Жазасын өтеп келгендерді қоғам сыртқа теппеуі керек

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаровтың төрағалығымен «Пробация туралы» және «Пробация мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының жобаларын талқылау мәселелері жөніндегі консультативтік кеңестің отырысы болып өтті.

Аталмыш шараға облыс әкімі аппаратының басшысы Жомарт Нұркенов, жекелеген департаменттер мен басқармалардың, пробация қызметінің басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты. Бірінші болып баяндама жасаған облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Серік Бұланов «Ұлт
жоспары» 100 нақты қадамның 33-ші қадамын практикалық жүзеге асыру бо-йынша пробация қызметінің алдына зор міндет қойылып отырғанын айта келіп, кейбір заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістерге тоқталып өтті. Біріншіден, шартты үкім пробациясының қызмет ауқымы кеңейді. Осыған байланысты енді пробациялық бақылау шартты сотталғандарға ғана емес, сонымен қатар бостандығы шектеулі азаматтарға да қатысты жүзеге асырылады. Екіншіден, постпенитенциарлы пробация қызметі енгізілді. Аталмыш қызмет шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған тұлғаларға пробациялық бақылауды белгілейді, сондай-ақ, әкімшілік қадағалау белгіленген тұлғалардың әлеуметтік-құқықтық көмек алуына жәрдемдеседі. Үшіншіден, қылмыстық-атқару инспекциялары пробация қызметі болып қайтадан құрылды.  Жаңа қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес пробация қызметі қоғамнан оқшауламай-ақ қоғамдық жазалаулардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді жүзеге асыратын және оның есебінде тұрған тұлғаларға әлеуметтік-құқықтық көмек алуға ықпал көрсететін қылмыстық-атқару жүйесінің органы болып табылады.
2015 жылы облысымыз бойынша пробациялық бақылауда жүрген 1805 тұлғаға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіліп, 1826 жеке бағдарлама жасалды. Өңірімізде қайта жасалған қылмыстар саны азайып, іздеуде жүрген тұлғалардың санын төмендетуге қол жеткізілді.
Облыс прокурорының көмекшісі Ибрагим Кленов пробация қызметін жетілдіру, оның алдында тұрған міндеттер мен мақсаттар жайлы айта келіп, бүгінгі таңда шешімін табуды қажет ететін мәселелерді де тілге тиек етті. Оның біріншісі оңалту орталықтарының жеткіліксіздігі болса, екіншісі сотталғандарды жұмыспен қамту мәселесі. Бұл бағытта жұмыстар атқарылуда, алайда әлі де мардымсыз. Пробация қызметінде есепке тұратындар саны жыл санап артып келеді. Сондықтан да аудан орталықтарында шағын да болса, оңалту орталықтары ашылса деген тілегін де жеткізді баяндамашы. Ол үшін жергілікті атқару органдары тарапынан да көмек болса, көп нәтижелерге қол жеткізуге болады.
Облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова темір тордың әр жағынан босатылған және шартты жазаға кесілген, әртүрлі құқықтық жауапкершілікке шақырылған тұлғаларды жұмыспен қамту мәселесі жайлы айтып берді. Мұндай тұлғаларға көмек көрсету мақсатында облысымызда қылмыстық-атқару жүйесі мен жұмыспен қамту органдарының арасындағы өзара әрекеттің тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар
жоспары әзірленген. Аталмыш жоспарға сәйкес жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерімен тұрақты түрде еркіндікке шыққан және пробация қызметінде есепте тұрған тұлғаларды жұмыспен қамту саласында мемлекеттік кепілдіктермен қамтамасыз ету мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Жыл басынан бері пробациялық есепте тұрған 121 азамат жұмыспен қамту бөлімдеріне жүгінген. Олардың 78-і жұмысқа орналастырылып, 12 адам төленетін қоғамдық жұмыстарға тартылған. 9 адам кәсіптік оқытуға жіберілген. 531 адам өздері жұмысқа орналасқан. Атбасар, Аршалы, Жарқайың аудандарында тұрғындардың осы санаттарына арналып бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Осындай шаралардың нәтижесінде жеті адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.   
«Луч надежды» қоғамдық қорының директоры Любовь Рубежанская пробация қызметін дамыту мәселелері жөніндегі халықаралық тәжірибе жайындағы ойларымен бөлісті.  
Жанат СӘБИТОВ.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар