Жаз – жұмыс уақыты

Кеше облыс әкімі Сергей Кулагин Көкшетау қаласының көшелерінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, облыс орталығын одан әрі көркейту үшін жазғы маусымның мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып қалу мәселелерін пысықтады.

  Өңір басшысы Сергей Кулагин алдымен Абылай хан алаңын қалпына келтіру жұмыстарына назар аударды. Қазіргі кезде аталған алаңда, яғни, Абай көшесінің бойында тротуар мен «Көкшетау» қонақ үйінің алдында автотұрақ салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарын мердігер «Көкшетау жолдары» серіктестігі қолға алған.
– Құрылыс жұмыстары үш кезеңнен тұрады. Биылғы жылға бюджеттен 195 миллион теңге қаржы бөлінді. Оның 40 миллион теңгесі сәуір айында игерілді. Құрылыс жұмыстарына барлығы 65-70 адам тартылған, – дейді серіктестіктің бас инженері Руслан Аболенский.
Осы орайда, өңір басшысы аталған көшенің бойын облыстық әкімдіктен бастап, «Алтын ғасыр» сауда үйіне дейін жабуды тапсырды. Өйткені, орталық саябаққа демалуға келген тұрғындар үшін көше бойымен жүйткіп жүретін көлік қатынасы өте қауіпті. Ал, Көкшетау қалалық ауруханасында болған облыс әкімі неврология, жүйке жүйесі және кардиология бөлімшелерін аралап көрді. Сондай-ақ, науқастардың жағдайын біліп, дәрігерлер ұжымымен кездесті.
– Республика бойынша біздің өңірде медициналық саланың дамуы мақтанарлықтай емес. Сондықтан, материалдық-техникалық базаны барынша жақсартуға ұмтылуымыз керек, – деп атап өтті өз сөзінде облыс әкімі.
Сонымен қатар, өңір басшысы Сәтпаев, Жеңіс, Кенесары, Ғабдуллин және Набережная көшелерінде қолға алынған күрделі жөндеу жұмыстарына да назар аударды. Бүгінгі таңда бұл автокөлік жолдарына асфальт төселіп, жаяу жүргіншілер жолы жаңартылуда. Осы орайда, облыс әкімі жөндеу  жұмыстарының сапалы әрі қала келбетіне сай жүргізілуін ескертті. Әсіресе, көшелерді жөндеп қана қоймай, жол бойына ағаш, гүл отырғызу сияқты абаттандыру жұмыстарын да естен шығармауды алға тартты.
Облыс әкімі Сергей Кулагин Көкшетау қаласындағы №4 орта мектепте болып, педагогикалық ұжыммен және жоғары сынып оқушыларымен кездесті. Кездесу барысында облыс басшысы медициналық мамандық бойынша гранттар бөлінетінін атап өтті. Аталған білім ордасында бүгінгі күні 800-ден астам бала тәлім-тәрбие алуда. Білім сапасы да жаман емес. Өткен жылы ҰБТ көрсеткіші бойынша орташа балл  88,6 болды.
Бұдан кейін «Қазақстандық агро инновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және кафедралдық собор салынатын орынды барып көрді. Діни ғимараттың алғашқы қазығы Қылшақты өзенінің бойында, яғни, Достық үйінің маңында қағылады деп жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарын бастамастан бұрын жер телімін анықтап алу қажет етіледі. Ал, жоғарыда аталған серіктестік Көкшетау қаласының солтүстік өндіріс аймағында салынып жатқан «Ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникаларының Қазақстан-Беларусь индустриялды-технологиялық паркі» инвестициялық жобасын 2012 жылы қолға ала бастады. Жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін 2014 жылы Беларусь елінің «Минск трактор зауыты» ашық акционерлік қоғамы және отандық «Қазақстандық агро инновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бірлесуімен «МТЗ-ҚАИК» серіктестігі құрылған болатын.
– Осы аралықта біз 5 миллионға жуық АҚШ долларын жұмсап, 7 түрлі техниканың 500 данасын құрастырып шығардық. Олар негізінен, отандастарымыз тарапынан сұранысқа ие болып отырған коммуналдық және ауыл шаруашылығы техникалары, – дейді серіктестіктің бас директорының орынбасары Шыңғыс Әбішев. Жалпы, өңірде аталған индустриялды-технологиялық парк жобасын жүзеге асыру Ақмола облысы мен Беларусь елінің арасындағы тауар айналымына оң ықпал жасайды деген сенім бар. Ал, облыс орталығындағы жаңа мешіт құрылысына тоқталатын болсақ, сақалды құрылыс әлі аяқталар түрі жоқ. Мешіт ғимаратының ішкі, сыртқы жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, мердігерлердің қаржы жоқ деген сылтауынан діни ғимараттың пайдалануға берілер күні жақындар емес.
Өңір басшысы Сергей Кулагин қала әкіміне мешіт құрылысын аяқтау үшін бөлінетін қаржының әр тиынына дейін есептеп, бақылап отыруды тапсырды.  Сондай-ақ, қала тұрғындары мен бүкіл мұсылман қауымы үшін аса маңызды бұл құрылыс нысанын  салу барысында барлық құрылыс талаптарын сақтап, оның сапасына ерекше көңіл бөлу қажеттігіне назар аударды және мешіт құрылысы облыстық әкімдіктің бақылауында ұсталатындығын тағы бір мәрте ескертті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар