ақ, бұл заңды жан-жақты ойластырып, зерттеп барып қабылдау қажет. Осындай жайлар аздап кедергі келтіріп тұрған секілді.
Ғалымтай Төлепберген: – Сәлафилердің жұмысына тиым салынатын заң бұл ұлттық қауіпсіздігімізге байланысты заң. Сондықтан, оның маңызы зор. Бізде өкінішке орай, заң қабылдағанда бірқатар кемшіліктерге жол беріліп жатады. Заңды негізінен шағын топ оқшау жағдайда қабылдайды. Осы көктемде жер туралы заңға байланысты шиеленісті алайық. Мұның себебі, заңды халыққа дұрыс түсіндірмеуде және оны қабылдағанда қоғамның пікірімен санаспауда болғаны белгілі. Сондықтан, заңды қабылдағанда қоғамдық пікірлерді, халықтың барлық топтарының пікірлерін ескере отырып қабылдаған жөн деп ойлаймын. Ондай заң ертең теріс ағымдардың өкілдері өз мүдделеріне пайдаланып кететіндей олқы тұстары, саңылаулары жоқ толымды заң болуы тиіс.
– Ұлттық дәстүрін берік ұстанатын жапондар, индустар өзге діни ағымдарға онша елікпейді. Осы орайда, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін насихаттау, жас-тарды дәстүрді сыйлап, ұстануға шақыру қаншалықты маңызды және ол үшін не істеу қажет деп санайсыз?  
Нәзира Рамазанова: – Қазір күнделікті өмірден көріп жүрміз ғой, қыздарымыз ашық-шашық киінеді, жастарына қарамай үлкендеріміз де өздеріне жараспайтын киімдер киіп жатады. Мұның бәрі сол ұлттық дәстүрімізден қол үзудің кесірінен туған келеңсіздіктер. Менің ойымша, салт-дәстүрімізді балабақшадан, одан кейін мектеп қабырғасынан балаларымыздың санасына сіңіруіміз қажет. Осы орайда, арнайы пәндер немесе қосымша сабақтар бола ма, нақты ұлттық дәстүрімізді түсіндіретін бағдарламалар болуы қажет. Жалпы, қазақтың салт-дәстүрі дегеніміз, ол ұлттық тәрбиенің ажырамас бөлігі ғой. «Қызға қырық үйден тиым» дейді. Осының бәрі ұлттық тәрбие. Үлкенді сыйла, ер адамның алдын кесіп өтпе, өтірік айтпа дейді. Мұның бәрі адамгершілік тәрбиесі емес пе. Сондықтан, бүгінгі білім саласының құзырлы органдары балабақшадан бастап, мектептерде қосымша сабақ ретінде ме, ұлттық салт-дәстүрге тәрбиелейтін бағытта оқытуға көңіл бөлуі қажет деп санаймын.
Биылғы жылдың қаңтар айында облыстық кітапхананың жанынан «Инабат» деген клуб ашылды. Өзім жетекшілік жасайтын бұл клубтың мақсаты жастарға, әсіресе қыз балаларымызға ізгілікті ұстанатын дұрыс тәлім беру. Бүгінде жастар арасында жиі кездесетін суицид, тастанды сәбилер жайы – осылардың бәрі ұлттық тәрбиенің жоқтығынан орын алған жайлар деп ойлаймын. Жастарымызға ұлттық дәстүрімізді насихаттайтын, жай насихаттап қоймай, ұлттық өнерімізбен айналысып, айналасындағыларға соны тарататындай жағдай туғызатын біздің клубымыз бұл бағытта нақты жұмыстар атқарып келеді. Жастарымыздың ұлттық дәстүрімізді сыйлап, құрметтеп қана қоймай, соны ұстанатын дәрежеге жеткізу үшін әрине, біраз уақыттар қажет болатыны түсінікті. Ең бастысы, осы бағытта құзырлы органдар мен қоғамдық ұйымдар бірлесіп белсенді жұмыстар жүргізуі керек деп санаймын.
– Бүгінде ақпаратты адамдар, әсіресе жастар жағы негізінен интернеттен алады.  Теріс ағымдардың уағызшылары осыны пайдаланып жастарды әлеуметтік желілер арқылы азғыруда. Бұған тосқауыл қою үшін не істеу керек деп санайсыз?
Болат Қасенов: – Қазір интернет адамдар үшін қолжетімді. Смартфондар арқылы, тіпті кішкентай балалар да ғаламторға қосылып, қалаған ақпаратын ала алады. Осыны жақсы түсінген теріс ағымның өкілдері жақтастарын интернет арқылы тартуда. Сириядағы теріс ағым өкілдері түсірген түрлі тақырыптағы фильмдер тіпті, голливудтың киноларын жолда қалдырғандай. Олар ислам діні туралы, ислам халифатын құру жайында тартымды тамаша картиналар түсірген. Ондай киноларда жазықсыз мұсылман балаларын, жастарын қалай өлтіріп немесе қуғынға ұшыратып жатқанын, соның бәрін нанымды, керемет етіп көрсетеді де, соған еліккен жастарымыз теріс ағымның әсеріне шырмалып қалады. Осылай интернет арқылы алданып, Сирияға барып келген екі азаматпен сөйлескен едім. Олардың айтуынша, Сирияда ешқандай да жихад жоқ, ондағы жүріп жатқан азамат соғысы. Барған қазақ жігіттері тіл білмейді, не болып, не қойып жатқанын ұқпайды. Осылайша жат елдің теріс пиғылды саясаткерлерінің мүддесі үшін бастарын қатерге байлаған азаматтар істің мәнін түсінген сәтте қашып кетуге талпынады екен. Әлгі екі жігіт әйел-балаларын тастап, өз бастарын құтқарыпты. Өкінішке орай, ондайлар аз емес.
Осы арада айта кетерлік тағы бір жай, көп адамдар дінді саясатпен шатыстырады. Шындығында, дін дегеніміз бұл Жаратқанмен байланыстыратын жол емес пе. Әр адам дінді тек өзі үшін ұстанады. Осыны түсінбейтін кейбіреулер, әсіресе жастар жағы дінді саясат деп түсінеді. Қалаға ауылдан оқуға келген жас мешітке жұма намазына барамын дейді. Оған рұқсат бермеген оқытушыны немесе оқу орнының басшылығын осы үшін айыптайды. Шындығында, егер сен қалаға оқу үшін келдің екен, онда оқып мамандық алуды басты мақсат етіп қоюың қажет. Ал, діни шартты өзіңнің мүмкіндігіңше ұстан және оны міндет етпе. Осы орайда, жастарымыз рухани білім мен түсінікті тереңдетсе, сонда интернет арқылы жат ағымдардың қармағына түспес еді.
Нұрлан Әбенұлы: – Теріс ағымдардың елімізде таралып кетуіне дін қызметкерлерін, имамдарды кінәлап жататындар бар. Біз шын мәнінде мешітке келген адамдарға уағыз айтып, намаз оқытуға ғана міндеттіміз. Оларға тиым салу немесе басқа шара қолдануға құқымыз жоқ. Сәлафи ағымын ұстанатын азаматтар мешітке келгенде құлақтарына құлаққап киіп алып, біздің уағызымызды емес, өздерінің ұстаздарының сөздерін тыңдап отырады. Өйткені, біздің уағызымызды тыңдаса, райларынан қайтуы мүмкін. Осы себептен, ұстаздары оларға ешкімді тыңдамаңдар деп нұсқау беріп қойған. Сонымен бірге, олар бізбен пікірталасқа да шықпайды. Сол бұрынырақ сәлафилердің бір-екі өкілі Ханафи мәзхабын ұстанушы ұстазбен пікірталасқа шығып, жеңіліп қалған болатын. Осыдан кейін Арабиядағы ұстаздары оларға пікірталасқа түсуге тиым салыпты. Олар бізбен байланысқа мүлдем түспейді.
Мешіт өз тарапынан жастармен жұмысқа жете көңіл бөледі. Мешіттің жанынан жастар бөлімі ашылып, түрлі қоғамдық, мәдени, спорт шараларын өткізіп тұрады. Сонымен қатар, бізді түрлі шараларға шақырса, сондай жерлерде болып, насихат айтамыз. Оған қоса, өз сайтымыз бар. Сонда қажетті ақпараттар жариялап отырамыз.
– Еліміздің тұтастығына, тәуелсіздігімізге, ел тыныштығына қатер төндіріп отырған сәлафи сияқты жат ағымнан жастарымызды қорғау үшін нақты қандай шаралар қажет деп білесіз?
Ғалымтай Төлепберген: – Әр өңірдің, аймақтың өз ерекшеліктері, өзіне тән проблемалары болады. Міне, осы жайларды ескеру қажет. Сонымен бірге, теологтардан, түрлі салалардың мамандарынан, ғалымдардан құралған арнайы жұмыс тобын құрып, мақсатты жұмыстар жүргізген жөн деп санаймын. Әр өңірдің ерекшеліктерін ескеріп, сол өңірге арналған осы бағыттағы арнайы үшжылдық немесе бесжылдық бола ма, бағдарлама жасап, сол бойынша жоспарлы жұмыс жүргізсе, оның нәтижесі болады деп ойлаймын.
Нәзира Рамазанова: – Теріс ағымдардың ықпалына түсіп жатқандардың дені жас-тар екені жасырын емес. Жастарымызды сондай жат ағымдардан қалай қорғаймыз деген сауалға жауапты ең алдымен, сол жастардың өздері беруі қажет сияқты. Биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткелі отырмыз. Осы кезең ішінде еліміз көп игі нәтижелерге қол жеткізді. «Мәңгілік ел» идеялық мұратымыз бар. Жастарға осы жайларды терең түсіндірсек, олардың бойында отансүйгіштік қасиетті орнықтыра алсақ, теріс ағымдарға жастарымыздың қосылмасы анық. Сондай-ақ, жастарымыздың өз пікірлеріне де құлақ асып, пікірлерін айтуына мүмкіндік жасайтын шаралар өткізген жөн деп санаймын. Дәл бүгінгі отырыста жастар жайында әңгіме болып жатыр, ал жастар бұл мәселе туралы не ойлайды? Оны өздері айтқаны жөн болар еді.
Нұрлан Әбенұлы: – Жастармен байланысымыз қазіргі күні ойдағыдай дәрежеде емес. Соңғы жылдарда ғана колледждерге, жоғары оқу орындарына барып, жастармен кездесулерге қатыса бастадық. Бірақ, бір кездесуден кейін ол әрі қарай жалғаспайды. Біздер, дін қызметкерлері жастармен кездесу үшін дін басқармасының немесе ҰҚК органының маманымен бірге баруымыз шарт. Осындай кездесулер жиі және тұрақты болып тұрса, хал-қадерімізше теріс ағымдардың қатерлілігі туралы айтып, дұрыс ақпарат беруге мүмкіндік алар едік. Сонымен бірге, жергілікті ақпарат құралдарымен, әсіресе телеканалмен оншалықты байланысымыз жоқ. Жергілікті телеканалда дін тақырыбында бірде-бір хабар көрсетілмейді. Ал, теледидар деген қуатты ақпарат таратушы емес пе? Бұл мәселені шешуге де құзырлы органдар ықпалын тигізсе жөн болар еді.
Болат Қасенов: – Егер біз ислам дінінің өкілдерін мекемелерге баруына рұқсат етсек, ертең католик, православие немесе басқа дін өкілдері де рұқсат сұрауы мүмкін. Яғни, заң бойынша бәріне тең мүмкіндік берілуі тиіс. Десек те, соған қарамастан, имамдардың оқу орындарында болып, кездесулер өткізулеріне жағдай жасауға мүмкіндік беріліп жатыр. Әрине, бұл жеткіліксіз де болар. Қайткенмен де, сондай мүмкіндіктерді жасауға тырысамыз. Жастарымыздың жат ағымдардың ықпалына түсуінің бір себебі – отбасында дұрыс ұлттық тәрбие берілмеуінен деп ойлаймын. Өзіміз де ауылдан шықтық. Үлкендер «ананы істеме, былай жасама» деп қазақы тәрбиені санамызға сіңірді. Қазір жастар ауылдан қалаға келеді де, бұзылып жатады. Өз еріктері өздеріне тиген соң көрінгеннің соңынан ереді. Осы орайда, ұлттық тәрбиені және идеологияны дұрыс жолға қойған жөн болар еді. Баяғыда өзім тұратын бөлімшеге парторг пен профком аптасына бір рет келіп, жұртты жинап, партияның тапсырмаларына байланысты әңгіме өткізіп тұратын. Осындай идеологиялық жұмыс қазір де қажет секілді.

Дөңгелек үстелді жүргізген
Қалкөз ЖҮСІП.

Суреттерді түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар