Жасынан есінде қалады

Иә, балалардың жастайынан алған әртүрлі әсері олардың өмір бойы естерінде қалуы мүмкін. Табиғатпен де солай. Оның әсемдігі, әр алуандығы бүлдіршіндердің көңіл түкпірінде ұзақ уақыт сақталып қалуы талай рет өмірдің өзімен дәлелденген. Бұған ересек адамдардың естеліктерінен де көз жеткізуге болады.

Жалпы, табиғат бүлдіршіндердің ой-өрісіне және сөз қорының молаюына әрдайым игі әсер етеді. Тек осыны дұрыс ескеріп, баланың дамуына орынды пайдалана білуіміз керек. Адам жас кезінен табиғаттың тылсымын біліп, түсінуге, қоршаған ортаның берерін дұрыс пайдалануға машықтана білгені жөн. Бұл үшін әрине, оған ата-анасы, сондай-ақ, мектеп жасына дейінгі білім мекемелері көмекке келулері тиіс. Әсемдікке көзі үйренген бала одан кейінгі өмірінде де осыған құштар болып жетіледі.
Біздің балабақша балалардың бойында осы бір эстетикалық талғамды тәрбиелеу жолында тынбай жұмыс істеп келеді десек артық емес. Мекемеміздегі табиғат бұрыштары, гүлзарлар балғындардың өсімдіктер әлемін бақылауына, оларды ой елегінен өткізуіне өте ыңғайлы етіп жасалған. Мұнда тәрбиешілер балалармен тиісінше жұмыс істеп, оларды әсемдікке, сұлулыққа, қоршаған ортаны сүйе білуге баулиды.
Балабақшаның өз огороды бар. Кішкентай балықтар жіберілген аквариумдар да тәрбиеленушілеріміз үшін қызыға қарайтын табиғат бұрышы. Кішкентай жеткіншектермен осы бағыттағы жұмыс олардың қоршаған ортаға деген ынтасын арттырады. Табиғатқа дұрыс көзқарас, құмырсқалардың илеуін бұзбау, құстардың ұяларына тиіспеу, ағаштардың жапырақтары мен бұталарын жұлмау сияқты қарапайым ережелер мен талаптар бала бойына жастайынан сіңірілсе, бұл олардың есінде өмір бойы қалып қояды. Сөйтіп, ертең азамат болғанда да мұндай оғаш қылықтарға қолдары бармайды.
Қазіргі уақытта балабақшамызда тәрбиеленушілерді Жаңа жыл мерекесінде шыршаны кеспеуге, оны қорғауға үйретудеміз. Мұндай экологиялық тәрбиені біз ата-аналармен тығыз байланыста бірлесіп жүргіземіз. Әрі оның бала тәрбиесінде өз жемісін бермей қоймайтындығына да сенімдіміз.

Әсемгүл МАЙМАҚОВА,
Көкшетау қаласындағы №4 «Еркемай» балабақшасының педагог-экологы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *