Жазасын өтеушілер спорттан бақ сынасты

 Гранитный кентіндегі ЕЦ-166/25 түзету мекемесінде сотталғандар арасындағы жазғы спартакиада бастау алды.

  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеті мен «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанындағы  әлеуметтік кеңес өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Аталған келісім қылмыстық заң бұзушылықтар бойынша жазасын өтеушілерді ортаға бейімдеу мен қоғамға неғұрлым кіріктіруді көздейді. Осыған орай, түзету колонияларда түрлі мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылып тұруға тиіс.
ЕЦ-166/25 мекемесінде өткен шара соның бірі болды.  Спартакиаданың ашылу рәсімінде сотталғандармен кездесуге армрестлингтен әлем чемпионы Илья Ильин  қатысып, оларды қызықтырған сауалдарға жауап берді. Даңқты спортшыдан жазасын өтеушілер ең қымбат жеңісі, осы спорт түрінің негізгі қағидалары жөнінде сұрап білді.  Армрестлингші жүрегі дауалағандармен сайысқа түсіп, қол күрестірген басқа да сотталғандардың ережелерді қатаң сақтауын қадағалады.
Кездесуде сөз алған Көкшетау қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Гүлім Бегалина
болса, оларға тезірек үйлеріне оралуды тіледі. Ол, сондай-ақ, түзету мекемесінен шыққандарға арнайы бос орындар жәрмеңкелерінің ұйымдастырылып тұратынын да жеткізіп, сотталғандардың қоғамнан тыс қалмайтындығын айтты.  Ал, мекеменің тәрбие жұмысы жөніндегі инспекторы Ирина Королюк мұндай тәрбиелік шаралардың алдағы уақытта да жалғасатындығын тілге тиек етті.
Футбол, волейбол, шахмат пен дойбы, тағы да басқа спорт түрлерінен өтіп жатқан аталған спартакиада әлі бірнеше күнге созылатын болады. Спорттық сайыстар нәтижесінде жүлделі орындарға ие болған жеңімпаздар дипломдар, Алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қонақтар сотталғандар арасында қол күресі мен жайдарман ойындарынан жарыстар өткізу жайлы ұсыныс білдірді.  Шара соңы жазасын өтеушілер дайындаған концертке ұласты.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар